25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Әбу-Насыр әл Фараби






2020 жылы ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған, атақты жерлесіміз Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толады.

Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз 870 жылы сол кезде дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі болған Отырарда дүниеге келді. Әл-Фарабидің ілім-білімге деген алғашқы ынтасы, ғылыми ойының алғашқы ұшқындары туған жері Отырарда, оның тамаша кітапханасында пайда болды. Кейіннен ол Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамшық (Дамаск), Каир қалаларына барып білімін тереңдете түсті. 950 жылы Дамшық қаласында дүниеден озды.

Әл-Фараби «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атап кеткен. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды. Әл-Фараби сонымен бірге әлеуметтік-қоғамдық және этика саласына да қалам тербеген. Мысалы, «Бақытқа жету жайында» деген еңбегінде «оның бірден-бір жолы – ғылымды, білімді игеруде» деп насихат айтады. Ал «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында бір­қатар қоғамдық, әлеуметтік, этикалық мәсе­лелерге талдау жасалынды. Мұндағы қала деп отырғаны – мемлекет. Бабамыздың бұл шығармасындағы мемлекеттің пайда болуы, ондағы теңсіздіктің өмірге келуі, идеал­ қала халқының моральдық бейнесі, қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әр адамның бақытқа жету үшін бүкіл қоғам болып тіршілік ету керектігі туралы айтылған пайым-пікірлері бүгінгі күнге дейін өзекті. Ал ғұлама әдебиет теориясына арнаған «Өлең кітабы» атты еңбегінде өлең жазу ісіне қойылатын шарттарға тоқтала келе, ішкі терең мағынаға сыртқы пішін, яғни сұлу ұйқас үндесіп келгенде ғана әсем жыр туындайтынын айтады.

Әл-Фараби өз заманында дарынды ақын болған. Халық аузында сақталған мына өлеңінде ол өмір жолы туралы:

Кешір мені, туған жер, сені артқа тастадым.

Кешір мені, туған ел, жолды алысқа бастадым.

Кешір мені, ұлыс -ұрпағым, бақ, байлық, даңқ таппадым.

Кешір мені, ар-ұжданым, білім болды баққаным, –

деп тебіренеді. Өкінішке қарай, ұлы ой­шылдың поэзиялық мұрасы біздің дәуірі­мізге дейін толық сақталмаған, мүмкін әлі толық ізделініп зерттелмеген де шығар. Әйт­се де бізге жеткен аз ғана жыр жолдарынан оның зор шабытты, кең тынысты, терең ой­лы, нәзік сезімді ақын екенін аңғарамыз. Әл-Фараби бабамыз ән-күй шығаратын композитор, музыка зерттеушісі, музыкалық аспаптарда шебер орындаушы болды. Ол музыка теориясы мен тарихы жөнінде «Му­зы­каның ұлы кітабы» атты еңбек жазды. Бабамыз шығарған әндерді зерттеп, іздеп, тауып, туған еліне әкеліп, қазақша мәтін жазып, халық арасына таратылса, бұл ұлы ғұламаның мерейтойы қарсаңындағы үлкен бір игілікті іс болар еді.

Әл-Фараби сынды ұлы ғұлама есімінің өз Отаны – қазақ топырағына қайта оралуы­на үлкен ғалым, академик Ақжан Машанов орасан зор еңбек сіңірді. Ол 50 жылдан астам өмірін әл-Фараби бабамызды зерттеу­ге арнады.

Ақаң 1958 жылдан бастап Лондон, Каир, Париж, Берлин, Лиссабон, Бейрут т.б. қалалардың ең ірі кітапханаларына хат жазып, әл-Фарабидің шашырап жатқан мұраларын жинастырып, оның 160 еңбегінің библиографиясын тауып алады. 1961 жылы әл-Машанидің республика Ғылым академиясы хабаршысының №5 санында «Әл-Фараби және оның мұралары» деген алғашқы мақаласы шығады. Бұған дейін қазақ топырағында әл-Фараби туралы ешкім айтпаған еді. 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бірінші санында әл Машанидің әл-Фараби туралы мақаласы жарияланды. Онда төрткүл дүние түгел мойындаған әл-Фараби жайында түсiнiктеме берiлiп, оның қазақ топырағынан шыққан бiздiң бабамыз екендiгi бiрiншi рет айтылды. Бұл бүкiл әлем зиялыларының көзқарасында өзгерiс тудырған тосын жаңалық болатын.

Әрине мұндай жаңалық сол кездегi сая­сат ағымына мүлде томпақ еді. Себебi, бұған дейін ұланғайыр ұлы даланы мекен еткен қазақ көшпелi ел атанып, оған отырықшылдық пен мәдениеттi әкелген Кеңес үкiметi деп айтылып келген еді. Ал ғылым-бiлiмі, мәдениетi дамымақ түгілі, тіптен, сауатсыз көшпелi елдiң iшiнен әл-Фараби сияқты ғұламаның шығуы мүм­­кiн емес-мыс. Өз арамыздан шыққан зия­лыларымыздың да кейбірі Машаниге терiс көзқарасын білдіріп жүрді. Сол себептi әл-Фарабиді зерттеп жүрген ғалым Ақжан Машаниге Мәскеу қырын қарап, ол «үш әрiптiң» қара тiзiмiне ендi. 1968 жылы Машани тынбай ізденіп жүріп, Дамшықтағы әл-Фарабидің жерленген қорымын тауып, бабамыздың зиратына арнайы белгі орнатады. Әл-Фарабидің зиратынан топырақ әкеп, оны Отырар төбеге шашады. Бұл орайда ол ұзақ та қиын жолдардан өттi. Қолдаудан гөрi кедергi көп болды. Әл-Фарабидiң зиратын табуға өзбектен шыққан үлкен мемлекет қайраткері, бұрын Өзбекстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы, СОКП орталық комитетінің президиум мүшесі, СОКП орталық комитетінің хатшысы сияқты үлкен лауазымдарда істеген, сол кезде КСРО-ның Сирия Араб республикасындағы елшісі қызметін атқарған Мұхитдиновтың көп көмегi тиедi.

Бабамыздың мұрасын іздетуді тоқ­тат­паған әл-Машани, әйгілі ғұлама Пто­ломейдің арнайы карта жасап, Отырарды әл-Фарабидің туған жері деп көрсетіп кеткен бұлтартпас дәлелін табады. Сөйтіп, «Әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге кіргізілсін, оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, Отаны Қазақстанда тойлансын», деген ЮНЕСКО қаулысының қабылдануына көп еңбек етті.

А.Машанов Республика Ғылым ака­демиясының Президенттері Қаныш Сәтбаевтың, кейіннен Шахмардан Есенов­тің тікелей қолдауымен шет елдерден әл-Фараби еңбектерін алдыртып, оларды қазақ, орыс тілдеріне аудартып, баба­мыздың философиялық, логикалық, саяси-әлеуметтік, математикалық, жара­тылыстанушылық, музыкалық трактаттарын жеке-жеке кітап болып екі тілде басылып жарық көруінің басы-қасында жүрді. Академияда «Әл-Фараби» туындыларын зерттеу бөлімінің ашылуына себепкер болды. 1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның әл-Фарабиге арналған симпозиумінде А.Машани бастаған қазақ ғалымдарының күш салуымен Фарабидің 1100 жылдық мерейтойын Қазақстанда атап өтуге шешім қабылданды. Сөйтіп, әлемнің «Екінші Аристотелі» аталған бабамыз әл-Фарабиге арналған ғылыми форум 1975 жылы 8-13 қыр­күйекте Мәскеуде басталып, Алматыда аяқталды.

Осы кезеңде әл-Машанидың қаламынан ұлы бабамызға арналған «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Әл-Фараби және Абай» сияқты көптеген кітаптары жарық көрді. Оның алтауы жеке кітап, монография болатын. Мұның ішінде «Фараби» (1970) тарихи романы да бар еді. Бұл қазақ әдебиетінде әлемдік «Екінші ұстаздың» көркем бейнесін сомдаған тұңғыш шығарма болатын. А.Машанидің Абай атамыздың 150 жылдық тойы тұсында жазған «Әл-Фараби және Абай» атты кітабы (1994 ж) өзінің мән-мағынасымен, ойшылдық, талдау болжамдарымен аса құнды, халқымыздың мың жылдық мәдени тарихының бар екендігін зерделеп, Абай дүниетанымының бастауы орта ғасырлық араб, шығыс елдерінде жатқандығын, оның көш бастаушысы ұлы бабамыз әл-Фараби болғандығын, сөйтіп екі дана бабамыздың арасын жалғастырар ғылымның даңғыл жолын баяндаған, сонау мың жылдан астам уақыт өткен әл-Фарабиден кейін, оған ой өрісі жақын, парасаты кең, ойшыл Абай екенін дәлелдеген еңбек болды. Әл-Машани соңғы демі таусылғанша әл-Фараби мұрасын зерттеп, оның ғылыми өмір тарихын жасауда теңдесі жоқ мұра қалдырды. Қазақтың дүниетанымдық пайым­дауларын сабақтастыра отырып, фарабитану методологиясының ғылыми-ислами негізінің бағдарламасын айқындады.

Әл-Фараби мұраларын зерттеуге елі­міздің атақты ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Көбесов, Р.Бердібай, А.Қасымжанов, Ә.Дербі­сәлі, тағы басқалар да ат салыс­ты. 1975 жылы Мәскеу қаласында белгі­лі шығыстанушы ғалым Б.Г.Ғафуров пен А.Х.Қасымжановтың орыс тілінде шық­қан «Әл-Фараби мəдениет тарихында» («Аль-Фараби в истории культуры») атты кітабы араб-мұсылман философиясы мен мәдениетін зерделеп, фарабитанумен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен серпіліс тудырды. Сондай-ақ белгілі жазушы қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романын қазақ оқырмандары үлкен ықыласпен қарсы алды.

Әлем мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне, ұлт мүддесіне жаратуда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңызға ие болды.

1991 жылы Қазақ Ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Ал 1993 жылы осы университетте әл-Фара­би ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Соңғы жылдары университетте әл-Фараби оқулары өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда бас оқу ордамызда арнайы ашылған әл-Фараби мұражайы жұмыс істейді. 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен әл-Фа­ра­бидің 1130 жылдығы халықаралық деңгейде Шымкент қаласында аталып өтті. Әкім бекіткен арнайы сыйлық пен Әбу Насыр әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі артына мол мирас, өшпес іс қалдырған әл-Машаниға берілді. Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған республикалық дәрежедегі ғылыми конференциялар әр бес жыл сайын бабамыздың туған жері Отырар ауданында өтіп тұрады. Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында ашылған «Даңқты бабалар кешенінде» Әбу Насыр әл-Фарабидің еңселі ескерткіші бой көтерген. Ауданда Әбу Насыр әл-Фараби атындағы руханият мұражайы жұмыс істейді. 2017 сол кездегі Отырар ауданының әкімі А.Құртаев, шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі бастаған делегация Дамаск-Дамшық қаласындағы әл-Фараби бабамыздың зиратына туған жері Отырардың топырағын апарып, зираттан алған топырақты Отырардағы Арыстанбаб кесенесінің жанына әкеліп қойды. Бүгінде бұл жер зиярат етушілер көп тоқтайтын киелі орынға айналды. 2007 жылы республика үкіметінің шешімімен Дамаск қаласында әл-Фараби бабамыздың басына кесене салуға қаржы бөлініп, құрылысы басталған болатын. Алайда Сириядағы соңғы жылдардағы ахуалға байланысты құрылыс тоқтап қалды. Келешекте жағдай тұрақталған соң құрылыс жұмысы аяқталады деген ойдамыз.

ҚазҰУ студенті: Қадырғали Бексұлтан

Ғылыми жетекшісі: Қозыбақова Ф.А