26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Көкбай салған сара жол: Көкбай салған медресеге 120 жыл






«... Адам баласы ұшқыр ой, көп ақыл, өткір сезім қайратының арқасында ғылым, білім, өнер тауып, өзгеден үстем дүние жүзінің қожасы болып отыр» деп Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы қазақ халқын төрткүл дүниенің қожасына айналдырған білім жүйесінің тарихы тереңде. Сол келелі тарихқа көз жүгіртіп, Көкбай салған медресенің тарихына қанық болайық.

Қазақ даласындағы оқу-ағарту жүйесінің тарихы

Деректерге сүйенсек, қазақ жеріндегі білім жүйесі VIII-Х ғасырларда қалыптасты. Осы уақыт аралығында алғаш медреселер мен мұсылмандық оқу орындары пайда болған болатын. Білім нәрімен сусындатудағы негізгі мақсат Құранды араб әліпбиімен оқыту еді. Медреседе тәлім алған талай шәкірт қазіргі ғылымның негізін салуға үлес қосты. Мәселен, 2020 жылы ірі көлемде 1150 жылдығы тойланған Әл-Фараби бабамыз да медреседен тәлім алған болатын. Қазақ әдебиетінің негізін салған Абай оқыған «Ахмет Риза» медресесі, Алаштың арыстары білім алған «Ғалия» медресесі және т.б. Діни білім мен жаңашылдықты да қалыптастыра білген білім ордалары ұлы адамдарды түлеп ұштырған еді. Орыстың отарына айналған соң, XIX ғасырдан бастап түрлі мектептер салына бастады. Сонымен қатар, арнайы кітапхана да іске қосылды. Алайда езгіде күн кешкен қазақ қоғамында діни білімнің жағдайы мәз болмады.

Ал білім жүйесінің шарықтау шегі мен ірі өзгерістері 20-30 жылдары болған еді. Алаш арыстарымен басталған ағартушылық жолы әрі қарай жалғасты.

Сол уақыттағы негізгі өзгерістер мыналар еді:
1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды.
1921 жылы ақпанның он сезігінде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-тех. білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды.
1922 – 23 жылдары ұлт мектептерін төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды.
1920 – 30 жылдары еліміздегі білім беру мектептерінің оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-і күрделі жөндеуден өткізілді.
1927 – 28 жылдары республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбі 7 жылдық мектепті бітірісімен техникумдар мен ФЗО-ларға кетіп жатты.
1929 жылы республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тілі болып келген араб әліпбиінен латыншаға көшуі оқу-ағарту дамуына үлкен соққы болып тиді. Араб әліпбиімен шыққан мәдени бай мұралардың көбі отқа өртелді.
1940 жылы латын әліпбиінен кириллицаға көшу елдегі ағарту ісін тағы көп жылға шегеріп тастады.
1937 жылы қазақ бастауыш мектептерінің саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жетті. (Хронологиялық деректер Википедия сайтынан алынды)

Көкбай салған сара жол

Қазақ даласындағы білім беру үшін бірталай азаматтар атсалысты. Сондай медресселердің бірі – Көкбай Жанатайұлының өз қаржысына салдырған білім ордасы. Биыл медрессенің салынғанына 120 жыл толды. «Көкбай» десе есімізге Абай түсері анық. Көкбай есімін білім беру ісімен де байланыстыра аламыз.

Көкбай Жанатайұлы 1861 қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Тақыр ауылында дүниеге келген. Көкбай – ақын, ағартушы, Абайдың шәкірті әрі досы. 1910 жылы Уфа қаласына барып ресми молла дәрежесін алған. 1913 жылы Меккеге барып қажы болып қайтқан.Абайдың “Жаз”, “Күлембайға” сынды өлеңдері алғаш Көкбай атынан “Дала уалаяты” газетінде жарияланды.

Абай өлгеннен кейін бірталай жылдан соң, жасы ұлғая бастағанда, Көкбай қайтадан бұрынғы молдалығына ауысады. Ел ішінде медресе салып, бала оқытады. Алайда молдалықпен қатар ақындық өнерін қатар алып жүреді. 1924 жылдан бастап Абайдың өмірбаянын жазушылар үшін Абай жинағын құрастыруға атсалысқан болатын. Ұлы ақынның мұрасын зерделеп, зерттеп осындай үлкен мұра етіп қалдырған жандардың бірі еді. 1909жылы Кәкітай Абай еңбектерінің аз бөлігін бастырып шығарған болатын. Көкбай қалған деректер мен өлең шумақтарын жинап, кейіннен өзінің есінде қалған жыр жолдарын да қағаз бетіне түсірген болатын.

Содан кейін ұлы ақын салған сара жол жайлы мәлімметтерді жазуда да Көкбайдың еңбегі сіңді. 1933 жылы Көкбайдың айтуымен құрастырылған Абай өмірі туралы деректер жарық көрген болатын. Міне, Көкбайдың қазақ әдебиет тарихына келтірген осындайлық кесек пайдасы бар. Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай бұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады. Тек бертін келіп, “Жаз” өлеңін жазған соң ғана Абай барлық өзі шығарған өлеңдерін өз атына ауыстырып алады.

Көкбай шығармалары кең көлемді: айтыс, эпиграмма, арнау-өлеңдер және тағы басқалары сақталған. Мәселен, «Сабалақ», «Абылай», «Құлынды», «Наурызбай-Фатима», «Һарун Рашид» поэмалары және т.б. Ақынның «Әріпке», «Төребайға», «Молдабайға», «Дүтбайға», «Ағыбайға», «Оспанға», «Салдарға» сияқты өлеңдері белгілі. «Дүтбайға», «Мұсажанға», «Семей саудагерлеріне» шығармаларында ақын тапқыр сатирамен екіжүзділер мен парақорларды әшкерелейді.Көкбай Жанатаевтың суырып салма қасиеті оның айтыстарынан байқалады. Ол ақын әрі досы Әріп Тәңірбергеновпен, Кемпірбай ақын, Мұсағали, Жүнісхан, М. Дулатов, Абайдың немересі Әубәкірмен айтысқан. Ақынның маңызды туындыларының бірі – «Сабалақ».

Көкбайдың «Ленинге», «Абайға», «Тоғыз көк», «Кәрілік» сияқты әндері белгілі. Көкбай Жанатаев шығармаларының басым бөлігі қолжазба түрінде сақталған. Оның Жүнісханмен айтысы, Абай туралы естелігі жарияланған. Сауат ашқан соң, Төлетай молдадан дәріс алады. Кейіннен Қамали қазірет медресесінде, училищеде білім алады. Абаймен бірге 25 жылдай уақытын өткізді.

Көкбайдың Абаймен жақындығын ұлы ақынның өлеңдерінен көреміз:

Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да жырлайды.
Ол жыламай қайтіп тұрады,
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
... болмаған соң
Жылауына зорлайды.

1901 жылы өз қаржысына медресе ашты. Мұнда сол мекендегі қазақ балаларын оқытты. Сабақ араб және орыс тілінде өтілген болатын. Оқулық ретінде шәкірттеріне “Араб тілінің қағидалары” кітабын өлеңмен жазып шығады.Медресседе 200-300 бала оқыған. Білім ордасына Найман, Тобықты, Керей, Уақ сынды әр елден жиналған шәкірттер жатып оқыған. Сонымен қатар 1908 жылы діңгесі биік мешіт салдырды. Оқу жүйесі қалыптасқан соң, медресені заманауи ұстаздарға тапсырды. 1921 жылы науқасқа шалдығып, Мәскеу, Томск, Санкт-Петербург, Омбы сынды ірі мекендерге барып емделеді. 1924 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай өткен кешке қатысады. 1925 жылы қайтыс болады.

Көкбай Жанатайұлының музейі ШҚО әкімінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі № 560 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Қорыта келе, бүгінгі ғылыми еңбекте Көкбайдың өмірі мен қаақ қоғамындағы білім алу жүйесі туралы біршама деректер беруге тырыстым. Деректер мен хронологиялардың ретін сақтап, Көкбай мұрасы жайлы мол мәліметті алуға ұмтылдым. Келер ұрпақ Көкбайдай ұы адамның еңбегін, білімге деген құштарлығын ұмытпаса деген мендегі тілек.

Дайындаған: Еркімбек Ақерке Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті

Жетекшісі: Ф.Қозыбақова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры