25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Ұлттық идея өзегі






Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бүгінгі жаһанданған әлемде өмір сүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің аса қажет екені баса айтылады. Еліміздің ұлттық мәдениеті қалыптаспай, рухани жаңғырудың ойдағыдай, біз аңсағандай болмайтыны белгілі. Қазіргі таңда біздің халқымызға керегінің өзі – осы.

Елбасымыз ұлттық сананы жаң­ғыртқанда өзіміздің, қазақстан­дық дербес даму үлгісін калыптастыруы­мыз керек екендігін айтып отыр. Бұл дегеніміз – қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, ең бастысы, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту. Бұл ретте Н.Назарбаевтың жаңғыру ұғымынан мейлінше көрген жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдыларымыз бен әдеттер­ден арылуымыз керек деген сөзі бә­рімізге ой салды. Өйткені бұл – өмір заңы, даму заңдылығы. XXI ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтары білімнен басталатын болады. Біздің әлемдік білім ошақтарынан тереңдетілген білім алуымызға, Отанымыздың ең үздік оқу мекемелерінде ақыл-ойымыздың үнемі байып отыруына барлық жағдай жасалып жатыр. Н.Ә.Назарбаевтың Үндеуіндегі «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде осыны меңзеп, халықты жаппай білім алуға шақырады.

ҚР алғашқы Президенті Н.Назарбаевтың 2005 жылдың тамыз айындағы елмен сұхбатында өзіне қойылған: «…Қазіргі кезде Қазақстан мемлекет ұлттық идеясын айқындау жөнінде әртүрлі әңгімелер көп айтылып жүр. Жан-жақты пікірталастар жиі бой көтереді. Осы туралы Сіздің пікіріңізді білсек дейміз» деген сұраққа Елбасы: «…менің ойымша, мемлекет құрушы – қазақ халқы. Қазақтың бұдан басқа елі жоқ. Ұлттық идея деген, біріншіден, қазақ елінің тәуелсіздігін нығайту, елімізді аяғынан тік тұрғызып, болашақ ұрпақтың қолына беру керек. Екіншіден, Қазақстанның экономикасын өркендетіп, әлемдегі дамыған мем­лекеттердің дәрежесіне жеткізу керек. Үшіншіден, елдің бірлігі. Көріп отыр­сыздар, ынтымақ, бірлік болмаса, біздің тәуелсіздігіміз болмайды. Осы үш мәсе­ленің төңірегінде Қазақстандағы басқа халықтарды ренжітпей, олардың тілін, салт-дәстүрін сақтауларына жағ­дай жасаумыз керек. Бұдан артық қан­дай ұлт­тық идея керек?» деп жауап берген еді. Патриотизмді неден бастау қажеттігі жөнінде де: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі – орта мектепте туған жердің тарихын оқудан бастау керек» деп түйіндейді.

Елбасымыз жоғарыдағы түйткілді мәселелердің бәрін айта келіп, ең бастысы, ел ішіндегі татулықты, бірлікті, ынтымақтастықты алдыңғы қатарға қояды. Өйткені тек осындай игілікті істердің арқасында ғана қазақ елі өркениетті елдердің қатарында өзінің тиісті орнын ала алады.

Ф.Қозыбақова

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

тарих кафедрасының доценті

Оралбаева Гайнель

1-курс студенті