16 Сәуір, Сейсенбі

Оқушыларға

Ашаршылық алапаты






КІРІСПЕ
Бүгінгі таңда әлемдік аренадағы өзіндік орнын ойып тұрып алуды, жер бетінде «мәңгілік ел» болуды мақсат еткен қазақ деген ұлттың осы бір сара жолға түсу жолында адам айтса нанғысыз ауыр өткелдерден өткені- тарих беттеріндегі ащы шындық. Кең байтақ даланың ашық аспаны астында өмір сүріп жатқан бейбітсүйгіш еліміз бір кездері сұрқия саясаттың салдарынан жойылып кетудің аз- ақ алдында қалған еді.
1925 жылғы қыркүйекте Қазақстанды басқаруға келген БК(б)П Орталық Комитетінің эмиссары Филипп Голощекин тоталитарлық ойлау жүйесінің қазақстандық «ұлы құрылысшысы», яғни сол кезгі қайраткерлердің өздері атап айтқандай, диктаторға айналып, ұлттық мүддені көздейтін шешімдерді қилы большевиктік айла-амал қолдану арқылы жоққа шығарумен шұғылданды. 1927 жылғы БК(б)П XV съезі шешімі бойынша елдің ауыл шаруашылығы 1932 жылдың көктеміне дейін жеке қожалықтардан ұжымдық шаруашылықтарға айналып үлгеруге тиіс еді. Партия алға қойған осы міндетті орындау үшін, 1928 жылғы 27 тамызда Қазатком жартылай феодалдарды тәркілеу туралы арнайы декрет шығарды. 1928 жылғы 13 қыркүйекте тәркілеуге қарсылық көрсеткендерді қылмыстық жауаптылыққа тарту және байларды жер аудару туралы қаулы қабылдады. Тәркілеу соңынан «Алаш ісі» атанған саяси репрессиялар басталып, «кеңес өкіметінің қас-дұшпандары» деп танылған алаштықтарды түрмеге жапты. 1930 жылғы 19 ақпанда ауыл шаруашылығын социалистік тұрғыда қайта құру ісін нығайтуды және кулактар мен байларға қарсы ымырасыз күресуді көздейтін қаулы қабылданды. Алашпен «ашық айқас» дәл осы қатігез әрі қисынсыз қаулыларды қабылдау қадамдарынан бастау алды. Себебі, халықты тізе бүктірудің орайлы сәті, көшпенділердің ең бір осал тұсы- мал шаруашылығы екендігін КСРО үкіметі сөзсіз ұққан еді. Бұл солақай саясаттың нәтижесі қазақты қынадай қырған 1931- 1933 жылдардағы ашаршылыққа әкеліп соқты.

Қасіретті жылдардың ауыр көрінісі талай ғалымның еңбектерінде баяндалып, жазушылардың шығармасында пайымдалып, суретшілердің туындысында бейнеленді де. Сол зұлматта жан сақтап қалған адамдар аштықтың барысын үлкен қайғымен еске алып, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Солардың бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов анасы туралы естелігінде: «...Ашаршылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өлетін болған соң түс кезінде Кемербаcтаудағы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыңнан жетелеп, қызымды бауырыма алып, аштықтан бұралып, әрең жүріп келемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып, қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп, айбат шеге айғайласам да қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып, сені арқалап сытылып шықтым. Сол-ақ екен, топ қасқыр қызға қарай бас салды. Шар еткен нәрестенің даусын естідім... Тура осылай болғандығын шешемнің аузынан естігем. Біз атадан 17 едік. Кейін ашаршылық басталып, бірі cоғыста өліп, бірі «халық жауы» боп айдалып, ақырында үшеу-ақ қалдық. Егер соның он жетісі де тірі болғанда бүгін санымыздың қанша болатынын Құдай білсін. Кейін бала боп үйдің бетін көрмей, ұзап кеткенімде анам қатты қиналса керек. Бір сөзінде «сол кезде қасқырға қызымды тастағанша, сені бермеппін...» дегені бар» деп баяндаған. Ананың алпыс екі тамырын идіріп туған баласын жемтік еткен, әкенің өз баласынан безіп, бірінің етін бірін жеуге дейін барған фактілерге сенудің өзі қорқынышты.
Ал академик, заңгер ғалым Салық Зимановтың «Азаттық» радиосына берген аштық жылдары туралы айтқан пікірінде: «Аштан қырылғандарды арбамен тасып, қазылған шұңқырларға апарып тастап жататын. Олардың арасында тірілер де бар болатын. Әлі құрып, орнынан тұра алмай қалғандарды да өлілермен бірге шұңқырға тоғытатын. Үлкендер жұмыстан қайтып келісімен, әлгі шұңқырға барып, ашық-шашық шыбын үймелеп жатқан өліктердің бетін жауып қайтатын. Кемпір, шалдар әр жерде қалатын. Ол кезде негізінен 35-40 жастағылар қырылып жататын. Тіпті, Атырауға Арқадан бала әкеліп сатып жатыр екен деп те еститінбіз. Қаладағы біреулер астыққа айырбастап алатын болуы керек. Базарда тышқанның, иттің етін сатқандар да болды. Жергілікті қазақтар өздері әрең күн көріп отырса да, аштарды қолдан келгенше паналатуға тырысаты»- деп ашаршылық жылдарындағы жантүршігерлік бейнені көз алдымызға әкеледі. Осы сипатта жалғасқан аштықтан ұзақ уақыт бойы қазақ даласы қан сасып жатты.

«Ашаршылықты тоқтату үшін КСРО басшылығы тарапынан қандай іс- шаралар қабылданды?» деген заңды сауал туындары анық. Кеңестік билік Қазақстанда аштық болып жатқанын білді. 1932 жылы 17 қыркүйекте Мәскеуде Сталиннің қатысуымен Большевиктер партиясы Саяси бюросының мәжілісі өтіп, «Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жөнінде» деген қаулы қабылданады. Қаулының көлемі бір жарым-ақ бет, ішінде ашаршылық туралы бір де бір сөз жоқ. Тек азық-түлік тапшылығы болып жатқаны ғана айтылады. Осы Қаулының өзін орындау жарты жылдан соң ғана басталды. 1932 жыл – ашаршылықтың ең шегіне жеткен жылы, адам етін жеу фактілері болды. Бұл жөнінде жоғары жаққа түскен арыздардың бәрінде жазылған. Бірақ қаулыда айтылмайды. Кеңес Одағының ең жоғары органы – Саяси бюро мәжілісінде бұндай мәселені қарап, қаулы қабылдау үшін белгілі бір құжаттық негіз болуы керек. Бірақ, қаулы қабылдауға негіз болған материалдар арнайы құпия сақтауға жіберілсін деген нұсқау болған екен. Саяси бюроның өзі құпия мекеме, сонда құпиядан құпия жасалып отыр. Сол себепті Мәскеу архивтерінен мұндай құжатты табу мүмкін емес.

Ашаршылықтың салдарынан ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып, мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болса, 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар- жоғы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.
«Бәрінен ең көп қырылған республиканың шығысының қазақтары болды.Бұл аймақтың халқы көрші елдерге Ресей мен Қытайға жаппай ауып көше бастады. Солтүстік Қазақстан аймағы қазақтардың жартысының көбінен - 410,1 мыңнан айрылды. Батыс Қазақстан 394,7 мың, Оңтүстік - 632,7мың қазақтан айрылды. Аздау өлім Орталық Қазақстанда - 22,5 мың орын алды. Тек қана 1931 жылда 1 млн. 30 мың адап көшіп кетті, оның 616 мыңы қайтқан жоқ. Жүздеген мың қазақ Қытай жағына қашты. Олардың көп көшкендігі сонша Қытайда 1954 жылы Іле-Қазақ автономиялық округі құрылып, орталығы болып Құлжа қаласы белгіленді»- деп, Тарихшы А.Н.Алексеенко ашаршылық қарсаңында тарихи Отанын тастап, босып кеткендер туралы сандық деректер келтіреді.

ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келе, Қазақстандағы 1931- 1933 жылдардағы ашаршылық жұртты материалдық тұрғыда ашықтыру арқылы рухани күйзелтуді көздеген және соған қол жеткізген Сталиндік үкіметтің «адами азғындығының» жемісі еді. Ең қынжылтатыны- бұл зобалаңның орын алғанына бір ғасырға таяп қалса да, оған әлі де тарихи баға бере алмай келе жатқанымыз. 1948 жылы БҰҰ қабылдаған геноцид туралы конвенцияда «Геноцид дегеніміз – белгілі бір халықты, тайпаны қасақана жойып жіберу үшін жүргізілген саясат» деп жазылған. Сипаты жағынан геноцид болғанымен халықаралық қоғамдастықтың қағидасына сай келмейді. Сондықтан, біз қазақ ұлтының болашағына жасалған қасақана «қылмысқа» да геноцид деп баға бере алмай отырмыз. Белгілі тарихшы Талас Омарбековтың баяндауынша, 1931-1933 жылдардағы аштықты зерттеуші шетел ғалымдары «қазақ жазықсыз қырылған, бірақ Сталин қазақ халқын әдейі қыруды мақсат еткен жоқ» деген тұжырымға тоқталыпты. Олардың қателігі- Қазақстандағы ашаршылықты Украинадағы «голодомормен» салыстыруында. Бәріне түрткі күштеп ұжымдастыру болғанымен, себептері сан қилы. Мәселен, украиндар дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысқан жоқ. Ет тағамдарына тәуелді болған жоқ. Ал Қазақстанда 70 аудан болды. Сол аудандарда бүкіл қазақтың 83 пайызы өмір сүрді. Міне, осы аудандарда қырылған халық негізінен дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар еді. «Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» дегендей, шетелдіктер тарихи трагедияның сипатын әділ таразылау үшін ең алдымен қазақтың отырықшы және жартылай көшпелі шаруашылығын зерттеп, ұлттық ерекшелігін тануы керек. Бұл мәселенің шешімі- қазақты қазақ қана түсінетіндігін ұмытпау. Ел басына түскен осы бір ауыр қасіретті түйсіну, әлі де бірізділікке түспей келе жатқан деректі нақтылау, ашына қырылған қаншама қазақтың «құнын сұрау» - жас қазақтың ғана міндеті.

Жетекшісі: Қозыбақова Ф.А.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Дайындаған: Әли Шұғыла

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология және әлем тілдері факультетінің 1- курс студенті