Оқушыларға
Ірзіңке етік
Қарындасым 9-сыныпты шама-шарқынша бітіріп, әке-шешеміз отбасымызбен ақылдасып оқуға жібереміз деп шешкен соң мектептен аттестатын алып келді. 4 пен 5-і аралас. «Шығарма жаза алмай жүріп әдебиеттен қалай 5-ке шықтың-ей?!» деп қоямын. Қу тілді қарындасым қоя ма? «Мен қалай 5-ке шықпаймын әдебиеттен? Ағайым, біріншіден, туысқан, екіншіден сынып жетекшім болса!»
Біздің ноқаттай жетістігімізді нотадай үлкейтіп жіберетін әке-шешеміз әдеттегідей тапшылықтың емшегін иітіп, әлдебір бұрышында қалған сүтін сауғандай жоқтан барды ұқсатып шағын ғана отбасылық мереке бастады. Осындайда отағасы тілекті «Күндерім менің! Балаң жаман болса, жердің асты жақсы, балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы. Сендердің жақсы жүргендерің жақсы...» деп тілек бастап, әрі қарай бәйбішесінен кейін «Енді Енобай, одан кейін Нүкебай сөйлейді. Міне сендер де азамат болдыңдар!» деп қанаттандырып отырады. Әрқашан отырыстың соңы кіші қарындасымның кішігірім концерттік бағдарламасымен өз мәресіне жетеді.
Дәл осылай аттестатты да жуып болып жігіттер қауымы болып сыртқа шықтық. Ендігі жұмыс картошканың шөбін жұлып түптеу. Біздің үйдің министрі екі қиқарына соғыспай, бірі бірін сыйлап жұмыс істеуді тапсырып жатқан. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз досы Сәрсен кіріп келді. Қасында тілі енді шығып келе жатқан 3 жасар баласы бар. Аузы-басы айғыз-айғыз балаға белуарынан келетін «Сәлем» деген сокты көтертіп қойған, өзінің қолында қыл мойнынан қылғындырып тұрып ұстап алған «Нұреке», арақ қой. «Балама ішуді үйретіп жүрмін» деп қояды. Не керек, біздің министрдің аузын былғауға кепті. Дос деген министр-пинистріңе қарай ма?
Сәрсекеңнің баласы Темір қарындасыммен түйдей жасты, сыныптас, парталас еді. «Аға, айтпақшы, балаңыздың 9-ды бітіруімен! Жумайсыз ба?!» деп қутыңдап қоямын. «Жуымыз, жумағанда! Жерге қарап қалған Қазақстан жоқ, әкесс!» деп түкірініп қояды. Ары қарай досы баласының оқуын не істемекші, қайда бермекші екенін сұрап бастап еді, «Ой, әкең аузын, колледжге барғысы кеп жүр. Оқып айға ұшады деймісің? Ауылға кеп ол да бір ірзіңке етіктің иесі болар ары кетсе...» Әкем тіксініп қалды. Ары қарай есімде жоқ.
Иә, рас асыраушы тәлімгерлеріміз біздің болашағымыздан зор үміт күтті. «Қолыңда бір қатты қағазың болса, бәрі болады. Заман оқығандардыкі. Біз оқымағанды сендер оқыңдар» деп барын аянбайтын. Ауылдан әр аттанар сапарымызда әкем «Балаң жаман болса, жердің асты жақсы, балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы» деп шығарып салып тұратын. Сонда мен «Қандай бақыт!? Өмірде ата-анасы сенім артып, үміт күтпейтін бала қаншама?» деп тау қопарар тасқынмен тас қалаға қарай аттанып бара жататынмын. Үміт те күткен балаға барады-ау.
Былтыр жазда бәріміз жиналдық. Қарындасым қалада бір мектепте үздік мұғалім. Құдай қосқан қосағымен екі балапанын ертіп келді. Мен де оқытушылық қызметте жүрмін. Ал інім аграрлық университетті бітірген. Қара шаңырақтың иесі болып, алған білімі мен көрген білгенін арман-мақсатына ұштастырып ауылда жүзеге асырмақшы. Кіші қарындасымыз енді мектепті тамамдайды. Солай да солай әке-шешеміздің қаншама арманы орындалып қалған екен ғой деп артқыға көз тастап, көңіл дейтін көкдөненмен біразды шарлап қайттым.
Далада жазылған шешемнің берекелі дастарханында отырмыз. Немеренің тәтті қылығына сүйеніп ырқына көнген ата-әже. Інімнің қайдан шығатыны белгісіз қағытпа қалжыңдары. Риясыз күлкі, риза көңіл. Мәз-мейрамбыз.
Әлден уақытта дарбаза ашылып «Ә, қалдарыңыз қалай!? Иә, иә, жақсы! Соо кіләстәсім депті, амандасып кетейін дегем» деген Темірді көрсетті. Сонда байқадым: беті терең әжімденіп, басы шоңқиып, тобығы үйкеліп тозығы жетсе де тасталмапты. Қораның қиына айғыздалып, үздіксіз үзеңгі қажап, ауыл арасынан ары аттап баспаған ірзіңке етік қолпылдап келе жатты.
Сағатбек Ернұр Нұрданбекұлы
31.03.2020 ж.
7:19