26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Қасиетті мекен Аягөз






Аякөз деген - аядай бұлақ деседі.
Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?
Аякөз болып. ғасырлар алға көшеді,
Ая, көз, ая - Арулар елі кешегі!, -деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай тоғыз жолдың торабында орналасқан, махаббат ордасынаи айналған Аягөздің тарихи тамыры тереңде.

Аягөз-киелі аймақ. Әркімге өзінің туған жері, кіндік қаны тамған жерінің суы да, топырағы да қасиетті. Соны біліп, сезініп, топырағының қадірін, жусанының иесін, суы мен ауасының шипа екенін, ал осы жердегі өмір сүрген ата-бабамыздың рухты екенін өзіміз ғана біліп қоймай, жас ұрпақ бойына сіңдіре білсек бойымыздағы отансүйгіштік қасиетіміз нығаяды. Ал ендеше, өз туған жерімнің тарихынан сыр шертіп өтейін.

Қаланың қазіргі атауы ауданнан ағып өтетін Аягөз өзеніне байланысты қойылған. Ғалымдардың пікірінше өзеннің аты түркілердің Ай тайпасының атауы мен түркіше өгөз, өзен, яғни ай руының өзені дегеннен пайда болған. Ал халықта түркіше ая әдемі және «көз» деген нұсқа кең таралған. Аягөз жайлы әңгіме қозғалса «Аягөз ақындар елі, абыздар елі, махаббаттың бесігі»-деп мақтанышпен айтады. Сөзіме дәлел ретінде, махаббат дегенде күллі түркі әлемінің символы болған Қозы Көрпеш-Баян сұлудың отаны, абыздар дегенде - сонау Ташкенді билеген нар дауысты Нарынбай, Абылайдың бас елшісі қу дауысты Құттыбай, «Дала прометейі» атанған Ақтайлақ би, Жобалай мен Серікбай билердің ата мекені, сонау Ақтамберді, Дулат, Әріп сияқты төкпе ақын-жыраулардың, батырлар дегенде сол Ақтамберді, Ер Еспембет, Қазымбет, Орыс пен Құттымбет, Қасабай мен Шынқожа, Бердіқожа мен Шақантай, Матақ, Бөдес сияқты батырлар даласы.

Аягөз - ұлы Абылайханның өзі иығына алтынмен апталған тон жапқан Еспембет батырдың туған жері.

Аягөз - қолындағы ту сабын келесі ту ұстарға тапсырғанша ажал-мен тайталасып, жан тәсілімін ту түбінде тулап жатып тапсырған Қазымбет батырдың кіндік қаны тамған жер.

Аягөз - Қабанбай туы астында томағасын тұңғыш сыпырып, Жоңғар шапқыншыларына найза тіреп, қылыш суырған Шыңғожа, Бөдес, Бижігіт сияқты елі мен жері үшін шыбын жанын садақа еткенбатырлардың отаны.

Аягөз - қазақ-қалмақ соғысында тынысы талмаған дауылпаздар-атақты Ақтамберді жырау мен Боранбай бидің ата қонысы.

Аягөз - таңдайына бұлбұл ұя салған қу дауысты Құттыбай бидің, атағы алты Алашқа әйгілі Ақтайлақ бидің, «дала Геркулесі» атанған Барақ төренің де дүниеге келген өлкесі.

Аягөз «Туған жерден бір уыс топырақ бұйырмаса, тозақтан бір кісілік орын табылар» - деп, сүйегін сонау Түркістанға сүйремей, туған жерге жерлеуді өсиеттеген Байқара бидің, қарадан хан шыққан Қисықтың да мүрдесі жатқан жер.

Аягөз - дуалы сөзі жалпақ жұртқа жеткен Дулат, Түбек, Сабырбай, Қуандық, алапат дарын Әріп пен алмастай жарқылдаған Уәйістің, маржан сөздің киелі мұрасын ұстаған Адық, Саркөз, Төлеу, Есенсары сияқты орақ тілді, от ауыз ақындардың елі.

Аягөз-ақпанның ақырған аязында шабынып тұрған ашулы бураның жүрегін жарып жеп, жерінің басқан анадан туған Жәнібекке бата берген қаракерей Соқыр Абыздың төл топырағы.

Елбасы айтқандай, Аягөз жері де Қазақстанның киелі жерлері географиясына кіруге әбден лайық өлке. Себебі, Аягөз жерінде бүкіл қазақ халқының тарихында аса маңызды орын алатын жоңғар-қазақ шайқасының күрделі сәттерінің өткендігін бүгінгі және келер ұрпақ ешқашан ұмытпауы тиіс. Атап айтқанда, елдігіміз бен ерлігімізге сын болған, бабаларымыздың ерен ерлігі мен қайтпас қайсарлығын, туған жерді ата жаудан қорғап қалудағы қаһармандығын әлемге паш еткен бұл шайқастың барысында осы өлкеде қазақтар алғашында адам айтқысыз жеңіліске ұшыраса, кейіннен жоңғарлар осы өңірде қазақ халқымен достық шартқа қол қойды. Ендігі кезекте осы оқиғаларға қысқаша тоқталып өтейік.

1717 жылы Қайып хан мен Әбілхайыр хан қазақ ордасының отыз мың әскерін бастап Дүрбін-Ойратқа қарсы аттанған. Бұл бір үміт күткен жорық еді. Аттаныс алдында біраз уақыт соғысқа жаттыққан екі жақ Аягөз өзенінде беттесті. Мылтықпен қаруланған, өзеннің арғы бетінде шеп құрған мың қаралы қалмақ ұзақты күн оқ атып, қазақтарға қарсы қадам аттаттырмады. Кеш бата ағаш кесіп, бекінісін нығайта түскен қазақтардың бір бөлігі өзеннің жоғарырақ тұсынан өтіп, шеп құрды. Сөйтіп отырғанда қалмақтарға көмекке мың жарым адам жетті. Үшінші күні таң бозында қалмақтарға тағы да мол әскер келіп қосылды. Тың күшпен басталған қалмақ шабуылы қазақтарды ту-талақай қылды. Осыдан келіп, кейіннен Әбілхайырдың әйгілі «Аягөздің кебін киеміз» деген сөзі ел арасына тарап кетті.

Ал, қалмақтар қазақ халқымен келісімге келетін сәтіне келер болсақ, жоңғар ханы Қалдан Церен 1745 жылы өлгеннен кейін жоңғарлардың өз ішінде алауыздық басталады. Оның үстіне Қытай императоры Циньлун әскерлері 1758 жылы Жоңғарияны жаулап алады. Осыдан келіп Кіші және Орта жүз жеріне қауіп төнеді. Осы жағдайларды екшелей келіп, Абылай хан қытайлармен арадағы қарым-қатынасты сақтай отырып, қалмақтармен шарт жасасты. Бұл шартқа отыру үшін әр жақтан екі мың адамнан қазақ- қалмақ өкілдері жиналып Аягөз өзенінің бойындағы бір соғыста қалмақтың Қандыжап деген ханы өлген Батпақсу деген саласында келіссөз жүргізді. Бұл келіссөзге Көкшетаудан Абылай хан келіп, Ер Жәнібек және басқа көптеген халқымыздың батыр-бағландары қатысады. Бұл шарт қалмақтың осы жерінде қаза тапқан қонтайшысының есімімен тарихта «Қандыжап шарты» деп аталса, ел ішінде бейбіт заман тыныштық орнады деген сөзбен Батпақсу өзені ендігі кезекті мамыражай өмірдің белгісі ретінде «Мамырсу» деген атқа ие болады. Осылайша «Қандыжап шарты» кейіннен халық арасында «Мамырсу келісімі» деген атқа ие болған. Аягөз өңірінде өткен осы тарихи оқиға бұл өлкеде болған және оған келген саяхатшылар мен зерттеушілердің назарынан еш уақытта тыс қалмаған.

Аягөз - бүкіл қазақ жерінің бренді болғандай Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға соғылған ғажап мавзолей орныққан орын. Таңсық теміржол бекетінен күн батысқа қарай 10 шақырымдай жерде Аягөз өзені табиғат -ананың шебер қолымен ерекше әдемі сызылған жарты шеңбер бойымен садақтың иініндей арна жасап, ағып өтеді. Осы иіннің дәп ортасындағы биікше төбеде махаббат мавзолейі тұр. Біз осы уақытқа дейін қос ғашыққа арналған жауһар жырға таңданумен шектеліппіз де, жұмбақ тұнған үнсіз архитектуралық кереметтің ішкі сырына үңілмеппіз. Ескерткіш адырнасы оншақты шақырымға тартылған алып садақтың алып жебесіне ұқсайды. Ескерткіш жебенің нысанаға байлағаны жауыздық. Мавзолей пирамида үлгісімен қаланған. Бұл да төрт қырлы, бұл да сүйір. Ескерткіш өткеннің жәй жаңғырығын емес, рухани өнегесінің толғаныс- күйзеліске толы темпераментін бүгінге салқындамаған қызуымен жеткізді. Түн-түнегінің ызғарын да, күн-күнесінің шуағын да кейінгі ұрпақ зердесіне аманаттапты.

Міне, менің өңірімнің қысқаша тарихы осындай. Осындай тарихы тағлымды өңірдің келешекте дауылға да, жауынға да қарсы қона беретін сан ақиықтарға толғақты болатынына күмән жоқ. Тектілік тамыры Аягөзде соғуын тоқтатпақ емес.

Дайындаған: Берікханова Арайлым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті

Жетекшісі: Қозыбақова Ф. А Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры