Оқушыларға
Аударманың философиялық негіздері
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты Жолаушыбай Әсел
Жетекшісі - ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Жанатаев Д.Ж.
Аударма – гуманитарлық ғылымдардағы таным мүмкіндігінің шарты. «Гректі қоспағанда, барлық еуропалық философиялар бір тілден екінші тілге, бір мәдениеттен екінші мәдениетке аудару процесінде және соған байланысты шығармашылықта пайда болды (философиялық ұғымдар мен категориялар латын, итальян, француз, неміс тілдерінде және басқа тілдерде осылай қалыптасты). Осыған қарамастан, философия әрқашан аударманы арнайы көңіл бөлетін сала деп санамады, өйткені ол ойды қалыптастырудың тілдік құралдары проблемасын әрдайым байқай алмады». Философия мен аударма арасындағы байланыс мәселесінің нақты тұжырымдамасы «шығармашылық» терминін қолдану арқылы және аударманың философия дамуындағы маңызды рөлін анықтау арқылы көрініс табады.
Халықаралық қатынастардың жандануы мен басқа мәдениеттерге деген қызығушылықтың арту дәуірінде аударма мәселелері мәдениетаралық коммуникация құралы болғандықтан өзекті болып табылады. Аудармаға арналған философиялық зерттеулердің көпшілігі аударманы психолингвистика, семиология, мәдениеттану материалдарын зерттейтін философиялық герменевтика (түсіну және түсіндіру теориясы), білім теориясы (рефлексия), коммуникация философиясы және т.б. тұрғызынан негіздейді.
Аударма – бұл тілдік іс-шара. Бұл іс-әрекеттің тар техникалық формасы сияқты емес, адамдардың шығармашылық белсенділігінің көрінісі ретінде түсінуді қажет ететін, олардың жаңа жетістіктер ағындарын қалыптастыру қабілеті мәдениет, логика саласында, жеке адамдар мен қауымдастықтардың, қоғам саласындағы жаңа жетістіктерге негіз бола алады. Аударма, бір жағынан, күнделікті міндеттерді шешудің құралы, мысалы, шетелде дүкенге барып, қажетті азықтүлік сатып алу кезінде қолданылады. Екінші жағынан, аударма – бұл терең шығармашылық ісәрекеті, мәдениеттерді және олардың ерекшелігі, нормалары, логикасы, сол сияқты бүкіл интерпретацияны түсіндірудің маңызды формасы.
Кез-келген тіл Сепир-Уорф теориясына сәйкес болатын әртүрлілікті көбейтеді. Сепир-Уорф гипотезасында тіл – түсіндіру құралы болғандықтан, тілдің құрылымы ойлау құрылымы мен сыртқы дүниені тану тәсілін анықтайды дейді. Бұл гипотеза В.Фон Гумбольдттың философиялық және лингвистикалық теориясынан туындады. Бұдан аударманың бір табиғи тілден екіншісіне дәл сәйкестігі жоқ екендігі шығады. Г.Гадамердің айтуы бойынша, аударма процесі кезінде түпнұсқа тілінде айтылған ой мен басқа тілде қайта жасалған ойдың мағыналары дәл сәйкес келе бермейді, кейде тіпті толықтай сәйкес келмей жатады. Алайда, аударма процесін қиындататын осы кедергіге қарамастан, әр тілдің керемет қасиеті бар – ол барлық басқа тілдерді және «барлық басқа белгілерді аударуға болатын семиотикаға (белгілер жүйесі) айналу».
Осы орайда ХХ ғасырдың соңындағы беделді философтардың бірі Т.Кунның тұжырымдамасын сөз етуге болады. Т.Кунның айтуы бойынша, «Түрлі теорияны жақтаушылар әр түрлі мәдени және лингвистикалық қоғамдастық мүшелеріне ұқсас болуы мүмкін. Осы параллелизмді мойындай отырып, біз белгілі бір мағынада екі топ та дұрыс деген қорытындыға келеміз. Мәдениет пен оның дамуына қатысты бұл ұстаным релятивистік болып табылады».
Шет тіліндегі мәтіннің аудармасы сөзсіз шетелдік мәдениетпен танысумен және онымен келіспеушілікпен қатар жүреді. Осы келіспеушілік барысында адам өзінің мәдениетін, өзінің дүниетанымын, өмірге және басқа адамдарға көзқарасын көбірек біле бастайды. Бұл тұлғаны дамыту тұжырымдамаларының біріне айналады. Келіспеушілік – қарама-қайшылықтың бір түрі, ал қарама-қайшылықтың шешілуі дамудың негізгі көзі болып табылады. Аударма әрдайым әртүрлі мәдениеттердің арасындағы көпірге айналады, демек, мәдениеттердің жан-жақтығы мен аспектілерінің көбейіп кетуінде интерпретацияның белгілі бір мүмкіндігін тудырады, бұл, сайып келгенде, қарым-қатынас саласында туындайтын түсіндіру, яғни мәдени тілдер арасындағы қарым-қатынас – бұл әлеуметтік проблема ретінде, мұнда тілдердің қалыптасуының негізі, мәдени және т.б жаңалықтар қалыптасады, мұнда тілдің дамуынан бөлінбейтін мәдениет іс жүзінде жаңарады. Тілдер саласындағы аударма қызметі – жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының бір түрі, өйткені барған сайын күрделене түскен қоғам жағдайында бір тілден екінші тілге аударма жасау арқылы, адам интеллект және тәрбие жағынан дамиды.
Аударма дегеніміз – бұл тек ойды бір тілден екіншісіне ауыстыру ғана емес, сонымен қатар интеллекттің дамуы, өйткені жаңа тілді меңгеру арқылы, жаңа мәдениетті игеріледі, басқа мәдениетті игеру арқылы, әр түрлі мәдениеттер арқылы даму процесі жүзеге асады. Бұл екі жақты процесс, біріншіден, жеке өзгеріске, екіншіден, жеке өзгеріс арқылы жалпылама өзгеріске әкеледі. Адамның мәдени әлеуеті артады, бұл сайып келгенде жеке тұлғаның және тұтас қоғамның дамуына жаңа бағыт береді.