26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Ұлы ағартушы - Ыбырай Алтынсарыұлы






Үстіміздегі жылы қазақ халқының ұлы ағартушысы, педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толады. Өз заманындағы жаңашыл-педагог, ғалым-этнограф, прозашы, қазақ әліпбиінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсаринның өмірі мен шығармашылық қызметі қазақ халқының тарихындағы жарқын беттердің бірі болып табылады. Ы.Алтынсарин 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы Затобол ауданында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасы Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленеді. Бала кезінен-ақ білімге зейіні болған және өз бетінше оқуға бейімділігімен көзге түскен Ыбырай Ресей қоғамының сол кезеңдегі зиялы азаматтарымен жиі араласып тұрды. Орынбор қаласында оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В.Григорьевпен жақын танысады. Ол өзінің бай кітапханасымен Ы.Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етеді, нәтижесінде болашақ педагог көп уақытын В.В.Григорьевтің кітапханасында өткізеді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық және халқына білім-ғылым саласында көбірек пайда келтіруге бағытталған арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік мақсатына айналады. Осылайша, ол алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынып, «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі арқылы қазақ балаларына ұран тастап, оларды білім алуға шақырады.

Алғаш ашылған қазақ мектебінің өткені мен бүгіні ұлы ағартушы-педагог есімімен тығыз байланысты. Орыс жазу таңбалары негізінде қазақ әліпбиінің құрастырушысы Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық қызметі 1860 жылы басталғаны мәлім. Көптен күткен арманы орындалып, қазақ мектептерінің қара шаңырағы тұңғыш білім ошағы ашылады. Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына білім мен тәрбиенің негізгі көзі оқулық екенін және оның мазмұны бала табиғатына жақын, қызықты етіп шығару қажеттігін түсініп, 1876 жылы «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кіріседі. Бұл Хрестоматия 1879 жылы Орынборда басылып шығады.

Ыбырай Алтынсарин педагогтік қызметі мен жан-жақты терең білімін, қайраты мен жігерін жас ұрпаққа арнады. Өінің бар саналы ғұмырын ағартушылыққа, яғни ізгілік педагогикасына бағыттады. Еліміздің Тәуелсіздік жылдарында білім-ғылымы өсіп, өркендеген республикаға айналды. Бұл - Ыбырай атамыздың қазақ халқын білім шыңына жеткізуді армандаған мақсатының шындыққа айналғанының жарқын көрінісі.

У.М.Джолдыбаева Әл–Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

М.Ш.Шалқарова Әл–Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінің 1-курс студенті