26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Сақтансаң сақтаймын!






2020 біздің өмірімізге, жалпы адамзаттың өміріне өзінің тың жаңалықтарымен енді. Елді аяғынан тік тұрғызған Коронавирустық инфекция (COVID-19) анықталды. Пандемия 13 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бұл індетті жұқтырған адамдар анықталған сәттен бастау алды. 3 сәуірге дейін COVID-19 елдің барлық аймағына таралып үлгерді. 16 қарашадағы ресми статистикалық ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда коронавирус індетін 120,463 адам жұқтырған, 109,643 адам бұл аурудан сауығып, 1,899 адам қаза тапқан.

Әрине, ешкімге оңай соққан жоқ. Бірінші орында, еліміздің тыныштығы мен халықтың амандығы ғой. Дегенмен де, елімізде орын алған басқа да жағдайларға көз жұмып қарай алмаймыз. Қауіпті вирус жұқтырған адамдардың саны күннен-күнге өсіп жатқандықтан, сол бір жағдайлардың алдын алу мақсатында еліміздегі көптеген қалалар мен облыстарда COVID-19 вирусына шалдыққандардың санын азайтуға бағытталған ерекше шаралар мен карантин режимдері енгізілді. Еліміздің басты екі қаласы толығымен жабылды. Басқа да өңірлердің шекараларына шектеулер қойылды. Карантиннің салдарынан Қазақстанның ішкі өнімдері азайды, бірқатар салалардың даму көрсеткіштері кеміді. Құрылыс жұмыстары, сауда, көлік салалары құлдырады.

Әйтседе, әр нәрсенің өзінің қайыры бар дейді ғой. Кез келген нәрсенің жақсы жағын көре білуіміз керек. Осылай болдыма, демек, Жаратқанымыздың қалауы солай болды. Мысалы, өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, байланыс қызметтері және ауыл шаруашылығы салаларында өсім бар. Жоғарғы оқу орындарында, орта мектептерде оқу түрінің жаңа форматы «онлайн» оқу жүйесінде білім алуды үйрендік. Қазіргі таңда енді карантин біртіндеп жеңілдетілуде. Жалпы, экономика салаларының қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, қызметтер көрсету секторларының белсенділігі қалпына келтіріліп жатыр.

Жалпы, індет барысында елге танымал көптеген жандар, бірінің жақыны, бірінің достары қаза тауып жатты. Оның барлығы, әрине, ауыр тиюде. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтаймын!» – дейді ғой. Алланың кітабында да: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасалған. Сондықтан да, барлық санитарлық шараларды ұстанып, мамандардың айтқанына құлақ асып, сақтанып жүрейік. Денсаулығымызды қадірлейік! Өзімізді ғана емес, жан-жағымыздағы адамдарды, жақындарымызды бағалай білейік. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дегім келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ www.kaznu.kz Дінтану мамандығының студенті Абдикаликова А., аға оқытушы Тунгатова Ұ.А.