26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Сырға толы Сараман






Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп атап өткен еді. Ұрпақтар сабақтастығын жалғап келе жатқан жаңа буын өкілдерінің кіндік қаны тамған жеріне деген қызығушылығы мен махаббаты оның өз Отаны алдындағы борышын түсіну үшін аса маңызды.

Менің қойнауында тарих тұнған, сан ғасырдың сырын кеудесіне бүккен киелі Кәукей ауылында туғаным- өмірімдегі ең үлкен бақ. Әрбір тасынан жақұттың жарқылын іздейтін бұл мекендегі Республикалық маңызы бар сәулет өнерінің ескерткіші, Кәукейден қанатын қаққан әр ақынның жырына арқау, суретшінің қылқаламына жан бітірген- Сараман-Қоса мұнарасы туралы әңгімелегім келеді.

Аталмыш мұнараның биiктiгi 11-12 метр шамасында, диаметрi 25 метрді құрайды. Iшкi жағын қам кiрпiштен (пiспе­ген), сыртын қыш кiрпiштен мiнсiз етiп өрген. Құрылымы дөңгелек, іші қуыс, жоғары қарай тарыла түскен. Сонымен қатар, төбе жағында үш қарауыл тесiгi бар, аузы оңтүстiк шығысқа қараған. Иә, сізде “осы бір қарапайым ғана ескерткіштің ерекшелігі неде?” деген ой туындаған болар. Оның бар құпиясы- сыры әлі күнге ашылып болмаған тарихында. ХІ ғасырда бой көтерген мұнараның салыну тарихы туралы түрлі болжамдар бар.

Бір аңызда Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жігіт Қосай дос болған деседі. Екі дос жер көріп, ел тану үшін ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдария өтіп, Арқаға қарай жылжиды. Бір күні Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенінің жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болған екен. Бесікте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қыз тойға қатысып отырған Сараманға көз қиығын тастап, бір-бірімен үнсіз ұғысып, оңашада тілдесіп, қашуға бел буады…

Қашқан үшеу аттары болдырғанша шауып, түн жүріп, күндіз демалып, алты күн дегенде Сырдан құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтіп Қуаңға жетіп қонады. Ертеңіне қуғыншыларды қазіргі ескерткіш тұрған төбеге жете бергенде бір- ақ байқады. Өздерінің құтылмасын білген Сараман елге жетіп қалса да, қалаға кірмеуді жөн көреді. Өйткені, “тұрақтарын білсе, әскер әкелер де екі жақ соғысар, егер осы қуған бетімен қалаға кірсе өздері шығынға ұшырар. Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзіміз мерт болайық” деп ойлайды. Сараман: “мен алдын бөгейін, Қосай, қызды алып Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен аман қалсам, сендерді табармын” – дейді. Сонда Қосай: «Екеуіңнің садағаң кетпесем, менің достығым қайда?! Жол менікі, кідірмеңдер», - дейді. Бірақ Сараман көнбейді. Қыздың алты ағасы жиырма жігітімен таяп қалады, қуғыншылардың күші басым екені сөзсіз. Жеті адамның жастығын алып, ақыры Сараман қолға түседі. Қыз бен Қосай ұзай алмайды. Төбенің басына шығып қараған Қосай шайқастың бітпесін біліп, қызға: «Осы бетіңмен қаша бер. Тірі қалсаң ұмытпағайсың, жаңағы шайқас болған төбенің басында Жент деген қала бар. Сараманның елі сол», - дейді. Қыз: «өзім қара жамылдым, еліне не бетіммен барамын?!» деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күші басым қуғыншылар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. …Хан жарлығымен әрқайсысын өзінің өлген жеріне жерлейді. Кірпіш бастырып, күйдіріп мұнара салдырады. Елдің айтуынша, сол мұнара “Сараман- Қоса аталып кеткен. Дегенмен, бұл қаптаған аңыздың бір нұсқасы ғана. Шынында, “Сараман- Қоса“ Қозы мен Баяндай, Қыз Жібек пен Төлегендей қосыла алмай кеткен қос ғашықтың құрметіне тұрғызылған мұнара ма әлде жаугершілік замандағы талай майданда бір- бірі үшін өліспей беріспеген адал достықтың белгісі ретінде қойылған ескерткіш пе, бұл жағы әлі күнге жұмбақ. Оның қоспасыз шындығы, сан ғасырлар бойы бұзылмай сақталуының сыры туралы талмай ізденіс жасап, тасада қалған тың ақпаратты келер ұрпаққа жеткізу- тарихтың жаңа ұрпаққа артқан үлкен үміті.

Авторы: Әли Шұғыла Қазиқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті

Жетекшісі: Қозыбақова Фатима Ақынбайқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры