Оқушыларға
Мінезсіз қаламгерден мінезді дүние шықпайды
Тұран университеті Журналистика кафедрасының
1 курс студенті Кусаин Мөлдір Бақытбекқызы
Жетекшісі: Әлміш Жадыра Талғатқызы
Мінезсіз адам... Ол кім? Бұл дүниеде мінезсіз адам болушы ма еді?! Жаратушымыз Адам Ата мен Хауа Ананы жаратқанда оларға өзінің 99 есімінің, яғни, асыл қасиеттерінің 0,1% бойына дарытып жаратқан. Қасиет ол – мінез. Мінез ол – адамның ішкі жан дүниесі, бойындағы, ойындағы, жүрегіндегі жақсы мен жаман қасиеттерді саралап, сұрыптай алуы.
Мінез 7 миллиард адамның бәрінде бар. Біреу жуас, біреу сабырлы, біреуі жайбасар деген сияқты... Сәйкесінше, осы қасиеттер бойынан табылатын адамды ешкім мінезді адам демейді. Мінезді деген басқаша мағына, басқаша термин. Мінезді адам – саналы адам. Ойын ешкімнен қорықпай, тік жеткізетін, бар болмысы, жан дүниесі мен санасы әділдікті қолдайтын, әділдіктің жолында жанын құрбан ететін адам. Мінезді адам – өзінің пайдасы үшін өтірік айтпайтын адам. Мінезді адам – Жаратушыдан басқа ешкімнен қорықпайтын адам. Міне, мен бойынан осы қасиеттер табылатын адамды ауыз толтырып, «Мінезді адам» деуші едім. Дегенмен, менімен келіспейтін жандар болар... Бірақ бұл менің өзімнің жеке ойым.
Мінезсіз қаламгерден мінезді дүние шықпайды... Өте орынды айтылған, келісесіз бе? Орыстардың жақсы сөзі есіме түсіп отыр: «ұлтты қолдап, ұлттың жазушысы бола алмасаң қолыңа не үшін қалам алып, кім үшін жаздың?»,- деген. Мінезсіз адам жоқ, екіжүзді адам бар. Әділдікті жақтаймын деп, пайдасы үшін өтірік айтатын адам бар. Мінезсіз адам – әділеттіліктің иісін сезбейтін адам. Айтпағым, мінезді дүние шығару үшін адам ең алдымен, өзімен жұмыс жасауы керек. Жалпы, діни жағынан қарастырсам да, пенделік жағынан қарастырсам да бәрібір. Құранда: «адам тек бір мінезді болу керек» делінген. Басыңа қайғы түссе де, қуаныш орнаса да...
Алланың 86-шы қасиетті есімін білесіз бе ? «Әл-Муқсит» - әділ. Ол әділдік әрбіріміздің бойымызда бар. Тек, мінезсіз адам ғана сол әділдікті жамап, «ешкім көріп тұрған жоқ қой», «ешкім білмей қалады ғой» я болмаса, өз өмірі үшін қорқып, тұла бойындағы тұнып тұрған «намысын» таптап, жояды. Енді, осы адамнан қалай ғана «мінезді дүние» шығады деп ойлаймыз?...
Мақаламды Әлихан Бөкейхановтың сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Ұлтын сүю білімнен емес, мінезден!».