19 Сәуір, Жұма

Оқушыларға

Абай - шын мағынасындағы мұсылман






Абай туралы осы уақытқа дейін аз жазылмады, аз айтылмады. Уақытында сынап та, мінеп те сөйлегендер болды. Абай философиясымен, дидактикасымен терең таныс болған көзі ашық қай қазақ болсын жаңылысып сөйлемесе керек-ті. Қазақтың Абайы туралы көсіліп сөйлей білгендердің бірегейі-Мұхтар Ауезов болды. Ол айтқан басшылықпен талай жас Абай тереңіне сүңгуге талпынды. Абай деген - терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек. Ал мен оның бетінде ғана қалқыдым - дейді Абай туралы баға жетпей роман жазып, оны әлемге әйгілі еткен жазушы Мұхтар Әуезов.

Барлығымыз қазақтың Абайы деп мақтанып жүрген Абайдың мұсылманшылығы туралы не білеміз? Бізге жеткен жырларынан бөлек көз көргендерің естеліктері бар ма? Міне осы сұрақ мені өзіне тартты да тұрды. Қазақта әлмисақтан мұсылманбыз деген тіркес бар. Ол сөз өз күшінде болғанымен Абай таныған хақ дін, Абай таныған мұсылманшылық ерек болса керек-ті. Осыған сәйкес ақпарларды іздеу барысында мына естелікке көзім түсті.

Абайдың жолдасы, шәкірті Көкбай ақын: «Ұдайы жолдас болған уақытымда көп байқаған нәрсем бар: орыс болсын, қазақ болсын, жақсы, жаман болсын, әрқашан мінезінде бояма болмай, шынымен келген кісіні жақтырушы еді. Абай шын мағынасындағы мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, Қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен қарап, діннің негізін, мақсат - бағытын ғана алып, соны ақиқат діні етіп қолданған. Абайдың діні мұсылмандықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл діні еді. Онан соң, жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін», – дейді өз естелігінде. Абай толық адам конценциясын қалыптастыру тұрғысында хақ дінді алға тартты. Абай өміріндегі хақ діннің алған орнының қандай жолдасы Көкбайдың осы естелігі дәлел.

Тағы бір зерттеу көздерінде Семей қаласына өзге дінді жаюшы миссионер келіп, Абай ауылынан молда-имамдарме сөйлесемін дегенде қалың ел қолдап Абайды жібергені де тектен тек емес еді. Өз діндерін асыл еткісі келгендер Абаймен сөйлесе келе оған тісі батпайтындарын аңғарып Қойыңдар бұл адам біздің шамамыз келетін кісі емес екен - деп жанындағы нөперлерін тоқтатқан деседі.

Сол кездесуде Абай мен миссионер Сергей дін жайын жан - жақты әңгіме етіпті. Сонда Сергей: «Мұсылман дінінше Құдай – күш иесі, қорқытушы, сондықтан Құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты» дегенінде, Абай оған: «Біздің Құдай Рахман, Рахим. Қуат иесі ғана емес, рахым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Махаббаты бар қуат, әке мен баланың арасы сияқты әкеше сүюші Ие», - деген көрінеді. Абай болса Сергейге христиандардың « үш жүзді кұдай» деген ұғымына қарсы дау айтып: «Бірлігіне үш жүзді болу сыя ма , сол үш сипат бір жүзінде болса , құдайлығына көп бола ма? » – десе керек . Сергейдің қасында Семейдің көп поптары болыпты . Олар мұсылман дініндегі ұсақ мәселелер бойынша Абаймен дауласпақ болғанда, миссионар Сергей оларды жоғары айтқан сол бір ауыз сөзбен тоқтатқан деседі.

Тұрсын Жұртбай Абай туралы Абай - қазақтың өкпе бауыры ғой. Ренжісең - өкпе, жақсы көрсең - бауыр деген екен. Бұл сөзге үстеме сөз қосуда артық шығар. Толық адам болуды өсиет еткен ұлы, кемеңгер Абайдың айтқанын алдымен қазіргі қоғамдағы әр тұлға бойына сіңіріп, кейін жас ұрпаққа жеткізсе қазақтан асқан толық адам болмаса керек.

Данат Жанатаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Назерке Бауыржанова

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты