Оқушыларға
Ғажайып ақын − Мұқағали
Мұқағали деген есімді естігенде тұла бойымда бір махаббат ояна бастайды. Себебі ақиық ақын өлеңдері ойымнан бір сәтке де шыққан емес. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері мен үшін бөлек әрі ғажайып әлем іспетті. Оның ұрпаққа қалдырып кеткен поэзиясы мен поэмасы- бүгінгі заманның символы секілді. Өйткені онда айтылған ой да, жазылған сөз де жүректен шығып, жүрекке жетеді... Ақын ішіндегі қайғысы мен қуанышын, жақсылығы мен жамандығын жасырмай, кәусар сезім мен тояттамас көңілді қағаз бетіне түсіре білді. Кейде ойлаймын, қалайша осындай әдемі сөздерді халықты елітіп әкететіндей сөздермен баурап алуға болады екен?! Мектеп кезеңінде Мұқағали жарыстарына қатыса жүріп, ақынды басынан аяғына дейін зерттеп шыққандай болдым. Тіпті оның бір шумақ өлеңін оқыған кезімде ерекше күйге бөленіп, өзімді басқа әлемде жүргендей сезінетінмін.
Мұқағали Мақатаевты поэзияның атасы деп айтар едім. Өйткені оның өз, еліне, жеріне, туған қызы мен жарна, Қарасаз аталатын ауылына деген өлеңдері көркем тілмен, әдемі ұйқаспен, кіршіксіз махаббатпен жазылған. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы ең есімде қалған, жүрегіме жеткен поэма болды. Ондағы ақынның бейнелеген кейіпкерлерінің бәрі шын өмірде көз алдымнан өтіп жатырғандай күй кештім. Аққудың киесі мен, ананың балаға деген осыншама ыстық ықыласы, бәрі- бәрі қазіргі заманымыздың кейбір адамдарына арналып жазылған сыңайлы көрінеді маған.
Ақын жалпыхалықтық, ұлттық тұлға болып саналады. Оның әрбір өлеңін оқығанда қазақ екенін жазбай танисың. Себебі әр өлеңінде ұлттық рухтың лебі сезіліп тұратындай. Жалпы ұлттық рух дегенде, мынадай басты құндылықтарымызды алға тартар едік. Олар – туған жер, өскен өлкеміз, ана тіліміз, тарихымыз, дініміз, салт-дәстүріміз. Міне осы құндылықтардың қай-қайсысы болса да Мұқағали өлеңдерінің алтын арқауы. Мысалы ұшаққа отырып сапар шеккен әрбір қазақ баласының ойына Мұқағалидың:
Іргелі қазақ болдық. Сақтар қалып,
Құс міндік темірқанат, аттар қалып,
Әйтсе де мақтанбалық, мақтанбалық! – деген жыр жолдары тұратындай.
Айналайын Ата мекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен! – дегенде, бойыңда
Отанға деген сезім оянады.
Мұзбалақ ақын − Мұқағалидай ақыны болған, біз бақыттымыз! Себебі оның қандай да болмасын шығармасы өзіндік үйлесім тауып, қисыны келіп шыға салады. Әсіресе эстетика жанрын талғаммен қолданып, оны бізге әдеби, қарапайым тілде жеткізе білген.
Қазіргі әрбір жас Мұқағалидың поэзиясын оқып, одан өзінше ой түйіп, туған жері мен туыстарына махаббатпен қараса екен деймін. Өйткені мынау бес күндік жалған фәниде бір-бірімізге қырғи қабақ болмай, осындай ақындарымыздың өлеңдерін дәріптеп, рухани азығымызды кеңейтіп, ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, әлемге қазақтың әдемілікпен ұштасқан тілін таныта берсек екен деп қорытындылаймын...
Жалмұқашева Еркеназ Лесқызы
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің 1 курс студенті