25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Мамандық таңдаудағы маңызды қадам






Он бір жылдық білімдерін арқалап, мектеп түлектері атануға таяп қалған шақта болашақ талапкерлердің шарқ ұрып іздейтіні үлкен өмірге жетелейтін жоғарғы оқу орны, ал күндіз-түні ойлайтыны сол бір үш әріптің басын құрап тұрған “Ұбт” атты шешуші емтихан. Бұдан бөлек кез-келген жеткіншектің беймаза ойларының себепшісіне айналған маңызды жайттардың бірі мамандық таңдау мәселесі емей немене? Өмірден өз орнымды қалай табамын? Қандай мамандық иесі болуға лайықпын? Келешекте осы жолды таңдағаныма өкініп қалмаймын ба? секілді сан сауал кімді де болсын ойландырары сөзсіз. Бүгінгі күні жас жеткіншектің көңілін кірбің шалып, бойын үрей мен уайым аралас оқыс сезім билеуде. Әркімнің аңсары еліміздің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орнына ауғанымен, бұл мүмкіндікке бағы жанып, білімі сыннан сүрінбей өткен түлектердің ғана қол жеткізетіндігіне дау жоқ. Ал шектік баллдың іргесіннен аттап өте алмаған жасөспірімдердің ендігі жайы не болмақ? Бас сауғалап колледждер мен кәсіптік техникумдардың босағасын жағаламақ па?

Алматы облысы Талғар ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің он бірінші сынып оқушысының ата-анасы Кулипбаева Райхан аталған оқу ошағын бітіргелі жатқан жас түлектердің мамандық таңдауға келгенде “еш нәрсені назардан тыс қалдырмауы керек” деп жеткізеді.

-Ең бастысы жүрегі қалап, көңілі ұнатқан мамандық иесі болу деген ойдамын. Әрбір “жеткіншектің өміріндегі жауапкершілікке толы маңызды кезеңдердің бірі “Мен кіммін? ”Өз алдыма қандай тұлғамын? ”Қай сала маманы болу арқылы елімнің экономикалық тұрғыдан дамуына өзіндік үлесімді қоса аламын? ”іспеттес сұрақтардың туындауыннан басталмақ. Әрине бұл қорқыныш пен қобалжуды емес, алда болар өзгерістерге қатысты нық сенім мен берік ұстам қалыптастыру керек. Олай болмаған жағдайда жасөспірімнің эмоционалды күйзеліске ұшырауы ғажап емес. Ата-ана ретінде балама қандай бастама болмасын барынша қолдау көрсетіп, жаңа белестерді бағындыру жолында өз тарапымнан ақыл-кеңес беріп тұрамын. Жеткіншекті қанаттандыру, оның бойын үміт сәулесі мен жарқын болашаққа қатысты позитивті ойларға толтыру біздің қолымызда. Егер жас түлектің таңдауы жоғарғы оқу орнында әр жыл сайын бөлінетін грантқа емес, аңсаған арманына тікелей байланысты болса бұл бірден-бір дұрыс шешім болмақ”, дейді ата-ана.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің ұпайы мектеп бітірушілердің ЖОО-ға түсудегі көрсеткіштеріне әсер етеріне ешкімнің таласы жоқ. Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес демекші халқымыздан қалған өсиет бар. Білім сынағына бар біліктілігі мен жыл бойы жұмсаған күш-жігерінің нәтижелі жемісін алып шыққан түлектердің арасынан ең жоғары ұпайды еншілеген жасөспірім де бар. Мысалы:”Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні республика бойынша 39 талапкер 130 баллдан жоғары жинаған. Бірақ олардың ішінен оқ бойы озық шыққан бір ауылдың баласы бар. Оған максималды балға екі-ақ ұпай жетпей қалды. Түркістан облысындағы Теспе ауылының мектеп түлегі Абзал Әбдіманап ҰБТ-дан 138 балл жинап шықты”, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Не дегенмен ең ақырғы шешім жас мектеп бітірушілердің жүректегі үнімен, ой таразысынан шамалаған таңдауымен айқындалары анық. Сонда да келешегіне еркін жоспар жасаған әрбір түлек әсте бір нәрсені естен шығармағаны жөн. Ол Темірқазықтай жұлдызды түні оң бағытқа жетелейтін асқақ арман, әрі оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін батыл әрекет.

Алматы облысы, Талғар ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің 11 сынып оқушысы Ағыбаева Аружан Оразқызы