25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Маусымдық аллергиядан қалай құтылуға болады?






Қоғамда қызу талқыға түсіетін тағы бір проблема — маусымдық аллергия.

Аллергия деген не?

Аллергия — ағзаның иммундық жүйесінің кейбр заттарға аса сезімталдығы. Мысалы, жан-жануарлардың жүніне, өсімдіктердің тозаңына, түрлі азық-түлікке, шаңға т.с.с Көзден жас ағу, құсу, қышыну, т.б. белгілер — ағзаның аллергенге қарсылығы. Кейде жағымсыз иістің мұрныңды жыбырлатып жіберетіні немесе ұстаған нәрсең қолыңа жақпағандай сезімде боласың. Мұндай аллергия өте әлсіз, оны тіпті байқай да бермейсің. Керісінше, аллергиялық реакция өте күшті болуы да мүмкін, кейде тіпті өмірге қауіп төндіреді. Аллергиясы бар адамдар — ауыр патологиялық күйге түсуі мүмкін.

Аллергия неге етек алып барады?

Ал зерттеушілер мынадай болжамдар ұсынады:

1. Гигиенаның «асқынуы», яғни, артық тазалық. Адамның күрделі иммундық жүйесі үнемі белгілі бір қауіп-қатерге қарсы жұмыс істеп тұруы керек. Ал қазір аз салмақ түсетін болғандықтан, иммундық жүйе қауіпсіз антигендерге де қарсы реакция көрсетеді-мыс. Эпидемиологиялық мәліметтер гигиена әсеріне байланысты теорияны мақұлдайды. Артта қалған елдерде аллергия дегенді ешкім білмейді екен, ал Британия, АҚШ сынды дамыған елдер керісінше, көш бастап тұр. Соған қарай «елдегі тазалық артқан сайын, аллергиямен аурушылар көбейе түседі» деген тұжырым жасалған.

2. Химиялық өндіріс өнімдерін қолдану. Көптеген химиялық өнімдер аллерген ретінде белгілі, сондай-ақ басқа заттарға аллергия тудыруға алғышарт болады. Мысалы, бір жасқа дейін антибиотик қабылдаған балалар қабылдамаған балаларға қарағанда аллергияға жиі ұшырайды екен. Алайда, бұл дерттің жалпы денсаулық жағдайымен байланысы жоқ.

Аллергиктерге кеңес

1. Ең алдымен ағзаңыз нені қабылдамайтынын өзіңіз білуіңіз керек. Оны анықтайтын тәсілдер бар. (Арнайы емханаларда қан сараптамасы және теріге тітіркендіргіштер енгізу арқылы анықтап береді). Сосын үй-ішіңіз, достарыңыз, араласатын адамдарыңыздың барлығы неге аллергияңыз бар екенін білулері керек. (Сақтық үшін, кейде бұл өмір мен өлім мәселесін шешуі мүмкін). Ал ауырып қалған жағдайда дәрігерге міндетті түрде ескертесіз.

2. Аллергендермен контактіні мейлінше азайту, болдырмауға тырысу. (Ит-мысықтан айналып өтесіз, жақпайтын азық-түлікті тұтынбайсыз, терезеге бірнеше қабаттаған дәке мата тұтатасыз, шаң-тозаңнан аулақ жүресіз, күніне екі рет үйді ылғал шүберекпен сүртесіз, т.б.)

3. Дәрі-дәрмегіңіз үнемі жаныңызда болсын. Негізі аллергия ұзақ курстармен емделеді. Дегенмен, аяқ астынан ауырып қалғана жағдайыңызды жеңілдететін антигистаминдік препараттар үйде тұрғаны дұрыс.

4. Емделіңіз. Тағы да айтайын, қазір медицина аллергияны жеңді. Тек үзбей 3 жыл шамасында емделу керек. Мысалы, маусымдық поллинозда күзден бастап, қыста және ерте көктемде бір-бір курс ем аласыз. Ал жаз кезінде онсыз да дәрілердің арқасында күн көресіз. Шарықтау шегіне жеткен кезде (Әркімде әр түрлі, менде тамыздың ортасына қарай) 1-2 апта қан тамырға салынатын тамызғы түрінде препараттар қабылдау керек. Жыл бойы дәрігердің бақылауында болып, емделсеңіз, құлан-таза айығып кетуге болады.

Осындай маусымдық аллергиямен 10 жылдан аса күресіп келе жатқан 32 жастағы Лаураның айтуынша, ол қазіргі уақытта аллергиядан қоса, астмамен ауырып жүр. Тыныс алуы қиындағаны соншалық - ауа жетпей, талып қалған кездері де болған екен.

Көктем, жаз мезгілдерінде ұйықтағанда ешқашан терезені ашып жатпаймын. Студенттік кезден солай десем болады. Дене қызуым көтерілмейді, бірақ кейде тамағым ауырады. Оған қоса, үнемі түшкіріп, жөтеліп жүремін. Осылайша жүре-жүре астмаға шалдықтым. Капельницамен де емделіп көрдім, бірақ көмектеспеді. Күніне 2-3 рет жедел жәрдем шақырған кездер болды. Дәрігерлер басты себеп шаң-тозаң екенін және сондықтан қыз мезгілінде көбірек дәрумендер қабылдауға кеңес берді, - дейді Лаура. Сондай-ақ, Лаура әкесі мен ағасында да аллергия барын айтады. Расында да, медицинаға жүгінсек, аллергияның пайда болуына басты екі фактор әсер етеді екен. Біріншісі, ата-анасының бірі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырған болса, баланың сол аллергияға бейімі. Мысалы, баланың әкесі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырса, баланың аллергиялық ауруға шалдығу ықтималдығы 80 пайыз, ал бұрын анасы ауырған болса, баланың ауруға бейім ықтималдылығы 50 пайыз болады, - дейді маман.

Ал екінші фактор, аллергологтың айтуынша, жүре пайда болатын аллергия. Әдетте өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергияның түрлері өте көп кездеседі. Бұл маусымдық поллиноз, аллергиялық коньюктивтің кең таралған түрі. Дегенмен, мамандардың сөзіне сүйенсек, аллергиядан толықтай айығу мүмкін. Тек оған біраз уақыт - 3-5 жыл қыс сайын арнайы дәрумендерді қабылдап, ем алып отыру қажет, - дейді Гүлмира Мақсатқызы

Аллергияны қалай емдейді?

Біріншіден, адамға аллергия беретін заттар мен факторларды жою керек. Екіншіден, аллергия тудыратын заттарды анықтап, оны аллергендермен емдейміз. Бұны арнайы «аллергеннің иммунотерапеясы» деп атайды. Бұл емді адам аллергиямен ауырмай тұрғанда, қалыпты жағдайда қабылдайды. Негізі ауру асқынған кезде аллергияны емдейтін көп дәрілер бар. Ең жиі қолданатын дәрілер — «антигистаминдік топ» деп аталады. Есекжем, атопиялық дерматит, тағы да басқа жағдайларда, теріде қышу пайда болғанда біз көбінесе антигистаминдік бірінші топты дәрілерді пайдаланамыз. Яғни, тавегил, супрастин, фенистил, диазолин, псило бальзам деген сияқты түрлерлі бар. Тыныс жолдарында аллергия пайда болғанда, мысалы, түшкіру, көзден, мұрыннан су ағып, көз қышығында екінші, үшінші топтық антигистаминдік дәрілер пайдаланылады. Оған цетиризин, лоратадин, дезлоратадин, фексофенадин деген дәрілер жатады.

Заттық аллергияларға — шаң-тозаң, дәрі, тағамдық, тағы да басқа көп аллергиялар жатады. Ең күшті аллергия балаларға сиырдың сүтінен, жұмыртқа мен жаңғақтан болады. Сосын факторлы аллергия бар. Яғни зат емес, суықтан, күннен, иістен, стресс сияқты көзге көрінбейтін заттардан болатын аллергия.

Психология не дейді?

Кез-келген аурудың түп-тамырын бейсаналық болмысымыздан іздеу керек дейтін ғалымдар бар. Луиза Хей, В.Жикаренцев, Лиз Бурбо сынды психологтар аллергия — «адамның бейсаналық тұрғыда өміріндегі бір жағдайға қарсыласуы, көңілі толмауы» дейді. Сол жағдайды анықтап, қабылдаса, аллергиядан жазылып кетеді екен.

Сонымен қатар..

• Алкаголь аллергияны асқынтады;

• Балалардың диатезі де аллергияның бір түрі;

• Маусымдық поллиноздан зардап шегетін болсаңыз, климат өзгертіп көріңіз. (Мейлінше ылғалды аймаққа көшу керек);

• Сүт — белсенді аллерген (осы мәліметті алғаш естігенде таңданғанмын);

• Балаға цитрус жемістерін шектеп беріңіз (аллергиясы барлар мүлдем татып алмасын);

• Жүктілік кезінде антигистаминдік препарат ішуге болмайды(дәрігер басқа дәрілер ұсынады);

• Ата-анасында аллергия болса, балаға міндетті түрде беріледі;

• Суыққа да аллергия болады;

• Кальций ағзадағы гистаминдердің азаюына әсер етеді;

Қысқаша аллергия туралы ғалымдар зерттеп жазған әлемт осындай. Егер өзіңізде аллергия болса, уақыт өткізбей тезірек емделгеніңіз жөн.

Халел Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университеті
Журналистика кафедрасы Самғат Наргиз