26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Елінде қарты болмаса, жастары болар диуана…






Қазақилықтың қаймағы бұзылмаған ауылдан болғасын, атамыздың аңыз әңгімелерін естіп, әжеміздің етегін де аунап өскен соң, адамгершілік құндылықтарды бойға сіңіріп өстік. Шапқан жерден бәйге алып, атқан жерге аты дарыған көпшілікке қара алтынымен танымал Сағыз аулының тумасымын. «Тамырдың дұрыс болуы топырағынан» демекші, осы ауылдан түлеп ұшқан әрбір түлек өз орынын тауып, халыққа қызмет етуде. Әрине, мұның барлығы ізденіс пен еңбекпен келді.

«Болар бала он бесінде баспын дейді, болмас бала отызында жаспын дейді» деп, болар баланың бетін қақпай үлкендер демеу берген. Ауылымызда да жастарға арналған «Сағыз жастары», «Жүрекке жылу», «Иман жастары» сынды бірнеше ерікті клубтар ашылды. Клубтардың негізі мақсаты тұрмыс тіршілігі қиын, мүгедек және жалғыз басты ауыл ақсақалдарына барып, ерікті түрде көмектеседі. Бұдан бөлек, ауыл арасында концерттер, шағын мерекелік кештер ұйымдастырылады. Әрине, кесапатты кеселдің кесірінен біраз жұмыстың басы тоқтады. Сол уақытта жастардан құралған ерікті клубтар тегін бетперделер таратып, жалғыз басты қарттардың үйіне дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Ерікті клубта 15 – 29 жас аралығындағы жеткіншектер жұмыс жасайды. Өздеріңіз білетіндей Атырау өңірінің халқы қызу қанды әрі бәсекеге қабілетті болғандықтан жастар арасында соңғы кезде тұлғалық даму сәнге айналған. Өңіріміздегі ең жас кәсіпкер 15- 16 жастан басталады.

Ауылдық жерлерде студенттер мен оқушылар каникулға ауылға келгесін не іспен шұғылданарын білмейді. Ауылдық жерлер де бұрынғыдай қыруар шаруа жоқ. Барлығы техниканың мойнында болғасын, ауыл- ауыл болып бет жыртысу болмай не істесін. Ауыл болып ойланып, толғанып жастың көңілін аудару үшін 2019 жылдан бастап жоғары да атап өткендей ерікті клубқа біраз жастың назары ауды. Соның арқасында бұрынғыға қарағанда ауылдағы жастың бос жүрісі төмендеді. Қазіргі таңда көзі ашық, көкірегі ояу білімді азаматтар мен иманды жастар аулымызда көбеюде.

Қазақ қашанда баласын біреуге қорлық қылма, жамандық жасама деп тәрбиелейді. Сонда қате кімнен? ағаттық неден кетті? Жараны жаба тоқып, жалған мақтай бергеннен жараның жазылмайтыны белгілі. Бұл жалғыз менің ауылымдағы жастың мәселесі емес, еліміздегі барлық ауыл жастарының мәселесі.

Кешегі карантин кезіндегі байқағаным еліміздегі ауыл шаруашылығына да, құрылысқа да қазағымнан гөрі өзбек ағайынның еңбекқорлығы айқын байқалды. Шекара қалай жабылды, солай өндіріс тоқтады. Сын болған жерде ұсыныс болуы шарт. Менің ұсынысым: ауылдық жерде бос жүрген, жұмыссыз жастарды ерікті түрде аграрлық және техникалық түрде оқытатын арнайы орталық ашылса мұндай бос жүріс, ойын- сауық азайып, өндіріс бұлай тоқтамас еді.

Менің әкемнің жеке ірі бизнесі бар. Жаз мезгілін де колледж бітірген жастарды шақырып, арнайы практикадан өткізеді. Бір жағынан еңбегін алады, бір жағынан тәжірибе жинайды. Әкемнің негізгі мақсаты: өскелең жасты жатып ішерлікке емес, керісінше еңбек баулып, төрт- түлікті қалай өсіру сынды т.б ауыл шаруашылығына қатысты тәжірибесімен бөлісу. Әрине, жалғыздың шаңы шықпас демекші, колледж жастарынан бөлек ауылдағы жұмыссыз жастарды дәнекерлеуші, электрик, құрылыс және механика сынды мамандықтардан дәріс алатын арнайы орталық салынып, білікті маманнан сабақ алса қоғамымыздың дамуына септігін тигізеді.

Ендігі мәселе еліміздегі өз замандастарым туралы сөз қозғайын. Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде әсіресе осы карантин уақытында танымал қытайлық «Tik – tok » бағдарламасымен көп жастар әлеуметтік желіде атағын шығарды. Балаңыздың әртіс болғаны жақсы ғой. Алайда, белі ышқырына ышқыры тізесіне түскен киім киіп, хайуанша жартылай жалаңаштанған қазақ қызы экран алдын да секеңдегенін көрсең, қаның басыңа шабары анық. Сонда қазақ қызының бойындағы иба мінез, намыс атақтан төмен болғаныма?! Осыдан кейін қазақ қызының ер адамның алдында беделі түсері анық.

Қоғамдағы жастар арасындағы тағы бір мәселе, тепсе темір үзетін еңгезердей қазақ жігітінің өз болмысынан жиреніп, әйел болғысы келетіні туралы теледидардан да, әлеуметтік желілерден де өріп кетті.

Ата–анасының пікірінше «Баламыз өзі біледі, бұл оның таңдауы, әйітпесе психологиясына әсер етеді.» деп түйіндейді. Бірақ шыбықты өз еркіне жіберіп өсірсең, қисық өсерін ұмытпаған жөн. Барынша өскелең жас шыбықты қазақи әрі қатал тәрбиемен өсірсеңіз болашақта қор болмасы анық.

Міне, бұл бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Көкейімде көлкіп тұрған шерді тарқатып, біраз қазақ жастарының жағымсыз тұсын қал- қадірім келгенше, әл- ауқатым жеткенше жаздым. Біздің бүгінгі әр ісіміз болашағымызға ықпал етеді. Сондықтан замандасым әр қадамды ақылмен басайық!

Аралбай Камшат

Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті 1 – курс студенті