25 Сәуір, Бейсенбі

Оқушыларға

Алаштың ардақты ұлы ‐ Әлімхан Ермековтың 130 жылдығы






Тәуелсіз Қазақстан өзінің біртұас алып территориясымен ерекшеленіп тұрады. 1991 жылы сол територияда, ежелгі Қазақ хандығының территориясында, мирасқор ретінде Қазақстан республикасы құрылды. Бұл территория бізге кейбір Ресейлік госдуманың шовинист депутатары айтқандай «Ресейдің сыйлығы» емес, бәлкім осы территория үшін көзсіз еңбек етіп, сөзсіз ерлік көрсеткен Алаш зиялыларының аяулы аманаты!

Қазақ халқының мүддесі үшін күрескен сондай зиялы қауымның бір де бірегейі – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков. Қазақ тәуелсіздігін алудан тура бір ғасыр бұрын қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Бөріктас елдімекенінде дүниеге келген Әлімхан жастайынан білімге құштар болып, 1905 жылы Семейдегі гимназияға, 1912 жылы Томскідегі технология институтына түседі. Білім ала жүріп, жас Әлімхан сол кездегі қазақтың басына төнген аласапыранда арпалысып жатқан Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды қайраткерлердің ісін бар ықыласымен қолдайды. Содан болса керек, 1917 жылғы шілдедегі бірінші қазақ съезіне шақырту алып, Алаш партиясының депутаты атанады. Осылайша Әлімханның қазақ мүддесі үшін ұлы еңбек жолы басталды. Әлімхан Ермековтың бағындырған үлкен асуы – ғылым саласы. Ол қазақтан шыққан тұңғыш математика ғылымының докторы, геология саласында да біршама жетістіктері бар. Тіпті әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың да геология ғылымына келуіне себепші болып, Томскідегі институтқа түсірген де осы кісі екен. Томскіде оқып жүргенде әйгілі фольклоршы ғалым Потанинмен дос болып, оның қазақ даласының ауыз әдебиет үлгілерін хатқа түсіруіне зор көмек көрсетіп жылы лебізін алыпты. Ол туралы Әлімханның досы болған біртуар тұлға Сұлтанмахмұт-

Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен,

Келеді екінші болып бұл ретпенен.

Қазақта мұндай жігіт көрмедім, - деп,

Ардақты қарт Потанин лепес еткен.

Томдағы инженерлік сабағында,

Жетеді біл жылдан соң тамамына.

Өткізбекші өмірін ілім үстінде,

Бір түрлі биіктік бар талабында.- деп «Таныстыру» өлеңінде жазады.

Сонымен не керек, Әлімханмен жақсы танысып болсақ, оның тарихи маңызы бар ұлы ісіне көшсек...

Жиырмасыншы жылдары Кеңес одағы құрылып жатқан кезде Алаш қайраткерлері тағы да атқа қонған болатын. Басты мақсаты жаңа құрылған үкіметтен қазаққа мемлекеттілікті алып беріп, ұлан-ғайыр територияны сақтап қалу. Бұл іс сол уақытта қиынның қиыны болып тұрды. 1920 жылы 17 тамызда Ленин төрағалаық еткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары мәжілісінде бір жас қазақ жігіті қазақ автономиясының біртұтас териториясы үшін ұзақ баяндама жасады. Нақты тарихи фактілерді келтіре отырып, шовинистік пиғылды большевиктермен айтысып, ақыр соңында Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ автономиясының яғни қазіргі Қазақстан Республикасының территориясын белгіледі. Соның арқасында Омбыға қараған Семей облысы, Петропавл, Астраханьға қараған Атырау облысы, Орынборға қарайтын Орал мен Торғай өлкелерінің біршама бөлігі қазақ жері деп танылып, автономия құрамына қайтарылды. Бұл ұлы жеңіс болатын!

Әлімханның бұл табандылығына ағасы Әлихан Бөкейханұлы қатты тәнті болып «біздің Әлімханмен сөйлесуге жараған большевиктердің басшысы Ленинің де осал адам болмады ғой» - деп ізбасарына орынды баға беріпті.

Кеңес үкіметінің 1929 жылғы ұжымдастыру-тәркілеу саясатын қолдамаған Алаш қайраткерлерімен қоса Әлімхан Ермеков те абақтыға жабылды . Дегенмен Алаш аманатын ұрпаққа жеткізу үшін Әуезов, Ермеков сынды жас қайраткерлер абақтыдан бостандыққа шыққан болатын. Ол бостандық та көпке созылмады. 1938 жылғы репрессия кезінде «жапон тыңшысы» деген жаламен қайта ұсталып, 20 жылға жуық өмірін адам төзгісіз азаппен айдауда өткізді.

Ал 1958 жылы босап шыққан Ермеков өмірінің соңғы бөлігін Қарағандыдағы мемлекеттік институтта сабақ берумен өткізіп, Алашорданың соңғы тұяғы ретінде 1970 жылы қаза тапты.

Тірі кезінде ұлықталмаған ұлы тұлғамызды қазіргі уақытта ұлт болып ұлағаттау – біртұтас территориялы тәуелсіз Қазақстан жастарының басты міндеті !!!

Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті

Жетекшісі- Тарих, этнология және археология факультетінің профессоры Қозыбақова Фатима Ақынбайқызы

Мақаланы жазған – Филология және әлем тілдері факультеті, Қазақ филологиясы мамандығының студенті Дінмұхаммед Ділдәбек Сәрсенбайұлы

(деректер уикипедия сайтынынан алынды)