Оқушыларға
«Менің» апамның айтқандары
Тыңдаған құлаққа, оқыған көзге, түсінген түйсікке жаман дүние болмайды деп ойлаймын. Мен қарапайым қазақы отбасында дүниеге келдім. Шыққан тегім, жерім, елім қазақтың, оның ішінде сонау хан билігі тұсындағы түбі текті сұлтандар мен хандар шыққан ақсүйек Төре руынан, өніп- өскен жерім Махамбет пен Исатай дүбірлетіп өткен киелі Батыстың топырағы. Таңғы, түскі, кешкі аста тәрбие, ұят, ар, намыс туралы сабақтар өтеді. Тиымды көп естіп, бір жерге барарда «бармайсың» деген жауапты алғаннан кейін, екінші рет ата-ана алдына сұрап барған емеспін. Біреуге ескілік болар, бірақ үйдегі тәртіп осындай болды. Бала күнімнен анам: «Сен-үйдің үлкенісің! Сен қалай көш түзесең, артыңдағы бауырларың да саған қарап бой түзейді. Ең алдымен әкеңнің, одан кейін түгел әулеттің абыройысың!» деп құлаққа құйып өсірді. Кішкентайымда ұнамайтын бұл сөздер-мендегі жауапкершілікті қалыптастырған еді. Уақыт өте, есейе келе ананың беретін ақылын ешқандай мектеп те бере алмайтынын, ешқандай кітап алмастыра алмайтынын түсінгендеймін. Өзі жоқшылықтың жыртық жамылғысын жамылып, аузымызға тоқшылықтың тәттісін тосып өсірген, барын аямаған, үлгі болатын, мендік өмірлік кумир- анам.
Осы тұста қаламынан керемет туындыларды өрбіте білген Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабынындағы басты кейіпкер Меңтайдың «Апамның айтқандары» еске түсіп отыр. Қатты әсер қалдырған бұл сөздер еріксіз еске түседі. Берері мол, мағынасы терең, қасиеті мен қадірі бар дүниені әр қыз оқыса екен деймін. Меңтайдың анасы шынымен де менің анама ұқсайды. Егер мен де «Апамның айтқандарын» жазар болсам, ол қалай болар еді?
«Тектілік пен қарапайымдылық тәж болып маңдайыңа тағылсын» деп үйретті. Тектілік- қаздиып киініп, шіреніп жүруде емес. Ең алдымен оның салмағы рухпен, санамен өлшенеді. Оның қандай да бір формуласы жоқ, тек аузыңнан шыққан сөзіңе істеген ісің үйлесімді болсын, ішіңде арың мен намысың сөйлесін.
Өмірде бәрі сен қалағандай бола бермейді. Ыстықтың да аяздай қарып, мұздың да оттай болатынын ұмытпа! Бір сәтте бөтеннің жақын, жақынның жатқа айналуы мүмкін. Бүгінде сенім- қадірі кетіп бара жатырған нәрсе, селкеу түсірме. Өмірің-теңіз болса, сондағы уақытша кемеге отырма!
Жасандылық ешқандай дәреже алып бермейді, алысқа апармайды. Алдамшы қылық, жағымпаз құрбы, бітпейтін өсек пен ақырын аңдудан бойыңды алшақ ұста. Бәрінде әдемі маска. Кішкентайымда «Басыңды жұлып алайын деп тұрса да, шыныңды айт» деп ұрсатын. Шынайылықтан жұрдай заманда шынайы бол. Әдемі тамақ, үлбіреген киім, қымбат көлікті көрсетесің. Жарысасың, алда екеніңді сезінсең, шаттанасың. Интернетте мінсіз болу үшін, шын өмірде рухың, миың жалаңаштанып, аш қалмасын.
Сұлу бол! Кіршіксіз таза жүрегің, аппақ пейілің, көркем мінезің мен тектілігіңді танытар тәрбиең, ең бастысы, жаның сұлу болсын. «Менің, әкеңнің қандай тәрбие бергендігі өзіңді ұстауыңнан көрінеді.» Ананың сүтімен дарып, сүйекпен біткен мінезіңді көркем ете біл!
Өзіңді қоқыс қылатын да, адам қылатын да-біреу. Ол- айна алдындағы жан. Арманда! Мақсат қой! Бала күнімнен арманшыл, қияли қызбын, әрдайым маған «Арманың тым биік, бұлтпен таласардай тым жоғарыда, аспанмен жарысардай ауқымы шексіз. Тек бос қиялға ермей, артқа қарап тұрып қалмай, ілгері жүр, арманыңды орында» дейді.
Өмір - қызық әлем. Кейде жүрегіңе қуаныш сыйлап, шаттандырса, кейде мұңға бөлейді. Құлатады қатты. Еріксіз жылатады. Шалынып қалсаң, үстіңді қағып жіберіп, қайта тұр. Жаралансаң, әлсіздік танытпа. Нәзік жүрегің мен қайратыңды шыңдай түс. Өмірдегі кей жеңілістер- жеңістің бастамасы болып жатады.
Кейде мен өз-өзіммен қуыстанып, көңіл құлазып, ми мұздап қалатын сәттерім болады. Өзіме көңіл толмай, ара-тұра мінсіз мүсін мен әдемі ажардың менде болмағанына ренжіп, бар бақытты сыр мен сымбатқа балап, түңіліп кететін кездер де болған. Ондайда: «Босқа шаршайтын жүйке мен қалатын көңіл, сықырлап сынатын сенімді ғана таптың. Осы ма керегі? Мына жеріңде деп, қолымды сол жақ кеудеме тақап, соғып тұрған жүрегің барда, әр арайлап атқан таң мен нұрлана батқан күнді көруің-сен үшін үлкен сый.»,- деп жауап қайырады.
Әр кешкі ас сайын: «Мектеп бітірдің, алда сені үлкен өмір күтеді» деген сөздермен басталатын дастархан басында міндетті түрде өмірлік азық болар дүниелер айтылады. «Мен саған қазір керегіңді алып бере аламын, бірдеңе ұнамаса, ауыстырып та, басқасын да алып берермін. Бірақ, өмірдегі барлық нәрсені мен алып бере алмаймын саған, біз тірі тұрғанда қалағаныңды ішіп, қалағаныңды кие аласың. Қолымыздан келгенін жасаймыз. Алайда, қызым, біз үнемі жаныңда болмаймыз, өзің жасау керек таңдау болады. Қамшының сабындай қысқа ғана, өлшеніп берілген ғұмырда бақытты болуға толықтай құқылысың. Тек ол кезде құр сөзге, арзан әңгімеге сенбе, сыртына қарап мастанба» «Ақылды қызсың ғой!»,-деп аяқталатын әр әңгімеден кейін, бір сәт ата-ана ұясынан алыстамай, кішкентай болып қала бергің келеді, егер үмітті ақтай алмай қалсам, осыншама сөзді зая етіп алам ба деген қорқыныш билейді. Алайда мендегі ата-ана алдындағы жауапкершіліктің мол екендігін сезіне түсетіндеймін.
Айтылмаған әлі қаншама сөз, қаншама әңгіме бар. Бұл тек бастамасы болып қалсын. Топырақты бәріне бірдей шашудан аулақпын, бірақ қазіргі қоғамдағы кей қыздарға қарап отырып, анам берген қатал тәрбиеге алғыс айтамын. Тұлға болып қалыптасу жолында онды-солды танып, кейін бармақ шайнарлық іске ұрындырмау үшін, өмір мектебінде үздік атану үшін әр жанұяда осындай әңгімелер көбірек айтылуы қажет деп түйіндегім келеді.
У.М.Джолдыбаева- тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті Мадениетова Балсұлу- Шығыстану факультеті, шетел филологиясы мамандығының 1-курс студенті