Оқушыларға
Қоқыс жәшігі бесік емес!
Қоқыс жәшігі «бесік» емес!
Көзімді аштым,саулаған жаңбыр,бұлтты аспан,
Жатырмын аяқ астында-жолда жұрт басқан.
Суық бетонның ызғары тесіп кеудемді,
Тұншықтым желге есінен әбден алжасқан.
Тоғыз ай бойы жатыр ем жылы құрсақта,
Неге сырт тептің,кез болдым қалай бұл шаққа?
Анам-ау күнін көрер едік қой Алланың
Қара су, қара нанға да тәубе қылсақ та.
– Халқымыздың тарихында сәбиді далаға қалдырған оқиға болған емес. Алайда БАҚ арқылы көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда көкек аналар жаңа туған сәбилерін далаға, қоқыс жәшіктеріне, әжетханаға тастап кету жағдайларының қатары көбейіп кетті.
Біз қазақ халқы бұндай жағдайларға қарсымыз. Әрбір адам бұл жайында естігенде жаны түршігіп, Алланы есіне алуы керек шығар деп ойлаймын. Жаңа туылған нәрестені тастап кету —жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Не себепті бұлай айтып отырмын? Бұндай жағдайлар азаяды ма десем, керісінше көбеюде. Кейбіреуі балаларын тығылып тастап кетіп жатса, енді біреулері ел-жұрттың көзінше бір емес,3 баласын тастап кетуде. Біріміз білсек, біріміз білмеспіз. Көрермен көзайымына айналған «Астарлы ақиқат» бағдарламасында туған анасы балаларынан бас тартқан болатын. Ішкілікке салынған ана тоғыз ай құрсағында көтерген перзенттерін өз қолымен өзгеге тапсырған болатын. Бұл тек мәселенің шеті ғана. Тағы бір жағдай, бүгін Қызылордада құтқарушылар әжетханадан өмірге келгеніне көп бола қоймаған шақалақтың өлі денесін алып шықты. Қазір өз баласын тастап кетуден бұрын, туған балаларын өлтіре салу да оңай болып кеткендей. Бірнеше жыл бұрын орын алған оқиғаны мысал ретінде айтып кетсем. 16 жастағы мектеп оқушысы көлікте босанып,трассада көлік терезесінен нәрестені лақтырып жібергенін естіген боларсыздар. Жақында орын алған тағы бір жаға ұстатарлық оқиға,Үштөбелік келіншек екі жастағы туған баласын буындырып өлтіріп, денесін тоңазытқышқа салып қойған.
Енді осындай жағдайлардың шешімі ретінде өте күлкінішті шешімін тапқандай. Баланы қоқысқа емес, «боксқа» тастасақ...
Елімізде «Baby box» – тастанды сәбилерге арналған жәшік орнатылуы мүмкін. Арнайы жабдықталған қорап медициналық мекемелерге орнатылатын болады. Оның өзіндік шарттары да бар екен. Жәшікке салынған баланың денесінде ешбір зақым болмауы тиіс. Табылған жағдайда шарананың анасы іздестіріледі. Ал егер дені сау, денесі сызатсыз болса, сәби балалар үйіне жіберіледі. Бір қызығы жәшікті кез келген жан аша алады. Бала салынған бойда ол құлыпталып, арнайы дабылқаққыш арқылы медицина мекемесіндегілерге хабар беріледі. Қысқасы, сәбиін қорапқа салған ана ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ ондай жандарға кешіріммен қарауға бола ма? Онсыз да көкек аналардың қатары көбейіп жатқан заманда бала тастайтын жәшіктерді орнату арқылы бауыр еті баласынан бас тартатындар санын арттырып алмаймыз ба? Бәлкім жәшік орнатылса, қоқыс пен жертөлеге тасталған сәбилер азайып, жарық дүние есігін ашқан бейкүнә шарананың қауіпсіздігін қамтамасыз етерміз?
Мемлекет тарапынан бұндай жағдайларға әртүрлі шешімдер қарастырылуда. Дегенмен де көріп отырғандарыңыздай бұндай жағдайлар азаяр емес. Тек есте ұстарлығы, мемлекет қанша жерден тастанды баланы қамқорлығына алғанымен, ата-анасына керек болмаған бала бәрібір «жетім» атанары сөзсіз.
Мұхамедәлиқызы Нұрай Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ФММК факультетінің студенті.