25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығы






2020 жылдың қараша айында Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің тұңғыш өкілдерінің бірі – шығыстанушы, этнограф, географ, тарихшы, фольклортанушы, ағартушы ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына – 185 жыл толып отыр. Ол 1835 жылы Қостанай облысы, Құсмұрын бекетінде дүниеге келген. Сұлтандар әулетінен шыққан Шоқан әкесі ашқан мұсылман мектебінен сауатын ашып, зеректігінің арқасында араб, парсы, шағатай, кейін орыс тілін жақсы меңгеріп алады.. Аты аңызға айналған тұлғаның бойына бірден бірнеше қабілет дарыған. Қысқа, бірақ мәнді ғұмырында ол 6 зерттеу томын жазып қалдырды, бұған қоса өзі салған графикалық суреттері басып шығарылды. Шығыс, орыс және Батыс Еуропа әдебиетін терең меңгере отырып, бірқатар ғылыми еңбектер шығарып, көшпелі халықтардың өмірі мен мәдениетін зерттеді.

Алайда оған үлкен танымалдылықты 1858-1859 жылдары Қашқарияға жасаған саяхатының нәтижесінде жазылған еңбектері әкелді.Ол еңбектерінің ішінде ғалымның замандастары шынайы географиялық жаңалық деп санайтын «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан лу уәлаятының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі ерекше қызықты. Уәлиханов бұл еңбегімен халық ғылымына, отандық және әлемдік ғылымға зор үлес қосты. Туған жеріне деген сүйіспеншілік, халықпен терең байланысы Шоқан Уәлихановты болашақты сол кезден болжауына мүмкіндік берді. Ал оның ғылым мен этнографиядағы, әдебиет пен тарихтағы жан-жақты қызметі тек ұлы дала кеңістігінде ғана емес, одан тыс жерлерде де мәңгі мойындалып, құрметке ие болып келеді

Шоқан Уалиханов әскери шенді қызметкер болғанына қарамастан тарихта артына мол мұра қалдырған ағартушы ғалым ретінде бағаланатын оқшау тұлға. Ол халықтың ауыз әдебиетін, әдет-ғұрпын, салтын, дүниетанымын танытатын бай мұраларын жинап, мол ғылыми мәліметтер қалдырды.

Шоқан Уәлиханов еңбектерін жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі зор болды. Ұзаққа созылған аурудан қайтыс болған Шоқан туралы шығыстанушы ғалым, академик Н.И. Веселовский «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану ғылымында аққан жұлдыздай жарқ етті де жоқ болды» деп жазды. Сонымен бірге Шоқан талантты суретші болған, оның Орта Азия халықтарының өмірінен салған 150-ге жуық суреттері мен әртүрлі эскиздері сақталған.

Қорыта келгенде, осындай тағылымы мол тәрбиелік мәні зор шаралардың жас ұрпақ тәрбиесіне берері мол.

Самғапсың сен самғауға жалықпапсың,

Ту биікте, биікте қалықтапсың.

Қыран болып аспанға көтеріліп,

Жұлдыз болып ғарышта қалып қапсың! –деп қазақтың дүлдүл ақыны Қадыр марқұм Мырзалиев жырлағандай қазақ халқы – көрнекті ғалым, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ ұлын ұмытпайық.

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Н.М.Тастеев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті