26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Сан ғасырлық Соқпақбаев мұрасы!






Өзінің шығармашылық шеберлігімен тереңдей танысуыма „Өлгендер қайтып келмейді” еңбегі арқылы көзге көрінбес көпір бола білген Бердібек Соқпақбаев мұрасы әдебиет майданынан ойып тұрып орын алғаны кітапсүйер қауымға дәлелді дүние. Осынау көлемді роман - адам өмірінің өзгеріссіз тұстарын көз алдыңа келтіріп қана қоймаи, көкейіңе тоқып, санаңа түйіп алар астарлы ақиқатты әсерлі әңгімелей білуімен де бағалы.

Шығарма мазмұнына қысқаша тоқталсам, үш бөлімнен тұратын аталмыш туынды соғыс жылдарымен бетпе-бет келген ұрпақтың ар мен азапты, мұң мен мазақты, беймаза тірлік пен тозығы шыққан, бірлігі тұралаған тұрмыс- тіршілігін баяндауды мақсат етеді. Соқпақбаев өз қаламының қарымын бұл жолы да жинақы, бас-аяғы бірыңғай өміршең прототип тарапынан баяндалатын бүтін бір тарихи кезең көрінісін көз алдыңа келтіруге жұмсаған.

Бірінші бөлімде он алты жасар Еркін атты бозбаланың анасы мен ағасының, аса мейірлі жеңгесінің жанында жастық дәуренінің жайма-шуақ күндерінің зұлматты соғыс кезеңіне тап келіп, майдан дүрбелеңі моральдық мәселелерді қозғап, күрделі процестерге ұласуын бейнелейді. Күтпеген күйзелісті жылдар-адамдарды ажыратты, тағдырларды түбегейлі бұзып, барлық арман-мақсаттың күл талқанын шығарды. Бұл талқандалудың ішінде Еркіннің таудай арманы, талапты тұжырымдары да тасаланып, әдебиетке деген – әдемілікке деген ұмтылысы ұлттық қаңғыруда қиратылып тасталды.

Екінші, және үшінші бөлім – кейіпкердің жеке өмірінің баспалдақтарын бұрынғыны қайта қарау, соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру құбылысы негізінде, жаңаша түсінік, сезім, сатқындық, намыс, жаңашылдық, пендешілік сынды бірін-бірі алмастырып келетін адами аспектілерді ашып көрсетіп, адамдар арасындағы қарым-қатынастың қалтарысты тұстарын түгелдей түйсінуді ұсынады.

Соңғы жағында жастайынан туғандарынан ажырап, жауыздық пен жек көрінішті қатар сезініп, өмірдің ақ-қарасын ерте ажырата білген Еркіннің шығармашылыққа бейім бейнесінің жазушылыққа аяқ басуы – ойы сергек оқырмандар үшін сенімді сәт.

Дәл осы шығарманы оқу барысында, әр заман адамдарының бастан кешкен өмірі- тек сол замана психологиясын суреттейтіні, әр адамның – балалық шағының да өмірлік деңгейде үлкен әсері болуы сол кезеңнің санада сақталған салмағын өшіріп, немесе бірден жойып жібере алмайтынын түйсіндім. Бұл роман – қазақ салты мен санасын улаған жылдардың трагедиялық туындысы, оны оқу- тарихи кезеңді түйсіну, бабалар аманатын- аялау, батырлар ерлігін- дәріптеу, халқына адал қызмет қылған қайраткерлерімізді дәріптеу мақсатын межелеген. Және әрбір қазақ менталитетін құрметтейтін тұтынушылар үшін- ұрпақ тәрбиесінің, адами құндылықтар қағидатының рухты құралы!