26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Шәкәрім шығармашылығындағы ұлттық таным: «жан» суперконцептісі






Шәкəрім – көп оқыған, оқығанын жүрегіне тоқып, əр тарап-та өзіндік сыни көзбен баға беріп, шығыстық дүниетаным арқылы оқығанын сүзгіден өткізіп, ойлана келе ақылға салып, өз тұжырымын жасаған ғұлама.

Қазақтың рухани-мəдени лексикасында бұрыннан бар ақыл, ой, жүрек, жан, шын, нұр, рахат, жар, ар, махаббат, сүю, сағыныш, кездесу, мас болу, шарап т.б. сөздер ақын қолтаң-басы арқылы жаңа символдық мəнге ие болып қана қоймай, терең ұғымдар жүйесін танытатын концептік деңгейге көтеріледі. Яғни қарапайым қолданыстан, жаңа ұғымдық, мəндік деңгейге көтеріледі, əр атаудың астарында жаңа идея пайда болады.

Осылайша, бұл мақаламызда қазақтық ұлттық танымда айрықша орын алатын жан концептісіне тоқталамыз.

Қазақ танымындағы «жан» сөзіне тоқталмас бұрын, оның жалпы мағынасын анықтайық.

Жан* – адам баласына, жан-жануарларға тіршілік беретін рух, қуат деген түсінік.

Сөздің кезекті мағыналары:
Адамның ішкі сарайы, рухани әлемі;
Адамның ішкі ой-санасы, сезімдік қасиеттері;
Адам, кісі, пенде.

Шәкәрім шығармашылығындағы осынау лингвомәдени таным жайлы ғалым Анаркүл Салқынбай толық тоқталып кеткен. «Жан» концептісі лингвоэтикалық әлем бейнесін анықтаушы категория деп білеміз. Әлем бейнесінің көзге көрінбейтін, оймен таралып, санамен сараланатын тілдік таңбасы ретінде танылатын «жан» концептісінің Шәкәрім ақын шығармаларында бейнеленуінің, әрі сол ұғымды лингвомәдени бағытта зерделеуінің маңызы да ерекше, аса бір күрделі мәселе. Ақын шығармаларында «Жан» концептісінің көркемдік-эстетикалық, танымдық ерекшелігі, семантикалық мәні мен ұғымдық мазмұны ашылуының өзіндік ерекше бір феномендік сипаты бар дүние.

Жан мәселесіне, оның тәнмен арасындағы байланысына ақын көп көңіл бөледі. Адам мен оның жаны туралы ғылыми концепцияға өзіндік пікірін айта отырып, сопылық ілім тарататын ойды одан әрі тарқатады:

Өмірдің сырын білгемін,

Талайдан сынап жүргемін.

Патша бол, бағлан бол, пайда жоқ бақтан

Әйтеуір бір құлайсың ақырда

Бұл шірік аяқ тақтан, -

деп ақиқат жағдаятты ескере отыра, «жан» сырын ортаға салады. Жан тазалығы, ар ілімі әрбір адам өмірінің мәніне айналса игі.

«Жан» суперконцептісінің* бейнелік-мәндік тұрақтылығы қазақтың ұлттық дүниетанымында ұғымдық, концептуалдық-онтологиялық деңгейде терең бойлайды. Осыған орай бұл ұғымға көптеген метафоралар мен фразалар қосылып қолданылып отырады. Шәкәрімнің «Мен адамның таппаймын өнерлісін» еңбегінде мынадай жолдар бар:

Жан – қожа, тән дегенің – жанның құлы,

Нәпсі неге білмеген бұрын мұны?

...Тән – терезе, қарайтын жан – иесі,

Жаннан шығар ақыл мен ойдың шыңы.

Шәкәрім осылайша жан мен тән бірлігіне терең тоқталып, адамдағы таза ақылмен, ақылдың көзін байламай байсалды түрде мәнін барлауды ұсынады. Иә, ақын тән мен жан байланысын, жанның тәнге матаулы болатынын айтады, алайда бұл «Данышпан Шәкәрім» еңбегіндегідей жанның тәнге тәуелділігі емес. Еңбектің авторы Ғ.Есім мылай дейді: «...Қандай болмасын жан өзіне тұрақ іздейді. Жан тұрағы – тән. Демек жан тәнге тәуелді. Бұл – тың ой...» Бұл пікірді ғұлама Абайдың да, Шәкәрімнің де толғамдарынан таба алмайсыз. Ақынның өзі айтқандай дәлелсіз сөзбен ілмей, бұл пікірдің дұрыс еместігін Шаһкәрімнің өз өлеңдерінен жөн жауап іздейік.

Біріншіден, жан тән жаралмай тұрғаннан бастап өмір сүреді:

Бұл жан басынан бар,

Ойла, тексер ақылмен.

Екіншіден, қожаның құлсыз да ғұмыр кеше алатыны жан мен тәннің байланысында деректі заттық тұлғалармен дәл сараланған. Сол себепті қожа мен құл, жан мен тәннің арасындағы байланыс мына тілдік бірліктермен берілген:

Жан қожа тәнге, тән – құлы,

Еріксіз айдап жүр демек.

Үшіншіден, тәнді өсіруші, жаратушы – жан. Олай болса жан тәнге, өзінің жаратқанына, өсіргеніне тәуелді бола алмайтындығы былайша берілген:

Жан өсіріп тұр тәннің баршасын,

Тән жан жаратты деме.

Шәкәрім шығармашылығындағы «жан» суперконцептісінің әр түрлі жіктемелік белгілерін профессор, ф.ғ.д. Салқынбай А.Б. «Шаһкәрім шыққан шың» монографиясында былай ашып көрсеткен:

Жан – орын. Жасыл күмбез ішінде Жан-тәнімен кім азат?

Жан – субстанция. Шақырды бір періште тәнімді емес, жанымды.

Жан – жеке тұлға. Тамам жан өзін өзі «мен» деседі, Өзгелерді жатырқап «сен» деседі.

Жан – кісінің ішкі жан-дүниесі. Жаны ашымай әлсізді аңша қырып, Мейірімсіз озбырлығы осындайлық.

Жан – автордың «мені». Шын жаным, қорғаным.

Шәкәрім бейнелеген «жан» ұғымын психологиядағы психосоматика ұғымымен байланыстары аламыз: Психосоматика - психологиялық факторлардың тән ауруларының пайда болуы мен ағымына әсерін зерттеумен айналысатын медициналық психологияның бір тарауы. Бұл білімнің аясында жеке тұлғаның мінез-құлықтары, эмоциялық жзәне психологиялық жай-күйінің белгілі бір соматикалық (тән) ауру арасындағы байланыс зерттеледі. Ілімнің ойынша, болып жатқан оғиғаға деген көзқарасыңызды өзгертсеңіз болғаны, сіздің тәніңіз өзіңізде бар эмоцияларды шығарудың жаңа әдістерін табады.Міне, теорияның негізгі мәні осында. Психосоматика медицинаның бір бұтағы тәрізді болып белгілі бір ауруларды емдемейді. Психосамотика адам тәнінің, ақыл-ойының және жанының үйлесімділігі туралы айтады, ол адамның қоршаған ортаға және осы дүниедегі өзінің орнына деген көзқарасын өзгертуге ұмтылады.

Әдетте біздің ойлаған ойларымыз тәнімізбен болып жатады. Мысалы суық жерден өтіп бара жатып «ай ертең ауырамын ау» деп ойласаңыз, дәл сол ойыңыз шындыққа айналғандығын көріп жатамыз. Сол себепті ойлардың материалды болатынын ескеріп, жанымыздың тыныштығы тәніміздің саулығына кепіл беретінін айта өткіміз келеді.

Қазақ дүниетанымының басты тірегі – «Малым жанымның садағасы, Жаным – арымның садағасы» деген ұстаным. Мал – байлық, жан – өмір, ар – руханилық өлшемі. Шәкәрім өмірдің мәнін де, сәнін де осы рухани тазалықтан, ақ жүректен, таза ақылдан - иманнан, ардан әкеліп табады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты Дидар; жетекшісі - ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Д.Жанатаев