26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Әдеби құндылықтарымызды шет елдерге дұрыс танытып жүрміз бе?






Аударма – күрделі, көп қырлы құбылыс. Аударма ісін – «өнер» деп те айтсақ артық болмайды. Аударма – үлкен қажырлықты, жан-жақты білімді талап ететін сала. Аударма ісінің көп салаға бөлінетіні белгілі. Соның ішіндегі ең күрделісі де, қызығы – көркем(әдеби) аударма. Көркем немесе әдеби аударма деп – әдеби шығармаларды бір тілден екінші тілге тәржімалауды айтамыз. Бұл аударманың түрімен айналысу үшін аудармашы әдебиетке жақын ғана болып қоймай, аударма үдерісі орын алатын екі тілдің мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін жетік меңгерген болуы қажет.

Шет елдік әдеби туындылардың қазақ тіліне аудармалары көп кездеседі. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылып, қазақ тіліне көптеген кітаптар аударылып жатыр. Ал басқа елдің кітапханаларынан қазақ елінің әдеби туындыларын қаншалықты жиі кездестіруге болады?

Қазақ халқы – ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұралар мен әдеби шығармаларға өте бай халық. Бұл жәдігерлерімізді шет тілдерге аудару – қазіргі таңда үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл тұрғыда жасалынған жұмыстар жоқ емес, бар! Бәлкім қазір де жұмыстар атқарылып жатыр! Бірақ оның сапалы болуына кім кепілдік береді?

Әдеби аударманың мақсаты – шығарманың көркемдік эстетикалық аудармасын дәл беру. Осы күнге дейін аударылған кітаптардың көпшілігі бұл талапқа сай келмейді. Электронды аудармашымен аударылған сияқты, лексикалық, грамматикалық, семантикалық қателіктер көп кездеседі. Қазақ тілінен аударылған кітаптарды сол тілдің адамдары оқып, түсінбей, бұл біздің тіліміз емес деп шорт кескен жағдайлар туралы бұған дейін де жазылды. Әлі де бұл мәселе көтеріліп келеді. Осының алдын алу мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр ма? Белгісіз!

Әдеби құндылықтарымызды шет елге танытамыз деп жүріп, мазаққа қалып жүрмесек болғаны!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты Ергалиева Ботакоз; жетекшісі - ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Данат Жанатаев