Оқушыларға
Күш атасы Қажымұқанның - 150 жылдығы
Орасан күш иесі, қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, жауырыны жер иіскемеген алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезіне қарасты Сарытерек болысының Жәдік деген елді-мекенінде дүниеге келген.
Отбасының тұрмыстық жағдайы нашар болғандықтан Қажымұқан орыс байларына жалданып, жұмыс істейді. Уақыт өте келе күрес жолына түсіп, той-жиындарда халықтың назарына ілігіп, бала балуан деп атанады. 12 – 13 жасар кездің өзінде тұлғасы 20 жасар жігіттей болыпты.
Омбыдағы цирктің ашылуынан хабардар болған Мұқан 1889 жылы ат басын осы қалаға бұрып, Злобин палуанмен күш сынасып, жеңісті қанжығасына байлады. Злобиннің ақыл-кеңесіне сүйеніп, Петербордағы Тадевско-Лебедев атындағы мектепте француз күресін меңгереді. 1890 жылы Киев қаласында өткен халықаралық турнирде белдеседі. 1910 жылы алғаш рет Оңтүстік Америка құрлығына қарай жол тартады. Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында еркін күрестен бақ сынайды. Нәтижесінде Америка чемпионы атанады. 1911 жылы Ыстамбұлда түріктің атақты палуаны Нұрлығаны жеңгені үшін «қажы» атағын иеленіп, Қажымұқан есімімен көпшілікке танылады. Ұлы Отан соғысы кезінде ел аралап, цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша тауып, тікұшақ жасатып майданға жібереді. Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Темірланмен іргелес жатқан «Зерделі» ауылында (қазіргі «Қажымұқан» ауылы) дүниеден өткен.
Күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгеріп, бәсекелестерінен басым түскен Қажымұқан әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры. Ол Еуропа, Азия, Оңтүстік Америка елдерін шарлаған. Тек қана Солтүстік Америкаға табаны тимеген екен. Әлемнің 28 мемлекетінде күресіп, 56 медаль иеленген батыр атамыз.
Биыл алып балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына жүз елу жыл толуына орай хас батырымыздың немересі Батырхан Ескермесовпен сұхбат болған еді.
– Балуан Қажымұқанның бойындағы ерекше қасиеттер жөнінде не айтуға болар еді? – Қажымұқан атамызды тек қара күштің иесі деп тануға болмайды. Әлемдік күрес аренасында өнер көрсеткен кәсіпқой спортшы даңқына бөленумен қатар, домбыра шертіп, ән салып, ақын, сері атанған. Әңгіме арасында шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді қолданып сөйлеген. Қажымұқан атамыздың бойындағы ең тамаша қасиеттерінің бірі – қолының ашықтығы мен көпшілдігі. Ақсақал қарияларымыздың айтуы бойынша, көріпкелдік қасиетімен де ел-жұрттың ризашылығын алған. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы азаматы болған. – Атаның жолын қуып жүрген ұрпақтары бар ма? – Қажымұқан атамыздың ұрпағының тамыры тереңге жайылған. Күш атасы Қажымұқанның қасиетін барлық ұрпақтарының бойынан кезіктіре алмайсың. Ізбасарларынан өнер жолында жүрген немересі Бақытжан Қажымұқанов – сазгер, әнші. Үлкен сахналардан көрініп, елге танылып жүрген азамат. Спорт саласында қызмет ететін немересі Шаттық Қажымұқанов – каратэден халықаралық спорт шебері. Шаттық Шымкент қаласында шәкірт тәрбиелеп, жастарды спортқа үйретіп, бапкер қызметін атқаруда. – Цирк алаңында көрсеткен трюктері жөнінде айтып өтсеңіз... – Қажымұқан атамыз заманындағы цирк өнерінің бірнеше түрін меңгерген. Халық алдында өнерлерін көрсеткенде бірінен-бірі озық сахналық көріністерді көрсеткен. Америка елінде орыс балуаны Иван Зайкин шаршап тұрса да «тірі көпір» трюгін көрсетуді талап етеді. Ақша үшін цирк қожалары не істемейді дейсіз? Орыс балуаны көпір жасап, үстінен адам толы үш жүк машинасын бірінің үстінен бірін өткізіп жатқанда қайтыс болады. Қайталанбас трюктердің бірі орыс балуаны жасаған «Тірі көпір» трюгін қайталаған – тек Қажымұқан. Осы трюкті қайтыс болған досы Иван Поддубныйдың құрметіне есімін атап тұрып орындайды. Қажымұқан атамыз үшін үстінен машина өткізу, тастарды көтеру үйреншікті іс болған. Германияның бір қаласында жарыс болып жатқан кезде Қажымұқан атамыз өзгелердің қолынан келмейтін ерекше цирк өнерін көрсетеді. Әріптестерімен ақылдаса отырып, шығыс үлгісіндегі киімді киіп, үлкен түйенің үстіне мініп, аренаға шығады. Аренаны бір айналғаннан кейін ортаға келіп тоқтап, түйеден түседі. Мінген түйесін желкесіне көтерген күйі сахнадан шығып кетеді. Осындай таңғаларлықтай өнерлері болған. Тағы бірде орыс балуанымен таласып қалғанда, «аттың тізгінін ұстау балуандыққа жатпайды, мен екі аттың жалынан ұстап, екеуін екі жаққа қаратып, құйрықтарымен тақастырып отырғыза аламын» деген екен. Осыған цирк төрешілері келіскен. Егер аттың құйрығы жұлынып кетсе, Қажымұқан атамыздың өзі жауапты болған. Өйткені аттың жалы өте қымбат тұрған. Қажымұқан атамыз жас шағында Петербор қаласында Иван Поддубныймен бірге оқып, күрес тәсілдерін үйренеді. Поддубный бір курс жоғары оқығандықтан демалыс күндеріне қарамай, досының қатарластарымен бірге бітіремін деп спорт залына келіп, гир тастарды көтеріп, тағы басқа жаттығулармен жаттығады. Петербор – мәдениеті өркендеген қала, демалыс күндері ешкім мектепке аяқ баспайды. Бір күні мектеп директоры Қажымұқан атамыздың үстінен: «Қап-қара қара темірдей болып, бүгін демалыс күні деп түсіндірсем де, сөзіме құлақ аспай, есіктің құлпын жұлып, мені көтеріп алып, спорт залының ішіндегі тастарды ары-бері домалатты. Тыйым салсам, дауыс көтереді. Ақырған дауысын естіген сайын жүрегім тас төбеме шықты.Тастарды көтеріп жүгіргенде көз ілестірмейді» деп арызданады.
Бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен намысшыл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш етіп танытқан, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажы Мұқан бабамыз - баршамыз үлгі тұтарлықтай ұлы тұлға!
У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті
Қажымұханқызы Аружан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультетінің 1 курс студенті