Оқушыларға
Айқап пен Қазақ неге айтысқан?
Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Сералин, Ғұмар Қараш, Сәбит Дөнентайұлы, Мұстафа Шоқай сынды ұлт зиялыларының да аталмыш басылымда біршама еңбектері жарық көріп отырғаны белгілі. Алайда, екі басылымның арасында біршама келіспеушіліктер болып, күрмеуі шешілмей келе жатқан даулы мәселелерді көтергенін біле жүргеніміз абзал. Қоғамдық резонанс тудыратын бірқатар шешімдер мен ұсыныстар екі басылым арасында екі түрлі көзқарас тудырып, халық арасында маңызды орынға ие болды. Бірақ, екі басылымның ұстанған жолдары әр қилы болғанымен, мақсаты бір екенін ескергеніміз жөн болар. Екі басылымда да жұрт десе жүрегін жұлып беруден тайынбайтын, азаматтық рухы биік зиялы қауым өкілдері қызмет жасады. Мұхамеджан Сералин мен Ахмет Байтұрсынов басшылық еткен екі басылымның арасында расында да келіспеушілктер орын алғаны рас. Бұл дегеніміз журналистикада алғашқылардың бірі болып қолтаңбасын қалыптастырған Мұхамеджан мен «ұлт ұстазы» атанған Ахмет арасы суық болды деген сөз емес.
«Енді келейік, «Айқап» пен «Қазақ» арасына. Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі». Бейімбет Майлиннің осы бір ой аудартарлық сөздері екі басылым арасындағы көзқарастың екі түрлі болғанын дәлелдейді.
«Қазақ» пен «Айқап» не үшін айтысты? Қандай мәселелер себеп болды? Ендеше осы турасында мәселені жіпке тізгендей етіп талдап көрелік.
Біріншіден, ел арасы дүрбелең болып тұрған кезеңде отырықшылық мәселесі басылым тарапынан басты орынға қойылды. «Айқап» журналы «Көшпеліліктен бас тартып, отырықшы боламыз. Отырықшы болған ел оқуға мүмкіндік алады, егін егіп, басқа да шаруа түрлерін дамытады»,- деп өзіндік пікірін ортаға салды. Журналда жарияланған «Қазақ халқының мұқтаждығы» атты мақалада М.Сералин: «Ау, жұрт! Ойланайық. Келешек заманымыз қалай болады? Заманға муафық іс істейік. Заманның соңынан біз қумасақ, заман бізді күтпейді»,- деп, қарапайым қазақтың өз жеріне ие болып қалу қажеттігін осылайша халық санасына сіңіруге барынша тырысып бақты. «Қазақта» қарап қалған жоқ. «Қазақ» газеті бұл жайттың қауіпті екенін алға тартты. Себебі, аз ғана қазаққа он бес десятинадан жер тисе, ұланғайыр даламызда жер артылып қалар еді. Мұның артында отаршыл өкіметтің құйтырқы саясаты жатыр. Олар неғұрлым өздеріне көп жер бөлінгенін қалайды деген пікірлер айтылды. Сонымен қатар, қазақтың кейбір жері егін егуге қолайлы емес. Ертең онсызда аз қазақ аштыққа ұшырауы мүмкін деген салмақты ой білдірді. Расында, «Қазақтың» бұл ой оралымы орынды еді. Осы тұстан бастап екі басылым арасында келіспеушілік оты тұтанды.
Екіншіден, басылымдардың басқосу мәселесіне қатысты пікілерін ой таразысына салуы. «Айқап» журналының 4-5 сандарында көтерілген мәселелерді шешу үшін съезд шақыру жөнінде бас редактор Мұхамеджан Сералиннің мақаласы жарық көреді. Ең қызығы, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 18-санында дәл сол мақалаға арналған жауабы жарық көреді. Басқосу қанша керек болғанмен, оған қолайлы кез еместігін алға тартқан Ахмет Байтұрсынұлы мәселелермен күресудің басқа жолдарын қарастыруды тілге тиек етеді. «Қазақтың керегін өзге жолмен сөйлей тұралық, бұрынғыдай емес, қазақта қазір бір журнал, бір газет бар, сыйғанынша солар арқылы кеңеселік, сыймағанын хатпен сөйлесуге болады. Съезде сөйлесіп, кеңескенмен, түбі барып істеушілерге тіреледі. Ісімізді істеушілер, жоғымызды іздеушілер көбейсе, ойлаған пікір, көздеген мақсатқа жан бітіп тірілмекші»,-деген Ахаңның пікірі «Айқап» журналының тарапынан негізсіз қалып, ешқандай қолдау таппайды. Алайда, арадан біраз уақыт өткен соң Ж. Сейдалиннің Ахмет Байтұрсыновқа қарсы пікірі жарық көреді. Мұнда «Қазақ» газетінің съезд шақыруға келіспегендіктерін халық қамынан гөрі, қара бастарын ойлайды деген пікірге үндес келеді. Әрине, бұл Ахаң басқарған «Қазақтың» шамына тимей қоймайды. Ж.Сейдалиннің сыңаржақ пікірін теріске шығарып, съезд шақырудың буынсыз жерге пышақ сұққанмен бірдей деген пікірін танытады. «Болатын басқосудан қашпаймын, болмайтын басқосуға арамтер болмаймын. Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»,-деген салиқалы ойлар да «Қазақ» газетінде кездеседі. Шындығын да, бұл кереғар пікірлер сол кезеңде прогрессивті мәнге ие болғанын атап айтқан жөн болар.
Үшіншіден, екі басылым арасындағы мәселе қазақ жазуы жайында болды. Нақтырақ айтсақ, әліпби түзу жөнінде пікірлері бір-біріне қарама-қайшы сипатқа ие болды.
Қорытындылай айтқанда, екі басылымның арасындағы түсініспеушіліктер қалың ұйқыда жатқан қазақтың көзін ашты, парасат майданына жетеледі. Ұстаным жолында екі түрлі бағытты жолға қойғанымен мақсаты бір-қазақты өрге сүйреу, сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Отаршыл халықтың езгісінен аман алып қалу, одан құтылудың жан-жақты мәселелерін қарастыру. Міне, осы тұрғыда екі басылымның да ұстанған қағидаты биік, һәм ел қамын жасайтын ұлтжанды азаматтардың әрекеті еді...
Алтынай МАЛИКАЖДАРОВА
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің 1-курс студенті