Оқушыларға
Академик ауылының айшықтары
Академик Ақай Нүсіпбековтың аты берілген Ақай ауылының тарихтан сыр шертер мол мұрасы мен бағалы қазыналары жетерлік. Ақай ауылының өмір оттары, келешегіне тізген көрікті көші жаныңды жадыратады. Негізінен бұл өңір Қарабұлақ өңірі деп аталады. Қарабұлақ өңірі тарихи ескерткіштерге толы мекен. Дәл осы өңір аумағында 47 тарихи дүние, ескерткіштей тамашалар бар. Қарашоқы деп аталатын жерде таңбалы тастар бар. Тасқа қашап, ойып салынған суреттерді- петроглифтер деп атайтыны белгілі. Оны алыстан іздеудің қажеті жоқ.Қарашоқыда тұр. Арнайы барып көруге болады. Қарашоқыдағы тасқа қашалған бейнелерде тау-текелерінің суреті, тұлғасы көбірек ұшырасады. Таста аң да, аңшы да, оның аң қуған итінің де бейнесі кездеседі. Қайрақтыдағы жазулы сандық тастың да өзіндік тарихы бар. Бұдан бөлек, Жаманбұлақ өңірінен табылған бал-бал таста бір қолында қайқы семсері, екінші қолында тостаған бейнеленген сақ жауынгерінің тұлғасы қашалған. Көнеден қалған тарихи жәдігерге, қымбат та қастерлі қазынаға көз тігушілер көп болған соң, Болат Сәрсенбаевтай көзі ашық ағаларымыздың арқасында Ақай ауылындағы академиктің атындағы орта мектебі музейінің өлкетану бұрышына әкелініп қойылған. Көненің көзіне тебіренбей, таңданбай қарай алмайсың. Бұл өңірдің тамашалары жетіп артылады. Ғажайып мекеннің құпиясын әлі ешкім біліп, көзін жеткізбеген дүниелері ұшырасады. Соның бірі- Қараш деп аталатын жердегі Әулие бастау. Бұл жатқан бір жұмбақ бастау. Суының қайдан келетіні белгісіз. Жаңбырдың суы болса кеуіп кетер еді. Оның суы не көбеймейді, не азаймайды. Бастау жанында әулие намаз оқыған тас бар. Таста әулиенің екі қолының, маңдайының, тізелерінің қалған ізі бар. Әулие өте үлкен адам болса керек. Бұл әулие Қызылбөрік Сақау руынан тараған Түлкібайдың шөпшегі Қараш ата екені анықталған. Бастау сол Қараш атаның атымен аталып кеткен.
Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыздан қалған көптеген құнды ескерткіштер түрлі жағдайларға байланысты бізге келіп жетпеді. Оған соғыс, өрт, табиғат апаты, пенделік көзғарас, кейде тіпті, әдейі жасалған қастандық себеп болды. Тарихымыздан сыр шертер көне жәдігерлеріміз болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру-парызымыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс студенті Әшімхан Ақерке, Жетекшісі Қозыбақова Фатима