Оқушыларға
Өнегеге толы өмір
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, ҚР ҰҒА Құрметті академигі Уахит Хамзаұлы Шәлекенов 96 жасында өмірден өтті.
1973 жылдың тамыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жаңадан ашылған «Археология және этнография» кафедрасына профессор болып келіп, 1973-1986 жылдары кафедра меңгерушісі, тарих факультетінің деканы болып жұмыс істеген Уахит Хамзаұлы осы қызметтерді атқаруда өзінің ұйымдастырушылық, ұстаздық және ғылыми қабілеттілігін іс жүзінде көрсетті. Археология және этнография саласы бойынша мамандар дайындау мәселесін жолга қойып, кафедраның өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосты. Университет қабырғасында жарты ғұмырын өткізіп, сол кезең аралығында тарих ғылымының даму жолына өзінің үлкен үлесін қосып кетті.
Университетте қызмет атқара бастаған жылдан бастап, археология және этнография кафедрасын білімді әрі білікті мамандармен толықтыруға аса мән берді. Еліміздегі аса танымал ғалымдарды кафедраға дәріс оқуға шақыру арқылы болашақ мамандарды даярлауға көп көңіл бөлгендігін көре аламыз. Сонымен бірге, факультетімізде білім алған жас мамандарды қабілетіне қарай жұмысқа алып қалу дәстүрін қалыптастырды. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келе жатыр. Қазіргі күні факультет оқытушы-профессорларының көп бөлігі осы факультетте білім алған дарынды түлектер.
Уахит Хамзаұлының факультет дамуына қосқан тағы бір үлесі ретінде факультет студенттерді практикадан өтетін археологиялық базаны қалыптастыруын айтуға болады. 1974 жылға дейін студенттердің археологиялық-этнографиялық практикасы әр аумақта өткізіліп келсе, осы мәселенің қолға алынуымен Жамбыл облысы, Шу ауданында орналасқан Ақтөбе ортағасырлық қаласын студенттер практикадан өтетін база ретінде бекітілді.
У.Х. Шәлекеновтің Қазақ ұлттық университетінде ғылыммен және педагогикалық қызметпен айналысып, түрік халықтарының, сондай-ақ қазақ халқының тарихы, археологиясы мен этнологиясы саласында жемісті еңбек етті. Ортағасырлық Ақтөбе қаласын зерттеудің негізінде «Құм басқан қала» атты монографиясы жарық көрген. Жоғары оқу орындарына арналған «Әлем халықтарының этнографиясы» атты оқулығы бар. Ғалымның 200-ден астам ғылыми педагогикалық еңбегі бар, оның 20-дан астамы жеке кітап болып шыққан.
Көрнекті ғалым, қадірлі ұстаздың білім саласына, соның ішінде тарих ғылымына қосқан үлесі орасан зор. Біз секілді жас мамандардың болашақ бағдарын айқындауда Уахит Хамзаұлының өмір жолы үлгі болары анық.
Көшербаева Ж.Б.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Тарих, археология және этнология факультеті
«7М01601 – Тарих» мамандығы, 1 курс магистрант