26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Әбу Насыр әл-Фарабидің пәлсапасы һәм дүниетанымы






Исламда Әбу Насырға тең түсер адам туған жоқ, оның ілімін қастерлегендер Екінші ұстаз деп баға берді. Дүниеде төрт ғажап адам болған. Олар: Аристотель, Александр Афродезейский және Әбу Насыр мен Әбу Әли ибн Сина деп араб тарихшысы Захир ад-Дин әл-Байһақи бағасын берген болатын.

Батыс пен Шығысты қатар мойындатқан ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің қазақ топырағында, Отырар жерінде дүниеге келуі иісі қазаққа зор мақтаныш екені белгілі. Осы заманға дейін ғұлама, философ туралы көлемді еңбектер жарияланып та жүр. Осы мақаламда әл-Фараби ашқан жаңалық пен әдебиет пен өркениетке қосқан ықпалды үлесін арқау етемін.

Қорқыт өмір бойы «ажалды жеңу» ұғымына қарсы күш іздесе, әл-Фараби «бақыттың кілтін» ғұмыр бойы іздеп, оны әр шығармасында көрсетті. Бақытты, қайырымды қалада тұруды армандады.

Ілік іздеген Батыс ғалымдары бұл тұжырымға қарсы шығып, «Әл-Фараби ешқандай жаңалық ашқан жоқ, оның жұмыстарының бірсыпырасы батыс ойшылдарының аудармасы ғана» десті. Бұл пікірге қарсы шығып Фараби әлемін ақтап алуға тырысып шығыстанушы Ә.Мүминов: «Фараби Платон еңбегінде айтылатын «идеал қала» теориясын жетілдіріп, оны жүзеге асыруға талпынды. Өзінің идеалды қала туралы ілімдерін жүзеге асыру үшін Фараби Димашықтан Солтүстік Африкаға да жолға шығады. Әр тұлға бақытты болатын қоғамды аңсайды, іздейді. Сол ұғымдардың негізін салушылардың бірі де бірегейі – әл-Фараби», - деп жеткізді.

Фараби өз зерттеуінде де: «Бақытқа қолы жеткен адам үшін ең жарастысы – қанағатшылдық жасау», деп бақытты қанағатпен ғана ұстап тұру мүмкін екенін айтты.



Әл-Фараби сансаланың қай-қайсына болсын мол үлесін қосып өткен ұлы ойшыл. Философия, әдебиет, медицина, музыка саласына арнап жазылған бірнеше еңбектері бар. Ғалымның ғылыми еңбектерін зерттеушілер автордың жалпы еңбегінің сандарын әлі күнге дейін аша алмай әлек. Неміс ғалымы М.Штейшнейдер 117 десе, түрік ғалымы 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді.

Әл-Фарабидің әдебиеттегі орны да ерекше болғанын, ақын болғандығына бірнеше өлеңдері дәлел. Ғұлама ойшыл философияға да, білім-ғылымға да көп үндеу жасап, сара жол салып кетті.

Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Назерке Бауыржанова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты