Оқушыларға
Қазақ халқының философиялық ойлары
Қазақ халқының философиялық ойлары, санадағы таным-түсінік қазақтардың көшпелі дәуірінен бастау алған. Қазақ халқының философиясы тікелей табиғатпен үндеседі. Кең жазық дала, еркіндік санадағы түсініктің кең болуына әсер етті. Қазақ философиясы өзінің қалыптасу барысында төрт кезеңнен өтті: Қазақ халқының хандық дәуірге дейінгі кезеңі; Жыраулар шығармашылығы хандық дәуір философиясы; Зар заман кезеңі; Ағартушылық кезең.
Философиялық ойлардың тууы аңыз-әңгіме дүниетанымының танылуына алып келді. Ауыздан ауызға тараған түрлі аңыздар қазіргі күнге дейін сақталған. Ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жетіп отырған ұлт санасындағы ойлардың басым көпшілігі осы заманға дейін жеткен. Қазақ халқының философиялық ойлары тұрмыс-тіршіліктегі құндылықпен үйлесім табады. Яғни, адамдардың өзара қарым-қатынасы, өмір сүру мәдениеті, қоғам мен адам арасындағы байланыс сынды маңызды түсініктің қалыптасуына әсер етті.
Дегенмен заманның ағымына қарай философиялық ойлар өзгеріске ұшырайды. Тіпті кейбірі бұрыс деп танылып, жаңа түсініктің қалыптасуына алып келеді. Ұрпақтар алмасуы кезінде өшіп кеткен, өсіп кеткен де түсініктер бар. Мысалы, Абай Құнанбайұлы кейбір мақал-мәтелдердегі пәлсапалық ойды бұрыс деп санайды. Абайдың философиялық ойлар жиынтығы 45 қара сөзінің бес және алтыншы қара сөзін талдап көрелік. Қазақтар «Құдай, жас баладай қайғысыз қыла көр» деп айтады дейді Абай Құнанбайұлы. Өзі жас баладан гөрі есті кісі болып, қайғылы кісі болғансығаны. «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал - адамның бауыр еті» деген мақалдары арқылы қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен деп сынға алады. Бұл жердегі философия адамның не үшін өмір сүру керегін тануын көрсетеді. Мал жинау үшін өмір есті адамның атқарар қызметі емес дейді. Бұл түсінік технология заманы болған біздің ғасырға аса қажет ой.
Қазақ халқының терең мағына беретін наным – сенімі, философиялық ойы жеткілікті. Қазіргі уақытта сақталмағаны үшін сынға ұшыраған ойға тоқталсақ. Ұлы Отан соғысы кезін суреттеген Тахауи Ахтановтың соңғы шығармасы «Шырағың сөнбесін» дүйім жұрттың жүрек төрінен орын алған туынды. Соғыстың зұлматы, қасірет майданымен осындай дүниетаным ұштастыра біледі. Бұл сөздің философиясы – қандай қайғы келсе де көзіңнің нұры болар ұрпағың, яғни шырағың сөнбесін дейді. Сонымен қатар қайтыс болған адамның жетісі немесе қырқы өткенге дейін шырақ жағылатын. Одан кейін бұл шырақ өшеді. Шырақты, отты өшіруге дәл осындай философиялық мән берген. Қазіргі кезде өзге мемлекеттерге еліктеу не болмаса қайталау арқылы мерейтойда шырақ өшіру әдетке айналып кетті. Тіпті мән – мағынасына үңілмейтін болды. Бұл ісімізді сынға алып жатқандар көп. Егемен Қазақстан газетінде бұл туралы «Қалалы жерде баласының туған күнінде торттың үстіне шырағдан жағып әкеліп, оны балаға өшірткізеді. «Отың өшпесін», «Шырағың сөнбесін» дейтін қазақ халқы үшін бұл жаман ырым. Бірақ, оны ойлап жатқан ата-ана жоқ. Себебі, қазақтың салт-дәстүрін қалада өскен ата-ананың өзі де білмейді» деп қынжылады. Яғни, қазақ халқының аса маңызды философиялық мәнге ие әрекетінің бүгінгі күні орындалмай жатқанын көреміз.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, философиялық түсінікпен қараған. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі кезде қолданыстан шығып бара жатқан наным – сенімді айтуға болады. Мысалы,
«Құран сөзін қайтала, білмесе жұрт айта ма?
Әлі бала жатпаған, бос бесікті шайқама.
Ғибрат сөз ұққанға, үйге кіріп, шыққанда.
Өліп-өшіп таңданып, нәрестеге сұқтанба» деу арқылы баланы жаман дүниелерден қорғауды назарға алған. Бала дүние есігін ашпас бұрын ол туралы мағлұматтар өзге адамдарға айтылмайтын. Қазір бала ананың құрсағында болғанда оның ұл не қыз екенін дүйім жұртпен бірге анықтайды. Баласы бұл фәни дүниеге келгеннен кейін ол баланың қалауынсыз ғаламтор арқылы елге танытады. Тіпті ол баланың таңдау құқығы ескерілмей, жеке парақша ашылып, кәсіп үшін қолданысқа еніп кетті. Жоғарыда келтірілген «өліп-өшіп таңданып, нәрестеге сұқтанба» сөзі 21 ғасырда мүлдем ескерілмейді деуге болады. Қазақтар «көз тиеді» деп әсіресе бүлдіршіндер үшін алаңдаған. Көпшілікке көрсетпеу, елдің назарын аударатындай әрекеттер жасамауды көздейтін. Балалардың бүгінде ерте жастан әлеуметтік желіде бой көрсете бастауы «көз тиеді, сөз тиеді» дейтін философиялық түсінікті шетке ысырып тастағандай көрінеді.
Жаман ырым етеді, ырым – қырым кетеді. Қазақ халқы салт – дәстүрге ерекше көңіл бөліп, тәрбие құралы ретінде қолданады. Уақыттың еншісімен өзінің құндылығын я болмаса маңызын жойып жіберетін түсініктер болады. Бұл қай заманда да болған, әлі де жалғасын табады. Дей тұрғанмен, заман өтсе де өз қажеттілігін, артықшылығын жоймайтын, отбасы, қоғам, қарым – қатынас институты үшін қажет құндылықтар баршылық. Олардың жаңғырып, заман талабына сай етіп көрініс табуы тікелей бізге байланысты. Қазақ халқының философиялық ойлары ерлік, бостандық, қарапайым түсініктермен ұштасқан. Қазақ халқының философиясы табиғаттағы адамның рөлін көрсететін секілді. Өзінің даралығымен, табиғаттын өзге жаратылыс иелерінен артық тұратынын дәлелдейді.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті магистранты Әбдірахман Нұрай Аюбқызы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Жанатаев Данат