26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Тәуелсіздігім – туыммен тұғырлы, елтаңбаммен еңселі, әнұраныммен айбатты






Тәуелсіз ел - ешкімге бағынбайтын, өз заңы мен өзіне тән рәміздері бар мемлекет. Ол –жаратқанның берген бағы. Ал, біздің елге мұндай бақ жиырма тоғыз жыл бұрын бұйырды. Яғни, 1991жылдың 16 желтоқсаны «тәуелсіздік» деген ұлы сөзді айнымас серік қылып, болашаққа деген сеніммен қараған күн. Көк туы мен елтаңбаға қарап-ақ Ұлы дала елінің болашағына алаңдайтын жөні жоқ сияқты.

Тәуелсіздігім – туыммен тұғырлы. Туды құрметтеу, қастерлеу ел азаматтарының естен шығаруға болмайтын парызы. Қазақстанның мемлекеттік туы 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды, авторы белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Ал тарихта тудың рөлі ерекше болған. Айталық, екі ел соғысқанда сарбаздар туды құлатуға тырысқан. Себебі, тудың құлауы жеңілісті, ал қарсыластың қамалына тігілуі жеңісті білдірген. «Жау жүрек мың бала» фильмін білмейтін қазақ жоқ шығар. Аталмыш кинотуындының соңғы минуттарында жауынгер мың баланы басқарған Сартай батыр денесін оқ құшса да, жаралы болса да қалмақтардың туын құлатады емес пе?! Сонда, жалауының желбіремей жерде жатқанын көрген жоңғарлар бірден шегініп, тентірей қашпаушы ма еді?! Тағы бір қазақ тарихында, әлем тарихында мәңгі қалатын оқиға бар. Ол – Ұлы Отан соғысының қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тігуі. Жиырма жастағы қазақ қыранының «Гитлер үйінің» төбесіне өз Отанының туын тігуі ерліктің ең беделдісі еді. «Рейхстагқа ту тіккен - қазақ Рақымжан Қошқарбаев» деген сөздер тарих сахнасында мәңгі қалары сөзсіз. Міне, тудың қадірі мен құдыретін ата-бабаларымыз салған сара жолдан-ақ көруге болады.

Тәуелсіздігім – елтаңбаммен еңселі, әнұраныммен айбатты. Егеменді ел болғаннан соң елтаңбамыз бен әнұранымыз да жарық көрді. 1992жылы қазақстандықтар арасында мемлекеттік рәміздердің жобасын жасау туралы байқау өтеді. Сол байқауда тудың 1200 түрлі нұсқасы, елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 түрі ұсынылған екен. Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібековтың туындысы бүгінгі күні Қазақстанның символына айналған Мемлекеттік Елтаңбамыз атанды. Елтаңбамыздың мән мағынасын ашып айтпасақ та, бәріміз білеміз. Қанаттарында бидайдың сабағы бейнеленген қос пырақ – молшылықтың, дәулеттіліктің, жан-жағын айнала қоршаған уықтар дәл ортада тұрған шаңыраққа жиылып – бірліктің, төбесіндегі жұлдыз бен көгілдір аспан – мәңгілік тәуелсіздіктің белгісі. Бір ғана елтаңбамызда тұтас бір ұлтты, тарихы тағылымға толы халықты бейнелейтін көрініс жатыр. Елтаңбаға қарап-ақ жігерленіп, еңсені тіктеп алуға әбден болады. Ал Мемлекеттік Әнұранның жөні бөлек. Батырлан ұранды жауға шапқанда рухын көтеру үшін айтқанын әдебиет айқындап берген. Әнін аты аңызға айналған композито Шәмші Қалдаяқов жазса, өлеңінің автторлары ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Ешкімге таныс емес әнді алғаш шырқағандар, 1986 жылы алаңға шыққан қазақтың жалынды жастары еді. Оң қолды кеуденің сол жағына жүрек тұсына қойып әнұранды шырқағанда, кімнің де болсын бойы шымырлап, ерекше сезімге бөленетіні анық. Отанымыздың атын шығарып жүрген спортшыларымыз да ұранымызды әлемге әйгілі етіп жүр. Міне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына 28 жыл.

Бүгінгі таңда Қазақ елінің тәуелсіз ел атанғанына 29 жыл толғанымен, көптеген қазақ отбасылары тәуелсіздігімізден бұрын жаңа жылға белсене дайындалып, 16 желтоқсаннан аттап кетуде. Қазіргі заманда жасөспірім балалар тәлім- тәрбиені отбасыдан ғана емес қоғамнан да алып жүр. Қолымызға қонған тәуелсіздіктің бақ құсын ұшырып алмай берік ұстауымыз үшін,өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәуелсіздік үшін ата бабаларымыз қалай күрескендегігі жайлы терең түсіндіру қажет.

Егемендікке қол жеткізіп, ұрпаққа қазына етіп қалдырған бабалардың еңбегі ерен. Тәуелсіздіктің көк аспанында туымызды желбіретіп, елтаңбамызды қастерлеп, әнұранымызды шырқап өту біздің парызымыз деп түсінемін. Бұл – бабалар аманаты, ал аманатқа қиянат жасаған халық оңбайды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, аға оқытушысы Тунгатова У.А,

Дінтану мамандығының студенті www.kaznu.kz Разбекова М.К