29 Наурыз, Жұма

Оқушыларға

Дина Нұрпейісоваға 160 жыл!






Күй сарқыт алыпты елге қорған болған,

Ата-баба өнерін Алып қылған!

Аңыз ана,күй ана алтын пырақ

Қос ішекте мың ғасырды тоғыстырған!

Бойымызды жылытатында,жадырататында қасиетті қара домбырамыз емеспе шіркін?! Көктемнен көңіл қалса да,күйден көңіл қалмауы шексіз!Осы бір киелі домбырамыздан құлақ құрышын қандырар қанша үн шықты.Қаншама күйші,жыршыларымыз сол үнмен асқақтата қазақты әлемге танытты!Сол бір күй аңызының нәзік жандысы Күй анасы-Дина Нұрпейісоваға мінекей 160 жыл толып отырған жайы бар.Дина апамыздың күйлері адам бойындағы бар ізгілікке ұштасқан еді.

Дина Кенжеқызы Нұрпейісова- 1861 ж. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында туған. Қазақ халқының күйші-композиторы, қазақ мәдениетініңкөрнекті қайраткері. Малшылықты кәсіп еткен әкесі домбыраның құлағында ойнаған болса, анасы Жәниха және екі үлкен әпкелері әнді тамылжыта айтатын шебер әншілер болған деседі.Динаның кішкентайынан бойындағы дарындылығы ерекше көзге түскен.Оның өнерлі отбасынан шыққаны да дәлел бола алады.Дина анамыз-Төлеңгіт руынан шыққан.Ол жастайында Дәулеткерей,Мүсірәлі,Әлікей атты күйшілердің көзіне ілігіп «Домбырашы қыз»болып танылған.Солай келе оның бұл атын есітіп әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген.Содан кейін Құрманғазы Динаны талай додалардың арасына түсіріп,оның осы бір күйшілік қабілетін дамыта түседі.Әрине бар ойы Динаның-болашағының жарқын болуында еді.Дина 19 жасына дейін,яғни тұрмысқа шыққанынша Құрманғызының баулуында болып,оның шәкірті болады.

Сонымен Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады.

Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында. Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған.

Динаның күйлері де отбасылы болған соң ғана көрініс тауып,жандана түскен. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа» ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынан арналған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі, балдай тәтті, бауыр етіндей жақын баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйі, міне, бұлар Динаның өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын біртуар күйлер. Бұл күйлері арқылы Дина қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктетумен бірге, өзі де ұлы күйшілермен терезесін теңестірді.Осылайша оның күйлері даналықтың бастауы еді. Ол 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ұлттық аспапта орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленді. 2000 қатысушы арасынан таңдалып алынған 9 үздік өнерпаздың бірі болды. Ұлы Отан соғысы басталған тұста ол майдандағы ұлын зарыға күткен сағынышын «Ана бұйрығы» атты шығармасына арқау етті.

1944 жылы 83 жастағы Дина Ташкентте өткен Орта Азия республикалары музыкасының 3-ші онкүндігінде өнер көрсетті. Сол жылы ол (Қазақ ССР-інің халық әртісі» атағын иемденді. Ал, 1945 жылы соғыстың аяқталуына орай «Жеңіс» күйін жарыққа шығарды.

Соғыстан кейін Дина соғыста көз жұмған ұлы Жұрынбайдан қалған Ақжан, Балжан және Гүлжан атты немере қыздарын өз қамқорлығына алды. Соңғы концерт Дина Нұрпейісова халық алдына соңғы рет 1952 жылы 91 жасында шықты. 1955 жылдың 31 қаңтарында ұлы күйші дүние салды. Оның жасы сол кезде 94-те болатын. Дина Кенжеқызы Алматы қаласының орталық зиратында жерленген.

Міне содан бері қаншама жылдар өткені халыққа аян.Динаның 160 жылдығына орай онлайн-концерт өткізілді.Оған арнап биік мұнара орнатылды.Аңыз анамыздың артынан қаншама нәзік жандыларымыз додаға түсіп,күйшілік өнерлерін қазірде сынап жалғастырып келе жатыр.Қазіргі таңда Динаға арнап кітап көрмесі жарық көрген.

Тәуелсіз мемлекетіміз қазір бұрынғыдай емес,дамыған заман мәдениеті мен өнерінде шегі жоқ дара елге айналды.Бұрынғы күйшілеріміздің қоғамдық көзқарастары,айналадағы түрлі жағдайларға соның ішінде әйел теңсіздігіне де баса назар аударған.Дина анамызда осыны айтып кеткен.Қазір оның ізін басып қазақтың өнерлі қыздары ізін басуда.Ақын болғанымен әрине Айнұр Тұрсынбаева,Сара Тоқтамысова және де нағыз күйшілік өнер жұлдызы Айгүл Үлкенбаева,Анар Мұздаханова сынды апа-әпкелеріміз жетерлік.Міне олардың өнерлері Дина апамыздың ізін жалғастырған нағыз алтын із десекте жаңылмасымыз хақ!

Ойымды түйіндей келе Күйшілік ол адам жанының алтын бастауы екенін айтқым келеді.Күйдің,жырдың қазақ рухын көтеруіде қаншама тарих десеңші!Күй анамыз Динаның 160 жылдығында біраз естеліктермен бөлістік деп білемін.Өзім күйші болмасамда,келешекте оны да үйрену ойымда бар.Ол да қыз балаға артық етпейді деп есептеймін.Сонымен Аңыз ана Динаның ізін жалғастырар арулар көп болғай!

Жетекшісі: Қозыбақова Ф.А.Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих және археология,этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Дайындаған:Бадау Сабина Асылбекқызы,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.