Оқушыларға
Қылқалам шебері - Әбілхан Қастеев
Жазиралы Жаркент топырағы -талай дарындарды дүниеге әкелген құтты мекен. Жаугершілік заманда қолына найза алып жер қорғаған батыр да,орақ тілді от ауызды шешен де,күміс көмей әнші мен сөз маржанын тізген ақын да,төрткүл дүниені өнерімен тәнті еткен таланттар да шыққан- бұл өлкеден. Сол ұлылардың бірі әрі бірегейі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы,Қазақстанның халық суретшісі ,көркем сурет шебері- Әбілхан Қастеев. Әбілхан Қастеев1904 жылы Алматы облысы ,Жаркент қаласы,Шежін ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Сегіз жасында әкесінен жетіп қалып,байдың малын бағады. Кең даланың төсінде қиялына қанат бітіре жүріп, жан сарайын тербеген әсем көріністі құмға,тасқа бейнелейді. Ол кездері қарапайым ауыл баласының қылқаламмен қағазға сурет салуының өзі арман еді. . . Әбілхан жастайынан ешбір өнер мектебінен тәлім алмаса да,туған жері оның өнерінің бастауы болды. Ең кереметі сол,Әбілхан Қастеев бұрын соңды ешкім көтерілмеген биікке,өнер биігіне шықты. Қазақстанның халық жазушысы Ғ. Мүсіреповтің: «Қазақтың кім екенін білгің келсе ,Шәмшінің әндерін,Әбілханның суретін зертте» дегені бекер емес -ті. Себебі,Әбілхан шығармаларында өмір бар. Ол өмір- туған жерінің, қазақ елінің тарихы. Шындығында, Әбілхан Қастеевтей Отанға деген шексіз махаббатын қылқаламмен көркем бейнелей алған суретші кемде -кем. Америкалық суретші Рокуэл Кент : «Әбілхан Қастеевтің шығармаларын көріп ,кең байтақ Қазақстанды аралап шыққандай әсер алдым» деген сөзі соның дәлелі. Әбілхан Қастеев ғұмырында төрт мыңға жуық сурет салған екен. Ол шығармаларының басым бөлігінде,тіпті барлығында дерлік туған жер тағдырын өзек еткен. Оның «Түрксіб» , «Бие сауу» , «Амангелді сарбаздары» , «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қос құрбы», «Қыз ұзату» сынды туындылары соның айғағы. Марапаттары мен әлем әйгілілерінің Әбілхан өнеріне берген бағасының өзі бір төбе.
2004 жылы Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Париж қаласында көрмесі өткізілді. Суретшінің туған жерінде саябақ ашылды. Мемлекеттік өнер музейіне және бірнеше білім ордалары мен қала көшелеріне есімі берілді. Әрине ,ер есімінің ескерілгендігі қуантады. Бірақ, бұл аздық етеді. Осы мақаланы жазу барысында біраз ойға шомдым. Неге біздің еліміздің саф өнерін әлемге әйгілі еткен айшықты тұлғаларымыз әлі күнге дейін күнгейде қалып келеді?. . Неге біздер арда азаматтарымызды өз деңгейінде құрметтей алмай келеміз?. . . Шынында, ұлы тұлғаларымызды тек туған күнінде еске алынуы жанды жабырқатады. Тіпті , тарихта ойып тұрып орын алған саңлақтардың шығармашылығынан беймәлім замандастарымды көргенде сұрқым қашады. Бұл дегеніміз біздің өз асылымызды ,ұлттық рухани қазынамызды тани алмағандығымыздан деп білемін. Ал тарихын тани алмағанның болашағы бұлдыр. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдерін» жаңғырту қажет екендігін баса айтқан болатын. Айтып қана қойған жоқ,нақты қадамдарды да көрсетіп берді. Енді тек әрекет қажет.
Мен Әбілхан Қастеевтей дарындар шыққан жерде дүниеге келгенімді ойласам кеудемді ерекше қуаныш сезімі билейді. Осындай керемет тұлғалардың өмір жолын өскелең ұрпақ білсе,тағылымды тағдыр жолын үлгі етсе деймін. Арда азаматтардың өнерін тану үшін олардың туған жеріне тек өзімізден ғана емес, шет елден туристер ағыл -тегіл келіп ,көзайым болса деймін. Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 117 жыл толады. Осы мерейтой аясында игі істер атқарылса нұр үстіне нұр . Танымал суретші Николай Хлудов бойындағы жан сезімін жасыра алмай: «Осыншама жасқа келгенде қазақтан шыққан мұндай талантты суретшіні көргенім үшін бақыттымын» деген екен. Ал мен Әбілхан Қастеевтей арда азаматтың ұрпағы және жерлесі болғаным үшін шексіз бақыттымын.
Асқар Алуа Әл -Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1- курс студенті Ф.А.Қозыбақова Ғылыми жоба жетекшісі Әл -Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті