25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Білім нәрімен сусындатқан алтын ұям – Мектебім!






Мектеп... Шәкірт... Ұстаз... Осы үш ұғым бір арнаға тоғысқандай. Бір қаламның басы мен ұшы сияқты егіз ұғымдарды тоғыстырған менің білім алып шыққан мектебім бүгінде еңселі білім ордасына айналып отыр. Өсер ел бірінші кезекте ұрпағын ойлайды. «Киелі қара шаңырақтан түлеп ұшқан жас түлектің бірі – мен. Осы күнге дейінгі қол жеткізеген жетістіктерім, әрине ұстаздарымның арқасы. Әрбір шәкіртінің жанын түсіне білетін мектеп ұстаздарына алғысым шексіз» - деп тебіренеді бүгінгі Студент. Сол себепті өз мектебім жайында біраз мәліметтер беруді жөн көрдім. Өткен 2019 жылы 9 қарашада Елтай ауылдық округіндегі Береке ауылында Мәсімхан Бейсебаев атындағы орта мектептің 100 жылдығы кеңінен аталып өтті. Мен 11 жыл бойы білім алып шыққан Мәсімхан Бейсебаев атындағы орта мектептің мерейтойына арналған салтанатты мерекеге мектеп ұжымы, ардагер ұстаздар, әр жылғы мектеп түлектері және де ауыл тұрғындары келген болатын. Мен білім нәрімен сусындатқан мектебімнің тарихы туралы қысқаша таныстырғым келеді.

1919 жылдың көктемінде Алматы облысының жиналысында ауыл азаматтары Байтұманов Қойгелді мен Сандықбаев Сүйіншінің ұсынысы бойынша екі елді мекенде бастауыш мектептер ашу туралы қаулы қабылданған. Оның бірі – Шилікемірде болса, (кезінде Осташкино деп аталған), екіншісі №5 ауылда (қазіргі Елтай ауылы) мектептер ашылған деседі жергілікті тұрғындар. 1919 жылы қазан айынан бастап бірінші сыныпқа оқушылар қабылдау басталған. Ал ресми түрде 1919 жылдың 1 қазан күні мектептің ашылу күні болып есептеледі. «Сол кезде мектепке арналған ғимарат болмағандықтан, Сәліпбай Назаров деген азаматтың үйінің үш бөлмесі мектеп сыныптары есебінде пайдаланылған» - дейді ауыл ақсақалдары. Мектеп 1919 жылдан 1936 жылдарға дейін - бастауыш, 1937 жылдан 1957 жылға дейін - 7 жылдық, ал тек 1957 жылдан ғана орта білім беруге бағыт алған. Қазіргі таңда бұл мектептің 140 ұстаз-мұғалімдері 1700 оқушыға білім беру жолында аянбай еңбек егуде. Мектептің көптеген түлектері республикаға танымал азаматтар. Атап айтсақ: М. Бейсебаев - Қазақ ССР Министрлер Кеңесінін Төрағасы, Б. Әшімова - ҚР халық әртісі, Б. Ибрайым - филология ғылымының докторы және т.б. елімізге белгілі тұлғалар

Жиналған қауым алдында аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіге Жүнісбеков, Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Калида Қосшығұлов, мектептің ашылуының басында тұрған Қойгелді Байтұмановтың қызы Марфуға апай, Мәсімхан Бейсебаевтың баласы Қайрат Бейсебаев, мектеп түлектері – филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайым, тұңғыш алтын медаль иегері Раушан Тоқсейітова, кәсіпкер Расул Махмудов т.б. сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Мектеп оқушылары ән айтып, күй тартып, би билеп өз өнерлерін көрсетті. Салтанатты шара соңында мектеп фойесінде мемлекет және қоғам қайраткері Мәсімхан Бейсебаевтың мүсіні (бюст) ашылды. Мерейтой бағдарламасы аясында спорт жарыстары, көкпар ұйымдастырылды. Мен үшін М.Бейсебаев мектебінің 100 жылдығы есте қаларлықтай дәрежеде, танымдық, ғибраты мол естеліктерімен есте қалды. Әсіресе, жас қрпаққа тәрбиелік мәні зор шараға ауыл халқы белсене қатысты. Адам біліп тумайды, оқып-жазып сауаты ашылады. Мен бүкіл республикамызға белгілі оқу ордасы, алтын білім ұямыз Мәсімхан Бейсебаев мектебінің шәкірті ретінде бізге білім атты сарқылмас байлық беріп жатқанын мақтан тұтамын!

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті
Д.А.Кесик Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің география және табиғатты пайдалану факультетінің 1 курс студенті