Оқушыларға
Алматының алмасы
Алматыдан алыс кеткен адамды қаланың қайталанбас ақ жауыны, көрген көзді ынтықтырар ару қыздары және дәмі тіл үйірер алмасы сағындыратыны ақиқат. Алматы мен алма... Егіз ұғым. Шаһардың атауының да алмаға байланысты қойылғандығын барлығымыз білеміз. Алайда, не себепті қаланың атауына осы бір жемістің арқау болғандығын біреу білсе, біреу біле бермейді.
Алматы қырғыз тілінен аударғанда «алмалы мекен» дегенді білдіреді. Бұл атау қалаға кеше ғана тағыла салған жоқ. Сонау XV ғасырларда мұнда дулаттардың «Алматы» атты қыстауы болған. Бертін келе 1867 ж. 11 сәуірінде Верный қамалының атауы аз уақытқа Алматинск қаласы деп те өзгертілген болатын. Өйткені бағзы замандардан бері бұл өлкеде жабайы алмалардың көп түрі болған деседі.
Көп адамдар Оңтүстік астананың Алма-Ата атты атауын апорт алмасымен байланыстырады. Бұл жаңсақ пікір. Атау тікелей жабайы алмаларға байланысты берілген. Атақты академик Н.И. Вавилов 1928 жылы Кіші Алматы өзенінің аңғарындағы алма бағын көріп, жабайы алманың түрлерінің мұндай көптігін басқа ешбір жерден көрмегендігін және бұл өлкенің алма мәдениетінің отанына айналатындығын айтып кеткен екен.
Вавилов қалт айтқан жоқ! Расымен де солай болды. Жетісу жотарларында кең жайқалған жабайы алмалардың, алмұрттардың, шиелердің, өріктердің қалың тоғайларының көптігі мұнда жеміс шаруашылығының өркендеуіне қолайлы жағдай туғызды. Бұл өлкеде өсірілетін қысқы алма сорттары жер-жерге тасымалданса, алтын пармен, кандиль синап, сары бельфлер, қызыл кальвиль сынды алма сорттары Ресей базарларында жоғары сұранысқа ие болды. Дегенмен, біздің шаруашылықтың мақтанышы - апорт еді. Аз уақыттың ішінде апорт Жетісудың нышанына айналды. Атау таққанға шебер қазақ халқы апорт алмаға «алма патшасы», «алма әкесі» деген атақ берген.
Ал апорт қазақ жеріне қайдан келді?
1895 жылы Қазақстанға Воронеж губерниясынан жер аударылған Е.В.Редько өз отанында өзге алмалардан еш айырмашылығы болмаған апорт алмасының екпе көшетін Жетісу жеріне алып келіп еккен. Олар онда тез арада бой көтеріп, жеміс салады.
Қазіргі кезде Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында апорттың Александр және қан-қызыл атты сорттары кездеседі. Халық Александр апортын «Алматы апорты» деп атап кеткен.
ХХ ғасырдың басында Верныйдағы жеміс шаруашылығы тек қана Сібірде ғана емес, Ресейдің барлық аудандарына таралып, 1900 жылы Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрмеде ең жоғарғы бағаға ие болды.
Алматының алмасын жеуден шаршамайық.
Баймолдаева Мадина Батырқызы
Әл -Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
Филология және әлем тілдері факультетінің 1- курс студенті
Ф.А.Қозыбақова
Ғылыми жоба жетекшісі
Әл -Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті тарих және археология,этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры