Оқушыларға
Теңге - мемлекет келбеті
Кез-келген мемлекеттің ұлттық валютасының болуы оны егеменді ел ретінде айқындайтын белгісі болып табылады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында одақтас республикалардың бірыңғай ақша жүйесі тұрақтылығы сақталмады. 1991 жылы Мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба мен Туды талқылау барысында ұлттық валютаны бекіту мәселесі де алға тартылды. Себебі, ұлттық валюта қабылданбайынша, экономикалық тәуелсіздікті орнату мүмкін емес еді. Қазақстанда 1993 жылға дейін айналымда кеңестік рубль болғаны мәлім. Еліміз кеңестік валютаны қолданыстан ең соңғы шығарған елдер қатарында. Бұдан әрі еліміз өз қаржы саясатын жүргізуді қолға алды. Қазақ КСР Парламенті 1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын қабылдады және осы өкілдігі жоғары мемлекеттік органның шешімімен 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы болып атауын өзгертті. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданып, онда Қазақстан Республикасында тұңғыш рет қаржы-несие жүйесі мен ақша-несие саясатын жүргізу туралы Заң негізі қаланды. 1993 жылдың 13 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заң қабылданды. Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде теңге операциясы жөнінде: «Ақшаның қалай аталуы жөнінде бізде үлкен айтыс болды. Оларды «сом», «ақша» немесе «теңге» деп атау ұсынылды. Менің өзіме «алтын» атауы ұнады. Ақыр аяғында, орта ғасырлық тарихтан, Қыпшақ даласының жерлерінде айналымда болған «тәңгә» деген құйма, ақшадан шығарып «теңгеге» тоқтадық. Шынында да «деньги», «теңге» сөздерінің түп-төркіндері бір еді», - деп еске алады. Қазақстандық суретшілер алғашқы теңгеде бейнеленетін тұлғалардың суреті мен өрнектерін анықтап, теңгенің алғашқы топтамасы Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Harrison&Sons фабрикасында басылып шықты. Алматы қаласында Банкнотты фабрика тек 1995 жылы іске қосылып, кейіннен, Өскеменде Монета сарайы ашылған. Онда айтулы және мерекелік даталарда банкноттар шығаруға мүмкіндік алды. Ұлттық валютаның елімізге келуіне байланысты қызықты деректерге тоқталсақ: теңгенің алғашқы дизайны қаламмен, калькамен және тушьпен салынды. Теңге банкноттары Англияда басылып, елімізге ұшақпен жеткізіліп, оны тасымалдауға 18 сапар жасалған. Алғашқыда қағаз ақшада Әбілқайыр хан, Сүйінбай, Абылай хан мен Ш.Уәлихановтың бейнелері бейнеленгені мәлім. Ендігі кезекте валюта және құнды металл, бағалы қазынаны сақтау қоймалары, электронды және валюталық биржалар қалыптастыру, дербес төлем жүйлері мен шетел банктерімен қарым-қатынас орнату мәселелері тұрды. Экономистер мен сарапшылар еліміздің өз валютасына көшуде көп қиындықтарға тап болғаны туралы жиі айтады. Бұл өз іргетасын қалап, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени мәселелерін реттеуді қайта қолға алған мемлекет үшін ауыр кезең болатын. Кеңестік Қазақстан экономикасы, қаржы, банк жүйесі бір орталықтан, яғни Мәскеуден басқарылып келгендіктен, ол жылдары алыс-жақын шетелдермен есеп айырысатын шоттар, ішкі және сыртқы есеп жүйесі, дербес төлем балансы мен инфрақұрылым болған жоқ. Кеңестік біртұтас экономика ыдыраған жылдары егемен республикалар 1991-1992 жылдары рубль аймағында, Ресей экономикасында жүргізіліп жатқан реформаларға, қаржы және несие саясатына тәуелді болып қала берді. Салдарынан ақшаның құнсыздануы, тауардың тұтыну бағасының өсуі – инфляция белең алды. Үкіметте инфляцияға қарсы арнайы қаражаттық қор, ал орталық банкте алтын-валюта резерві болған жоқ. Сондықтан да Ұлттық банк үш негізгі мақсатты: (дербес экономика құру, дербес ақша-несие саясатын қалыптастыру, тәуелсіз банк жүйесін құруды) белгілеп, қарашаның 15-інен 20-сына дейінгі уақыт сомды теңгеге ауыстыруға берілді. Оны ұйымдастыру жұмыстарына бірнеше жыл қажет болды. Ақша купюрасын, теңге мен тиындарды ауыстыру тәртібі туралы республикалық, облыстық баспасөз хабар беріп тұрды. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан республикаларының өз ұлттық валюталары мен уақытша ақша белгілері айналымда болғанымен, рубльге тәуелділігі 1992 жылы да төмендемеген болатын. Елімізге кеңестік рубльдің ешбір бақылаусыз келуі инфляцияның өсуін және Қазақстанның өз валютасын енгізу процесін тездетті. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлттық валютаның енгізілген уақыты еліміздің бетбұрысты кезеңіне сәйкес келеді. 1993 жылдың 15 қарашасында төл валюта - теңгенің айналымға енгізілуімен еліміз экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке бет алды. 1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындап, теңге ресми түрде айналымға енгізілді. Мемлекетіміз теңгені айналымға енгізу арқылы экономика саласында жетістіктерге қол жеткізіп, нәтижесінде қаржы-несие секторы дамып, теңге тұрақтылығы өсті. 1993 жылдың 15 қарашасында Ұлттық валютамыз - Теңгені айналымға енгізу Қазақстан Республикасының экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болды. Бұл Қазақстанды экономикалық, қаржылық тәуелділіктен шығаруға бет бұрған кезең болды. Қазақстан өзінің төл валютасын қиын да күрделі жағдайда дайындап, қабылдаған болатын. 1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия өз тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру тәрізді маңызды мәселелер айқындалды. Республикада жаңа валюта енгізілген соң оның құнын ұстап тұру және оның қорғалуы – ең басты міндеттердің бірі болды. Халықаралық ұйымдар мен көршілес мемллекеттердің үкіметтеріне еліміздегі теңге енгізілуінің заңдылықтарын сақтау үшін жүргізіліп жатқан іс-шаралар жөнінде хабар таратылды. Ұлттық валюта қабылданатын тарихи күн қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті халыққа теледидар арқылы сөз сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдары хабар таратты. Сонымен қатар 1994 жылғы кәсіпорындарда шаруашылық есептің дұрыс жүргізілмеуі есебінен теңге айналымын тежеді. Теңге енгізілген алғашқы 7 ай көлемінде ол 8 есе құнсызданды. Банк, кеден, қаржы жүйелерінен бастап инфрақұрылымды қайта құру қажеттілігі туындады. Ендігі кезекте маңызды шаралар: валюта айырбастау биржасын құру, алтын және валюта қорларын жасақтау, теңге сарайын іске қосу жұмыстары жүргізілді. Ұлттық валюта нығая түсті, өндіріс дамыған сайын шетел капиталының ағыны ұлғайды, отандық ірі инвесторлардың келуімен ұлттық валюта рыногы да кеңейе түсті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық валюта ретіндегі теңге, біздің еліміздің тарихында өзінің рөлін тәуелсіздіктің экономикалық негізі ретінде ғана атқарған жоқ. Кейбір жағынан алғанда теңге – бұл тарихымыздың өзінің толымды бір бөлігі, өз заманының нысаны» - деп атап көрсетті. Ақша-несиелік саясаттың тиімділігін арттыруға 1995 жылғы наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заң Соңғы жылдары мұнай бағасының түсуі теңге құнын түсіргенімен, төл теңгеміздің құны шетел валюталарына шаққандағы құнымен есептелмейді. Ұлттық валюта тәуелсіздігіміз бен дербестігімізге тікелей әсер ететін негізгі фактор болғандықтан, еліміздегі барлық банк операциялары мен сауда-саттық теңгемен жүзеге асырылады. Бүгінде Ұлттық банк өзінің негізгі міндеті – ұлттық валютаны тұрақтандыру, яғни инфляция қарқынын бәсеңдету және бағамды тұрақтандырумен айналысуға мүмкіндік алып отырғаны белгілі. Сонымен қатар қайта қаржыландыру ставкасынан, меншікті бағалы қағаздарын (қысқа мерзімді ноттарды) шығарып, ашық рынокта операциялар жүргізіп, несиелер берумен айналысады. Мемлекетіміздегі қаржы операциясының барлығы теңге арқылы жүзеге асырылатындықтан, оның бағамы күн сайын басқа мемлекеттер валютасымен нақтыланып, тікелей экономикалық өсімге қызметі қамтамасыз етіледі. Коллекциялық банкноттар бейнесі мен теңге де осы жылдар ішінде бірнеше рет өзгеріске түскен. Теңге банкноттары 2011, 2012, 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік қағаз ақша және әлемдегі ең қауіпсіз валюта ретінде танылған. Бүгінде Теңге әлемдегі қорғаныштылығы дәрежесі жағынан озық технологиялар пайдаланылған мықты валюталардың бірі ретінде танылып отырғаны анық.
У. М. Джолдыбаева Тарих, археология және этнология факультетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Е.Е. Сейдалыұлы Тарих, археология және этнология факультетінің 2 курс магистранты