25 Сәуір, Бейсенбі

Оқушыларға

Дастан ата






Жамбыл Жабайұлы – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау. Жыршы, абыз-жырау атамыздың 175 жылдығы биыл атап өтілуде. Жамбыл — ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Оқығанынан тоқығаны көп, тәжірибесі мол, ақылды қарт, дастан ата, ақын Жамбыл көпті білетін. Ол өлеңді көп айтты. Оның тамаша сөздеріне еліккен жұрт ақынмен бірге шаттанып, бірге қуанысып отыратын болған.

Жамбыл ең алдымен – жүз жасаған абыз, батагөй ақсақал. Ғасыр жасаған шайырдың 85 жылы таза ақындықпен өтті. Сөйлесе – көнеден келе жатқан асылдарды ақтарды, жырласа – аузынан інжу-маржан, жауһар төгілді. Оның өршіл рухтағы өлеңдері заманмен үндесіп, атағын айдай әлемге жайды.

Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай ...» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды.

Жалпы, ақынның шығармалары дүние жүзінде қырықтан астам тілге аударылған. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды.

Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 жылдық 170 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Осы жылы Жамбыл атамыздың 175 жылдығын атап өтпек. Бұл Жамбыл атамыздың ең танымал, ең әйгілі ақын екенін білдіреді. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Жамбыл 1945 жылғы мауысым айының 22-інде Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті. 1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өтті. Мерейтойына қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты.

Қазіргі заманда Жамбыл дегенде танымайтын адам жоқ шығар. Тараз қаласының Жамбыл ауданында ең үздік Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы бар. Өзім сол үздік мектепте білім алғанмын. Менің ойымша Жамбыл атамыздың аты қойылған жердің барлығы өте жоғары деңгейде болуы керек.

Неміс-фашист басқыншыларымен соғыстағы жеңіске Жамбыл Жабаевтың да қосқан үлесін қазақ халқы да, ресейліктер де жадынан шығармайды. Ұлы Отан соғысының тақырыбына соғыстың төрт жылында 3000 жолдан артық жыр шығарды. Мысалға «Ленинградтық өренім» деген жырын алайық. Бұл жырды Жамбыл Лениградтың халі аса бір ауыр шақта, ленин қаласы жаудың қоршауында қалған кезде шығарды. Бұл жыр орыс тіліне аударылып газеттерде жариянды. Халықтың рухын көтеруде ерекше рөл атқарған бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат боп ілінді. Көздерінен жастары сорғалаған талай адамдар сол плакатты үймелесіп оқып тұрды.

Рас, Жамбыл Жабаевтың 100 жылдық ғұмырының соңғы 28 жылы Кеңестер одағы тұсында өтті. Бұл ақынның қасиетіне де, қасіретіне де айналды. Жамбыл өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Біз Жамбыл атамызды жадымызда өмір-бақи сақтаймыз. Ғалымдардың ғалымы әл-Фараби, қазақ жазба әдебиетінің ардагері Абай, ауыз әдебиетіміздің алыбы Жамбыл... Бәрі-бәрі осы жердің, осы елдің бел баласы. Біз, олардың бүгінгі ұрпағы, соларды мақтан ете отырып, өткеніміз бен қазіргімізді, қазіргіміз бен келешегімізді салыстырғанда төбеміз көкке екі-ақ елі жетпейді.

Қуантай Өмірбек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің студенті

Ғылыми жетекшісі: Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы