26 Қараша, Сейсенбі

Оқушыларға

Міржақып Дулатұлына 135 жыл






Жиырма жасында ұлтын оятып, ұран салған Міржақып Дулатовтың туылғанына биыл 135 жыл толып отыр. Елім деп, жерім деп халқы үшін жанын аямаған атамыздың бұл жасын атап өту біз үшін үлкен мәртебе.

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Міржақып Дулатовтың ұлты үшін жасаған қызметтері, еңбектері қазіргі таңда әр қазаққа аян және мақтаныш. Небәрі жиырма төрт жасында «Oян, қазақ!», – деп ұлтына ұран салған Міржақып Дулатов Алаш қозғалысының басында тұрған еді. Бұл жолда ол кісі көп еңбек етті.

М.Дулатов жастығына қарамастан, ұлтына аянбастан қызмет еткен ұлы тұлға! Жастайынан ата-анасынан айырылсада сағы сынбай алға ұмтылды. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға серт беріп, халық ісіне бар болмысымен, ынта-жігерімен араласады. Осы жолда қайраткер 1904 жылы Омбы қаласына келді. Осында қаны бөлек болсада халқына деген қызметі бір, ағасындай болған Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновпен танысты. Сол кезден бастап бірі-ұстаз, бірі-шәкіріт болып ажырамады.

1905 жылы А.Байтұрсыновпен бірге ол Қарқаралыдағы бұқаралық жұмыстарға қатысады. Сол жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған «Қарқаралы петициясын» жазғандардың бірі болды. 1907 жылы М.Дулатов Конститутциялық демократтар партиясы делегаттары қатарында Санкт-Петербургке Бүкілресейлік съезге барды. Сол жылы Санкт-Петербургте жалғыз ғана нөмірі шыққан «Серке» газетінде «Жастарға өлеңі» басылып шықты.

Міржақып Дулатұлы — әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Алғашқы кітабы — Оян, қазақ! деген атпен Петербург қаласындағы жарық көрген өлең жинағы. Одан кейін 1913 жылы Орьнборда Азамат, ал 1915 жылы Терме атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты такырыбы—ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы Оян, қазақ! жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Қайта басылады. Кітаптың нeriзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдер құрады. Сол себепті де кітап тұтқындалып, авторы қуғынға ұшырайды.

Міржақып Дулатұлының 135 жылдығына орай «Ақ жол» демократиялық партиясы «Оян, қазақ!» атты онлайн конференция өткізді. Саяси құрылым алдағы сайлауда Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясына басымдық бермек. «Бұл ретте кешегі ұлт қайраткерінің саяси тәжірибесін, мемлекетті дамыту бағытындағы ұстанымын және рухани мұрасын зерделеу мен насихаттау аса маңызды», - дейді партия басшылығы.

Әлихан Бөкейхановтың А.Байтұрсынов пен М.Дулатовқа айтқан бір сөзін еске алсақ дейміз: «Шырағым Ахмет, Міржақып, сендердің таңдаған жолдарың абақты жол, азапты жол. Бірақ бір нәрсені түсініңдер. Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Сонда бір күні доңыз аққудкан: «Ей, аққу, сен күн бар дейсің, сол күнді мен не үшін көрмеймін, –депті. Сонда аққу былай тіл қатқан екен. «Ей, доңыз, сені Алла төмен қаратып жаратқан, сондықтан сен аспандағы күнді көре алмайсың, – депті. Осы ойды айта келіп, Әлихан Бөкейханов мынадай тұжырым жасайды: – Шырағым Ахмет, Міржақып, сендерден кейін күнді көре білетін ұрпақ келеді. Сол күнді көретін ұрпақ сендерді үлкен құрметпен еске алатын болады. Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе ешқашан өкінбеңдер, – дейді.

Қорыта айтқанда, «Ер есімі – ел есінде» – демекші Алаш ардақтысы болған М.Дулатов халқының жадында мәңгі сақталады. Алаш қайраткерлері аңсап, мұрат еткен тәуелсіз мемлекетте бұл қайраткерлердің ерен еңбегін ұрпақтары ешқашан ұмытпайды. Міржақып Дулатов қазақ елі тарихында өшпес бір із қалдырды.

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Н.М.Тастеев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті