26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Журналистиканың функциялары






Ең бірінші функция-ақпарат тарату. Бұл өзге функцияларға қарағанда әлдеқайда кең тараған функция екенін ескерген жөн. Себебі, журналистиканың басты мақсаты-халыққа шынайы ақпарат тарату. Ақ пен қараның ала жігін ажыратып, ақпараттың растығына көз жеткізетін журналистер үшін бұл аса маңызды дүние. Әрбір санаулы минуттарда, тіпті секундтарда әлемде қаншама алпауыт өзгерістер орын алып, жаһанды жаңа ақпараттар жайлап жатыр. Техниканың күн санап қарыштап дамуы бұл функцияның барынша ілгері дамуына оң мүмкіндіктер туғызуда. Мәселен, көгілдір экрандағы жаңалықтар, радио және баспасөз құралдарының апта сайынғы жаңалықтары осы функцияға жатады. Мысал қарастырып көрелік.

Күні кеше Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Абай. Китаб тасдиқ» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы үкіметтік емес, қоғамдық және еріктілер ұйымдарына қала әкімі М.Әйтенов арнайы алғыс хаттарын табыстады. Елімізде алғаш болып Абайдың отыз сегіз қара сөзінің түпнұсқасын тауып, шағатай тіліндегі транскрипциясын жасап шығып және сол еңбек бойынша жазылған «Абай. Китаб тасдиқ» кітабының тұсауын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлы мен жазушы, журналист, аудармашы Мархабат Байғұт кесті.

Жоғарыда аталып өткендей, біз мұнда жаңа ақпаратқа қанық болып отырмыз. Қазақ әдебиетінің тағы да бір тың туындымен толыққанынан хабардар болдық. Демек, бұл-ақпарат тарату функциясына негізделіп отыр.

Екінші функция-ұйымдастырушылық. Негізгі мақсаты халықты белгілі бір іске жұмылдыру, жігерлендіру. Мәселен, телеарна, радио арқылы маңызды қоғамдық іс-шараның өтетінін хабарлайсыз делік. Концерт, митинг немесе спорттық іс-шаралар өткелі отыр. Шараның өтетін мекен-жайын алдын ала хабарлап, бүкіл халыққа ақпарат берсеңіз бірнеше адам болса да осы іс-шараға міндетті түрде келіп қатысатыны анық. Демек, сіз қоғамға үндеу тастау арқылы көпшілікті бір іске жұмылдырып отырсыз. Ұйымдастырушылық функция-журналистің дипломатиялық және интеграциялық қабілетін арттырып қана қоймай, қарама-қарсы екі жақты бір арнаға тоғыстырады, екі араға дәнекер болады.

Келесі функцияға тоқталайық. Танымдық функция-бұл айналада болып жатқан оқиғаларды танып білуге деген адамның шынайы қызығушылығы. Біз ақпаратты тыңдай отырып, рухани құндылықтарды игереміз. Ол ақпарат әртүрлі болып келуі мүмкін. Саясат, отбасы, өнер әлемі немесе тылсым табиғат құбылыстары жөнінде болуы мүмкін. Ақпарат біздің қызығушылығымызды арттырып, ары қарай танымымызды кеңейтуге ықпал жасауы тиіс.

Түркия - әлемдегі ең ірі «ашық аспандағы мұражай» атанып кеткен ежелгі мемлекет. Қазіргі таңда әлем жұртшылығының көп бөлігі демалысын осы елде, теңіз жағалауында өткізгенді дұрыс көреді. Түркияның ең алғашқы қаласы Орталық Анатолиядағы Чатал қаласы. Қала біздің заманымыздың VII ғасырында пайда болған екен. Сонымен қатар, тарихта аты қалған ғажайып Троя қаласы да Түркияда орналасқан. Тағы да бір ескеретін жайт, әлемнің жеті кереметінің екеуі осы мемлекетте орын тепкен. Олар-Артемида храмы және Галикарнастағы кесене. Тарих қойнауына үңіліп қарасақ, ежелгі Стамбул қаласы кезінде үш империяның астанасы болған. Олар Осман, Рим, Византия империялары. Түркия мемлекетінің білім деңгейі де өзге елдермен салыстырғанда оқ бойы озып тұр. Тарихымызда ең алғашқы танымал университет Түркияда ашылған. Ол Харран қаласында бой көтерді. Тағы да бір тарихи оқиғаларға назар аударайық. Көпшілігі қызғалдақтың отаны Голландия деп санайды. Алайда, елге қызғалдақ гүлі Түркиядан әкелінген. Дәл осы гүлді османдықтар таратып, әрмен қарай Еуропа ішіне тарауға ықпал етті. Ресми деректерге сүйенсек, түркиялықтар үшін басты нәрсе-отбасы. Олар бір-біріне көңіл аударып,бала тәрбиесін үнемі бақылауда ұстауға тырысады.

Міне, бұл мақаланы оқи отырып қаншама деректерге қанық болдық, түсіндік, ойымызға түйдік. Таным көкжиегіміз одан сайын артып, миымыз жаңа ақпаратты игерді.

Басқару құралдары-бұл саясатқа негізделген журналистиканың бір функциясы болып табылады. Журналист төртінші билік өкілі екенін ескерсек, бұл функцияда көбіне халыққа билік басындағы жаңалықтар хабардар етіледі. Мысал қарастырып көрелік:

Дональд Трамп Сенаттың төменгі палатадан кейін елдің қорғаныс бюджетіне салынған президенттік ветодан кейін жеңу туралы шешімін айыптады. Американдық көшбасшы мұны «ұят» деп атады. Сонымен қатар, палатаның спикері Нэнси Пелоси Конгресс «президент Трамптың АҚШ-тың әскери және ұлттық қауіпсіздігіне жасалған абайсыз шабуылына қатты тойтарыс берді» деп мәлімдеді. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Ақ үйдің басшысы демократтар мен республикашылдар ветоны жеңетінін «жақсы түсінді», бірақ Джо Байденнің инаугурациясына дейін ол үшін Республикалық партияның қатарларын бөлу маңызды болды ».

Сарапшылар «Трамп жалпы өзінің тактикалық мақсаттарына жетті» деп санайды: Конгресте оны қолдайтын республикашыл сенаторлардың «жеткілікті дәрежеде ықпалды тобы» құрылды.

Мұнда оқырмандарға АҚШ билігі жайында кең ақпарат беріліп отыр. Дональд Трамптың саяси позициясын баяндай отырып, жаһандық маңызы бар саясатқа алаңдап отырған халықтың назарын аударуда. АҚШ экономикасының бүкіл әлем үшін маңызы бар екені айтпаса да түсінікті. Ел ішіндегі президент сайлауы, әлеуметтік жағдайы бізге әсер етпей қоймайды.

Иран әскери-теңіз күштері Парсы шығанағындағы жауынгерлік дайындықты күшейтіп отыр. Иранның әскери қызметі генерал Касем Солейманиге қастандық жасалған күн қарсаңында күшейіп келе жатқандығы атап өтілді. Осы аптаның басында Пентагон шенеуніктері Тегеран Иракқа қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды орналастырады деп мәлімдеді. «Иран АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді, әсіресе Солейманиге қастандық жасалынған күннің қаупі күшейген кезде», - деді Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы ресми өкілі Сэм Виноград. CNN-дің хабарлауынша, америкалық билікке Иранның әрекеті қорғаныс сипатында ма, жоқ әлде алдағы шабуыл туралы сөйлеседі ме, ол әлі түсініксіз. Сонымен бірге барлау Иран әскери күштерінің әрекеттерін қарапайым жаттығуларға тән деп санамайды. Желтоқсанның басында Пентагон Ирактағы Айн-Асад әскери базасын нығайтты. Сарапшылар мұны Солейманиге қастандық жасалған күнмен және жаңа сайланған президент Джо Байденнің инаугурациясымен байланыстырады.

Екінші мысалдан біз Иран әскери-теңіз күштерінің негізгі іс-әрекеттерін байқай аламыз. Иран мемлекеті қазіргі таңда қауіпті елдердің бірі екені өткен оқиғалардан белгілі. Демек, басқару құралдары елімізде ғана емес, әлем елдерінің билігінде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отырады.

Қарым-қатынастық -бұл ең бірінші кезекте журналист пен қоғамды етене байланыстыратын функция. Мәселен, ауылдағы күрмеуі шешілмеген мәселелерді баяндау немесе т.б жағдайлар қарым-қатынастық функцияға мысал бола алады.

Көңіл көтеру функциясы-бұл аты айтып тұрғандай бос уақытты қызықты етіп өткізуге арналған түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар мен газеттерде жарияланған мақалаларды қамтитын журналистиканың бір бөлігі. Көңіл көтеру функциясына ойын-сауықтық бағдарламалар, соның ішінде көңілді тапқырлар алаңы немесе жайдарман ойындары, түрлі мерекелік концерттер кіреді. Сонымен қатар, газет беттерінде жарияланатын түрлі анекдоттар мен әзіл шыны араласқан қызықты материалдар осы функцияның негізгі құрамына жатады.

Қорытындылай келе, журналистиканың негізгі алты функциясы кең етек жайып келе жатқан медиа саласында, соның ішінде мобильді журналистикада маңызды болып табылады. Себебі, ақпаратты жылдам таратып, кез келген нүктеден үздіксіз ақпарат алмасып отыру үшін үлкен мүмкіндік берді. Қазақ журналистикасының даму деңгейі өткенмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деңгейде дамып келеді. Кез келген ақпарат таратушы маман алты функцияны ескеріп, осы бағытта жемісті еңбек етсе қазақ журналистикасының өмірі ұзақ болары сөзсіз...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ