Оқушыларға
Тарихы терең - Түркістан
Қасиетті Қазақстан картасына енген Түркістан облысы - күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен, тарихи астанамыз. Орталығы Түркістан қаласы Шымкент қаласынан 170 км. қашықтықта орналасқан. Қаланың шығысы тарихи Отырармен, солтүстігі Кентау қаласы және Созақ ауданымен, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі.
Түркістанда жүздеген хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ақындарымыздың, әулие-әмбиелеріміздің мазарлары бар. Бабалар сөзімен айтқанда Түркістан – түмен бап жатқан киелі қабірстан.
«Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда түмен баб, Отырарда отыз баб» деген сөз бекер айтылмаса керек. Облысымыз Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаша ата, Жылаған ата үңгірі секілді қасиетті жерлерімен және ежелгі Отырар қалашығымен ерекшеленеді. Жаз айларында Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан осы аймаққа келетін туристтердің саны артады. Қазақ халқы ғана емес көптеген ұлт өкілдері саяхаттайтын бұл өңірдің танымал жерлерімен қысқаша танысайық.
«Бабтардың бабы- Арыстан баб»
Кесене - Отырар ауданы, Қоғам ауылынан 3 шақырым солтүстік-батысында орналасқан. Бұл кесене XII ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Тарихи деректер бойынша XII-XVIII ғасырларда кесене бірнеше рет қайта салынып, қайта жаңартылды. Халық арасында оны 500жыл өмір сүріп, Мұхаммед Пайғамбардың қауымынан болғанын айтады. Арыстан баб бүгінгі күнге дейін ежелден келе жатқан ең жұмбақ тұлғалардың бірі болып қала береді. Арыстан баб кесенесі жанында емдеу қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар.
«Әзірет Сұлтан»
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі— Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған сәулеттік ғимарат. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған. Кейін бұл кесене мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды. Бұл кесенеге қай кезде барсаң да, тағзым етіп, дұға-тілектерін оқып жүрген адам саны азаймайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен көптеп келетін саяхатшылар да жиі көзге шалынады. Осыдан-ақ, бұл орынның қасиетті екенін айтпай түсінуге болады. Атап айтсақ, Түркістан облысындағы Сайрам деген жерде туған Ахмет Ясауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алады да, кейіннен Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. Одан соң, 1140 жылы Юсуп Хамадани, кейіннен оның екі мүритті дүние салған соң, қауымды Ахмет Ясауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ «мәртебелі» қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралған. Онда софизм идеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, жоқшылықта өмір сүреді. Сондықтан да, оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атап кеткен екен.
«Үкаша ата» мазары
Үкаша ата мазары – шамамен 6-7 ғасырларда өмір сүрген, Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уа салләм) пайғамбарға замандас болған ислам дінінің өкілі – Үкаша ата кесенесі, сәулет өнері ескерткіші.
Аңыз бойынша, Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Жергілікті тұрғындар “Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса – оқ, шапса – қылыш өтпеген” дейтін ертегіге бергісіз әңгімені ғасырдан-ғасырға жалғап, айтып келеді. Аңызға жүгінсек, қайсыбір мысық пиғылды, іштарлық танытқан дұшпандары қапияда бас салып, Үкаша атаны қапы қалдырып, бақиға аттандырған көрінеді. Таң намазында басы сәждеге енді барғанда дұшпанның қылышының соққысынан жерге салбырап түскен сахабаның мүбәрәк басы ешкімге ұстатпай, құдыққа түсіп кетеді. Ал, құдық болса, жерасты жолдары арқылы, сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады дейді, айтушылар. Себебі, құрбан болған сахабаның басы, сол балбұлақтан табылып, пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленіпті-міс. Бұл – Үкаша атаның «Иә, Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген арман-тілегінің орындалғаны болса керек.
«Жылаған ата» үңгірі
Түркістан қаласы маңындағы Бабайқорған ауылында «Жылаған ата» үңгірі бар. Бұл үңгірдің құдіреті сол, әр 30 минут сайын сарылдап су ағып-тоқтап тұрады екен. Судың неге белгілі уақытта ғана ағатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл үңгірдің алдында адам бейнесіне ұқсас тас бар. Сол тастың көз тұсынан оқтын-оқтын су шығады дейді.
«Жылаған ата» бұлағы болса, Түркістаннан 80 км ары, Абай ауылынан солтүстікке қарай, Жылаған ата өзенінің бойында. Ол үңгірге 300-350 метр биік үйінді болған жартастар арқылы ғана жете аласыз.
Үңгірдің аузы 8-9 метрдей болса, биіктігі 3-4 метр, ал тереңдігі 50-60 метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, сәл төменірек қуыс бар. Ол жерден ара-тұра су шығып тұрады. Ол жерге ешбір көлікпен жете алмайсыз. Тек жаяу-жалпы ғана жетуге мүмкіндік бар. Жол қиындау болғандықтан, шаршап-шалдығып жеткен жандардың тілегін Алла береді делінеді.
«Отырар» қалашығы
Отырар ауданы, Талапты ауылының оңтүстік шетінде, Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсына жақын орналасқан. Қалашықтың келбеті Қазақстан мен Орта Азияның ортағасырлық ескерткіштерінің көпшілігіне тән. Цитадель мен шахристан биіктігі 18 м келетін бес бұрышты төбе түрінде. Төбенің аумағы – 20 га. Айналдыра қабырғамен қоршалған. Оның кей тұстары қазірдің өзінде 75-800 тік. Қабырғада мұнаралар болған, олар қабырғаның сыртына шығып тұрған дөңгелекше келген төбешіктер түрінде сақталған. Қабырғаның сыртында жайпақ сай түріндегі ор көрінеді, оның тереңдігі 2-3 м, ені 10-15 м. Қалаға үш қақпа арқылы кіретін болған. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы, оңтүстік және солтүстік-шығыс қабырғада, үшіншісі батыс қабырғаның ортасында орналасқан. Отырар ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» — деді Елбасы.
Бакрамбекова Аяулым, Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.
Ф.Қозыбақова, ғылыми жоба жетекшісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры