26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Заман талабына сай адам мінезі өзгере ме?






Қазіргі заман - өте күрделі, техникалық прогреспен, ақшамен, билікті жаулап алумен тығыз байланысты. Күнделікті өмірде: «Адамның қазіргі әлемде өмір сүруі қандай?», «Уақыт өте келе адамдардың бойында қандай қасиеттер өзгеруде?» - деген сұрақтар туындап жатады.

Ұрпақ ауысқан сайын, заман да жаңарып бара жатқандай әсер қалдырады. Мен Кеңес заманында өмір сүрмедім, алайда менің ата-анларымның, туыстарымның әңгімелері бойынша бұл кезеңде өмір сүрген барлық халықтар бейбіт және тату-тәтті өмір сүрген екен. Олар өздерін бір үлкен отбасы санады, әр ұлттың ерекшеліктеріне, оның мәдениетіне, тіпті сыртқы түріне құрметпен қарап, бір-біріне деген сыйластықтары мықты болған деседі.

Өкінішке орай, қазір мұның бәрі жоғалып бара жатқандай. Біздің елде, бүкіл әлемдегідей, ұлтшылдық және нәсілдік сезімдер күшейіп келеді. Адамдарда менсінбеушілік пайда болып, кішкене бір жетістікке жетсе, өзгелерге менсінбеушілікпен қарап, одан қала берсе тәкаппарлық танытып жатады. Кейде әлем жынды болып кеткендей көрінеді. Дәлірек айтқанда, әлем емес, онда өмір сүретін адамдар. Біздің бәрімізде бір-бірімізге деген сүйіспеншілік, өзара түсіністік пен құрмет, төзімділік жетіспейді.

Менің әжем: «адамдар өздерін бақытсыз сезінгендіктен жамандық жасайды», - дейтін еді. Бақытты адам қоршаған әлемді жақсартуға, оған бір керемет рең беріп, қуанышты етуге ұмтылады, бақыттың мөлшерін көбейтуге тырысады. Ал кейбір «бақытсыз, жаңа шыңға ұмтылмайтын» адамдардың бұл әрекеттерге кері істер жасап жүреді. Мен жақында бір бағдарламаны тыңдаған болатынмын, онда олар «біздің планетаның барлық тұрғындары дерлік әлем қауіпті, онда өмір сүру қиын болды деп санайды» деп айтқан сөзі есімде қалып кеткен болатын. Сол ойды қорыта келе, «бақытсыз адамдар - дегеніміз өз өміріне риза емес, әлемде болып жатқан кереметтерге мән бермитін, кез келген нәрседен тек қиындық іздеп отыратын адамдар» - деп өзімше бір тұжырым жасадым.

Бірақ, менің ойымша, әр адам өзін өзгертем десе, ешқашан кеш болмайды, заман қалай өзгерсе де, «өзгерем» дейтін жандар өзгереді және өзі де өзгере отырып, осы әлемді сәл жақсартуға көмектесе алады. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін бір-бірімізге үлкен құрметпен, шыдамдылықпен және түсіністікпен қарап, әрқашан биік белестерге ұмтылып және әр уақытта өзгелерге қолдау таныта білуіміз қажет.

У. М. Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Ж. Н. Алиасқар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінің 1-курс студенті