26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Алаш алыбы Әлихан Бөкейхановтың – 155 жылдығы






«Түзу қалам - қисайған, өткір қалам - мүжілген заман» - деп өзі өмір сүрген қазақ даласының бастан өткерген қиын заманын жырлай кеткен Алаш көсемі, қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның биыл 155 жылдық мерейтойы. Бұл біз үшін айтулы мерекелердің бірі.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (05.03.1866 - 27.09.1937) - соңғы хан-сұлтандардың бірі - Бөкейдің тікелей ұрпағы. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны техник мамандығы бойынша бітіріп шықты. Омбы техникалық училищесін аяқтаған Әлихан сол кездері жұрт жапа-тармағай ұмтылатын заңгер немесе әскери кәсіпті таңдамай, Санкт-Петербургтегі Орман институтына түсіп, ормантанушы ғалым дипломын алып шықты. Кейіннен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да ие болды.

Өзінің алғашқы мақалаларында-ақ қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынды, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындар мен оқыған қазақтарды аяусыз сынға алды. Патша өкіметіне қарсы шығып, қарапайым халықтың жағында болған Ә. Бөкейханов сырттан таңылған жат заңдармен емес, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктеріне сай келетін жосын-жоралғылар бойынша үкім шығаратын қазақтың байырғы билер сотын қалпына келтіруді ұсынды.

1905-1907 жылдардағы бiрiншi орыс революциясының қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалыстың бел алып өрiстеуiне айтарлықтай ықпалын тигiзген аласапыран жылдар болды. Нәтижесiнде, 1905 жылы Семей губерниясына қарасты Қарқаралы қаласына таяу Қоянды жәрмеңкесiнде Алаш көсемi Ә.Бөкейхановтың басшылығымен тұңғыш қазақ съезi болып өттi. Онда патшалық Ресейдiң отарлық езгiсiне қарсы күштi наразылық бiлдiрген қазақ қоғамының бiрнеше баптардан тұратын басты саяси талап-тiлектерi айтылды. Ал, «Қарқаралы петициясы» деп аталатын бұл саяси құжаттың авторлары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақпаев сынды ұлт зиялылары болды. Осы орайда, «Қарқаралы петициясына» қатысы бар» деген күдiкпен Ә.Бөкейханов алғашқыда Кереку, одан кейiн Омбы түрмелерiне қамалған едi. Алайда, ол 1906 жылы патшалық Ресейдегi I Мемлекеттiк Думаға сайлау науқаны кезiнде Семей облысы қазақтары атынан депутат болып ұсынылады. Сөйтiп, депутаттық мандатқа ие болған Ә.Бөкейханов түрмеден босатылып, Семейде өз сайлаушыларымен кездесу жиынын өткiзедi.

1905-1907 жылдардағы Әлихан Бөкейхановтың Семей өңiрiндегi қоғамдық-саяси қызметi оның халық депутаты, қазақ кадет партиясы басшыларының бiрi ретiнде Петерборға I Мемлекеттiк Думаның жиынына аттануымен аяқталып, одан ары қарай жаңағы Мемлекеттiк Думаның тарауы және Финляндияның Выборг қаласындағы «Выборгское воззвание» деген үлкен саяси оқиғаларға қатысуымен жалғасады. Алайда, ел өмiрiндегi осындай күштi саяси толқуларды басып-жаныштауға байланысты жергiлiктi патша өкiметi органдары тарапынан Алаш ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерiн қайта қуғындау басталады. 1908 жылы Әлихан Бөкейханов екiншi рет тұтқындалып, Семей түрмесiне қамалады.

Әлихан Бөкейхановтың жер тағдыры үшін алаңдап айтқан келесі бір пікірі бүгінгі дәуір шындығымен үндесіп тұрғандай. Ол: «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса - башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді». Жер ананы сату жайында айтылған жанайқай әлі шешімін тапқан жоқ. Келімсектердің меншігіне айналып кеткен қанша жеріміз бар екенін ешкім тап басып айта алмайды, ал енді меншігіндегі жерін саудаға салып, бизнес көзіне айналдырып жатқандар қаншама, бір сөзбен айтқанда башқұрттар жасаған қателік әлі де болса андыздап алдымыздан шығып тұр. Ә.Бөкейхановтың жер туралы айтқан қағидаттарының түйіні төмендегідей: «Біздің қазақ ұлтының автономиясы жерге байлаулы автономия болмақ». Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, т.б. ұлт зиялылары 1920 жылы қазақ халқына алғашқы автономияны алып берді, бұл жеңіс 1936 жылғы Республика статусын алуымызға айтарлықтай септігін тигізді, ал басты жемісін біз көріп отырмыз, бабаларымыздың қасық қаны қалғанша күресіп алып берген сол автономиясы 1991 жылы Тәуелсіздіктің қарлығашы болып қолымызға қонды. Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол тұтқынға алынып, 1937 жылы атылып, қайтыс болады. Алайда, бір өкініштісі Әлихан Бөкейхановтай киелі қазақ азаматына да, оның қыздары мен немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді.

Осындай ұлы зиялыларымыздың ерең еңбегін ұмытпай, олардың бойында болған батырлық, патриоттық қасиеттерің өзіміздің де, өзімізден кейінге ұрпақтың бойына да сіңіруіміз қажет.

У. М. Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Ж. Н. Алиасқар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінің 1-курс студенті