25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Мұхтар Әуезов мұрасы






Мұхтар Әуезов - қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған жан. Оның ерекшелігін аңызға айналған Ахмет Байтұрсынов атамыз өз хатында айтып өткен:

Ашылар қашан бұл қара түнек,
Соңымнан ерген қуатты бір лек,
Үркердей шоғыр келе атқан түйдек.
Міржақып, Сәкен, Мағжан мен Мұхтар,
Болса екен аман деп тілек тілеп.

Мұхтар Әуезовтың әр шығармасы тұнып тұрған даналық, философиялық ой. Ол кісі шынайы болған оқиғаларды әдеби сөздермен көркемдей отырып халқына жеткізген. Сондай шығармаларының бірі Қорғансыздың күні. Бұл туындыны оқыған сайын көзге еріксіз жас келеді.
Туыстардың мейрімсіздігі, жетім-жесірдің қайғысы мен шарасыздығы, Қалтайдың арам пиғылы, ардан безген болыс.

Үй іші жым-жырт. Бұл үйдің жаны қара жамылған үш әйел. Үшеуінің қайғы мұңы ортақ. Ол ажал. Сұм ажал олардың сүйеніштерін бақилыққа алып кетті. . .

Кейуана мұңын шағып ел ағасы ғой көмек қолын созар деген үмітте болды. Болыс қарияны түсінген, жаны ашыған кейіп танытып отырғанымен, Ақан әңгіме бойы жемтігін көрген құзғындай екі көзі Ғазизада болды. . .

Ғазизаның жан-дүниесі алай-дүлей, табиғатта оны түсінгендей ұлыған боран үдей түсті. Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып, өлімге бет алды.

Қорғансыздың күні қашанда қорғансыз, олар әрдайым әділетсіздік пен озбырлық құрбаны. М. Әуезов қоғам басына түскен осы трагедияны шағын ғана әңгімемен жеткізсе де, оның ауқымы өте үлкен. Қай елде, қай ғасырда болмасын әр заманның өз Ақаны, өз Ғазизасы бар.
Өкінішке орай, қой үстіне бозтарғай жұмыртқалаған қазіргі кезде де Қорғансыздың күні сол баяғыдай. . .

Аружан Бекетқызы Абылай Хан Атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар Және Әлем Тілдері Университетінің 1 курс студенті