Оқушыларға
Репрессиядағы қазақ халқының өмірі
«Елім, жерім,атамекенім» деп жырлаған қазақтар не көрмеді? Бәрін көрді. Сонау Қазақ хандығынан кейін қазақтардың басынан қайғы-қасірет кетпеді. Көптеген қиыншылықтар көрді. 1. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама—қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, Отан басына күн туған аса қайғылы кезең (1723 – 25). Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы Қазақ хандығының әскери-саяси қуатын әлсіретті. 2. 1731 жылдан 1986 жылға дейінгі Ресейдің қол астына қараған шақ Қазақ халқы үшін ең қиын сәт. 3.1919-1922 жылдардағы ашаршылық. 4.1941-1945 жылдардағы Ұлы отан соғысы. Бұл кезең көптеген елдерге ауыр азап қиыншылық әкелді. 5.1986 жылдардағы Желтоқсан көтерілісі. Мұның ішінде осы кезеңдерде кеткен қаншама зардаптар,қасіреттер болған. Ұлт-азаттық көтеріліс, жерді қорғау жолындағы соғыстар, патша үкіметінің озбырлығына қарсы көтерілістер т.б
«Рақымшылық ете гөр. Аяй көр. Қалай өмір сүреміз? Біздің жазығымыз не? Тым болмаса балаларымды аяй гөр. Бұл не деген заман? Айрандай ұйып отырған шаңырағым ортасынан ойрандалды-ау. Құдайым-ай... Бұл заманды көргенше неге дүниеге келдім екен...»
Қазақтардың басына көп зардап әкелген тарихи қиың кездердің бірі- ашаршылық еді. Жалпы қазақ халқында ашаршылық қалай пайда болды? Қанша адам қырылды? Не үшін?
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, қазақ жерінде алғашқы ашаршылық 1919-1922 жылдары болған деседі. Алғашқы аштық кезінде қазақтың көбі аштан қырылды. Деректерге сүйенсек, 1919-1922 жылдардағы аштық кездерінде бір миллионнан астам қазақ аштан өлген. Бұл сол кездегі қазақтың санының шамамен 20-22 пайызын құрайды деген сөз. Қазақтың белгілі ақыны, Алаш партиясының көрнекті зиялыларының бірі, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист Ахмет Байтұрсынов 1922 жылы: «Тәні саудың - жаны сау» атты мақаласында: «...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...», деп 20 жылдардағы аштық жөнінде жазған.
Ал нағыз зобалаң кезеңді қазақтар ХХ ғасырдың 30-жылдары бастан өткерді. Бұл жылдары басқа түскен зауал қазақ халқының тең жарымын, яғни 50%-ын қырып кетті. Ал аш, жалаңаш, үй-күйсіз қалғандары аман қалу үшін жер ауды, босып кетті, көрінген жаққа қашты. Сол кездердегі ашаршылық жайлы баяндалған әңгімелерді, бейнежазбаларды көрсеңіз, жан дүниеңіз бірден түршігеді. Мысалға профессор, филология ғылымдарының доктары, ашаршылық кезінде аман қалған Мекемтас Мырзахметұлының әңгімесін тыңдаңыз сол кезге қайта оралғандай, болған жан түршігерлік оқиғалар көз алдыннан өткендей болады. Ашаршылық жайлы түсірілген деректі фильмде профессор: «Ашаршылық барлық ауылдарды, елді мекендерді жалмады. Кейбірі аман қалу үшін Қырғызстанға, Ташкентке кетті. Түбінде аман қалды. Ал қалғандарының көбісі аштан қырылды. Кішкене кезімдегі көз алдымда қалғаны анам мені бір қолымнан жетектеп бірдеңе алу үшін базарға келді. Сонда жол-жөнекей ішіп кеуіп адамдар өліп жатыр. Ешкім оларды көнбейді. Көмуге шамалары жоқ. Біздің ауыл Өзбекстанға жақын. Өзбектер қауын өсіреді. Анам бір қолына қарындасымды ұстап бір қолымен мені жетектеп ауылдан шығамыз. Жолда бір үйір қасқырға тап боламыз. Анам ойланбастан ұрпақ қалсын деп мені аман алып қалып, қарындасымды қасқырлардың алаңына лақтыра салып, мені қолымнан ұстап қаша жөнелген екен. Ол кезде есімде жөндеп білмесем де сол оқиғалар әлі көз алдымда, дейді. Мұндай жан түршігерлік оқиғалар өте көп. Ешқайсысының соңы жақсы аяқталмаған.
Жалпы ашаршылық қалай пайда болды?
Ашаршылық жайлы зерттеген зерттеушілер баршылық. Солардың бірі АҚШ Мэриленд университетінің ассистент-профессоры, тарихшы Сара Камерон.
Сара ханым зерттеуінде Кеңестік Қазақстанда 1930-1933 жылдарда болған ашаршылықтан 1,8 миллионнан астам адам қырылғанын айтады. Ол Сталиндік тоталитарлық билікті қатты сынаған.
1916-1918. Бірінші ашаршылық
Себебі: Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азаматтық соғыстың басталуы, мал-мүліктерді тәркілеу мен патшалық биліктің жіберген жазалаушы армиясының басқыншылығы. Індет пен қатты суық және құрғақшылық.
Өлгендер – деректерге талдау жасағанда кемі 1,5-2 млн адам.
1917-1920 жылдар аралығында халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға кеміген.
Босып кеткендер – 300 мыңнан 1 млн-ға дейін. 1916-1917 жылдары 300 мыңға жуық қазақ басқа өңірлерге, атап айтқанда Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға және оңтүстік облыстарға ауып кетті.
1919-1922. Екінші ашаршылық.
1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың себебі:
Бірінші – азамат соғысы мен жаңадан орныға бастаған Кеңестік биліктің түрлі әскери жазалаулары, тонаушылық.
Екінші – табиғи апат, қолайсыз ауа райы салдарынан орын алған жұт. Малдың 80%-ы кырылды. Ауылшаруашылық өнімінің 80%-н Кеңстік билік орталыққа тасып әкетіп, халық азық-түліксіз қалды.1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізе бастаған азық-түлік диктатурасына сай Азық-түлікті тәркілеу науқаны басталды.
Үшінші – Сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келді.
Ашаршылыққа ұшыраған өңірлер: Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай, Семей, Ақмола губерниялары.
Ашаршылыққа ұшырағандар саны: КазОАК-нің Төрағасы С.Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректе Қазақстан бойынша аштыққа 2 832 000 адам ұрынған
Өлген адам: 1 млн 700 мың адам (Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша).
Ал Қазақстан Тарих институтының директоры, тарихшы Бүркіт Аяған: Соңғы мәліметтерде, 1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн адамға жеткені туралы мәліметтер бар – деп жазады.
Ал Кеңестік деректер 1 114 000 адам өлді деп көрсеткен. 2010 жылдың 12 желтоқсанында Украинаның Наше слово газетінде (украин тілінде) шыққан қазақстандық саясаттанушы Данила Бектұрғановтың Ұлы жұт немесе қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғыны жайлы мақаласында.
1921-1922 жылдары Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша аштыққа ұшырағандардың саны 2 млн 286 мың 591 адам болып, соның 68,2% – 1,5 млн қазақ өлген.
Нәтижеде Қазақстан жеріндегі халық саны 1917 жылғы 6 218 300, 1920 жылға келгенде 4 679 795, 1923 жылы 3 786 910 адам болды.
Зерттеушілер пікірі:
1920 және 1923 жылы жүргізілген ауыл шаруашылығы санақтарының және Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецовтың мәліметтері бойынша 1921 жылғы ашаршылықта Қазақстан халқы 30%-ға дейін азайған. Кейбір елді мекендерде нәубет халықтың 100%-ін қамтып, олар түгелдей дерлік босып, жолда, біразы атамекенінде қырылып қалды.
1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жаланаш балалар саны Қазақ АКСР-і бойынша 128 000 болса, осы жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы 1 наурызға қарай 408 022-ге жетті.
Мысалы, Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75%-ға жуығы көз жұмды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам өлген.
1924-1928. Голощекин келді
1926 жылғы КСРО санағы бойынша Қазақстанда 6 198 467 адам тіркелген. Оның ішінде қазақтар – 3 627 612. 1897 жылғымен салыстырғанда небәрі 11 мыңға ғана өсіп, үлесі 58,5%-ға дейін төмендеді.
1925 жылы Қазақстанның басшылығына Голощекин келді. Ол Қазақ даласында Қазан төңкерісі болмаған екен, Кіші Қазан төңкерісін жасаймыз деді. Сөйтіп, 1928 жылы аласапыранды бастап кетті.
Қазақстан тарихы оқулығында: 1920 жылдардың соңында Қазақстанда күштеп астық пен ет жинау кең етек алды. Әсіресе Сталиннің 1928 жылы қаңтардағы Сібірге сапарының барысында Новосібір мен Омбыда сөйлеген сөздерінде РКФСР Қылмыстық Кодексінің 107 бабын жаппай қолдануды талап етуінен кейін қатыгездік сипат алды.
Ол бапта тауарларды сатып алу, жасыру немесе базарға шығармай ұстау арқылы бағасын жоғарлатқаны үшін қатал жазалау қарастырылған еді.
1929 жылы 13 ақпанда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқалы мөжілісінде Голощекин астық дайындау ісінде өзіне жеке шешім қабылдау құкын беретін қаулы шығартты – делінген.
1929-1933. Үшінші ашаршылық
Себебі – Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою. Көшпелі және жартылай көшпелі Қазақ шаруаларын тіршілік көзінен айырып, жаппай және күшпен отырықшыландыру науқаны.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін толықтай орталыққа тасып әкету. Еш негізсіз және қасақана салықтарды салу. Соттау мен қудалау.
Босып кеткендер: 1930-1931 жылдар аралығында 1 млн 70 мың адам Қытай, Иран, Ауған жеріне т.б. көшті. 616 мыңы қайтып оралған жоқ. 414 мыңы кейін елге оралды.
Өлгендер: Ресми халық санағы мен түрлі мұрағаттардың, құпиялығы жария болған мәліметтер бойынша 1930-1933 жылдары 2,4 млн. адам аштықтан қырылды.
Мысалы, Сара Камерон – 1,8 млн., Тарихшы Бүркіт Аяған: 1932-1933 жылдары 2,3 млн. адам құрбан болды – дейді.
1930 жылы – 313 мың адам;
1931 жылы – 755 мың адам;
1932 жылы – 769 мың адам қайтыс болды.
Мысалы, Актөбе облысында 1930 жылы 1 млн 12 500 адам болса, 1932 жылы 725 800 адамға кеміген (71%). Балқаш ауданында 1930 жылы 60 мың адам болса, 1932 жылы 36 мыңы қырылып, 12 мыңы баска аймақтарға көшіп кетті.
Қазақстан Халық шаруашылығы есебі басқармасының мәліметтерін зерттеген тарихшы Клара Саркенованың келтірген деректері туралы жазғанбыз.
Соттау мен сүргін. Байларды жою науқаны жаппай ашаршылық пен репрессияға әкелді. 1929 жылдан 1933 жылға дейін Қаз АСР-дағы ОГПУ тобы толық емес мәліметтерге сәйкес, 9805 іс қаралды және 22 933 адамға қатысты шешімдер қабылданды, оның ішінде 3386 адам өлім жазасына кесілді, 13 151 лагерьге сотталды.
Ауыл тұрғындарынан 56 498 адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 34 121 адам сотталды. 1928 жылдың 1 қазанынан бастап 1929 жылғы 1 желтоқсанға дейін 125 адам өлім жазасына кесілді, ГПУ желісі бойынша – 152 адам атылды.
Малдан айыру. 1932 жылдың ақпан айына дейін Қазақстандағы колхоздардың 87%-ы және жекелердің 51,8%-ы малынан айырылды.
Мәселен, 1928 жылы республикада 6 509 000 бас ірі қара мал болса, 1932 жылы оның 965 мыңы, 18 566 000 қойдан 1 386 000 ғана қалды. 1928 жылдан бастап 1941 жылға дейін 3 516 000 жылқыдан 885 000 бас, 1 042 000 бас түйеден 1935 жылға қарай 63 000 бас қалған.
1933 жылдың басында қазақ даласында бұрын болған 40,5 миллион бас малдан әрең 4,5 миллион бас мал қалған.
1932 жылы РСФСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген Т. Рысқұлов Сталинге бірнеше мәрте: ... Балқаш ауданындағы (жергілікті ОГПУ деректері бойынша) 60 мың адамның 12 мыңы көшіп кетсе, 30 мың адам өлген. ... 1932 жылдың мамырында Қарқаралы ауданында 50,4 мың адам болса, ал қарашада 15,9 мың адам қалғанын мәлімдеген.
1932 жылы тамызда ҚАССР Халық комиссарлар кеңесінің төрайымы У.Исаева Сталинге: 1929 жылымен салыстырғанда бір қатар қазақ қоныстанған өңірлердегі халықтың жартысы жоқ. Өңірдегі шаруашылықтырдың мөлшері 1931 жылға салыстырғанда 23-25%-ға төмендеген – деп жазған.
Тарихшы А.Н.Алексеенконың айтуынша ...әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1 млн 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды.
Шығыс Қазақстанда 379,4 мың адам өлген немесе1930 жылғы халықтың 64,5 пайызынан,
Солтүстік Қазақстан аймағы қазақтардың жартысының көбінен – 410,1 мыңнан немесе 52,3 пайызынан,
Батыс Қазақстан 394,7 мың немесе 45,0 пайызынан,
Оңтүстік – 632,7 немесе 42,9 пайыз қазақтан,
Орталық Қазақстанда – 22,5 мың немесе осы аймақтың 15,6 пайызынан айырылды.
Басқа халықтарда да шығын аз болған жоқ: украиндер – 200 мың (23 пайыз), өзбектер – 125 мың (54 пайыз), ұйғырлар – 27 мың (43 пайыз).
Мемлекеттік саясат басқармасының (ОГПУ) бір естелігінде: 1932 жылы 1 сәуірден бастап 25 шілдеге дейін Атбасарда 111 адамның өлімі тіркелгені айтылған. Оның 43-і шілде айында өлген. 5 адам адам етін жеген – деп көрсетілген.
Жалпы қырылған қазақтың саны қанша? Босқындар ше?
Жоғарыдағы мәліметтерді жинақтағанда:
1916-1918: 1,5-2 млн. Босып кеткендер: 300 000-1 млн.. (Ашаршылық)
1919-1923: 1,7-2,3 млн. Босып кеткендер: 2-2,5 млн. (Ашаршылық)
1929-1933: 1,8-2,4 млн. Босып кеткендер: 2-3 млн. (Ашаршылық)
1937-1940: 50 мың. Сүргінге кеткендер: 70-80 мың (Қуғын-сүргін)
1941-1945: 300 мың. Оралмағандар: 600 мың. (Ұлы отан соғысы)
1979-1989: 782. Хабарсыз кеткендер: 21.(Ауған соғысы)
1986: 100. (Желтоқсан оқиғасы)
Жалпы: 5 350 882-7 050 882 адам аралығында адам қырғынға ұшырады.
Босқан, сүргінге айдалған немесе хабарсыз кеткендер – 4 970 021-7 180 021 аралығында. Олардың кемі жартысы оралмаған.
Бұл толық мәлімет емес. Неге?
Бірінші – Бұл есеп әр дәуірдегі зерттеушілер мен мемлекеттік санақтың және жария етілген құпия құжаттардың мәліметтері бойынша жасалды. Әлі де ашылмай жатқан құпия деректер бар.
Екінші – Ресей Империясы мен Кеңес Одағының алғашқы жылдарында кезінде қазақтар әскерге әкетуден сақтану, салықтан жасырыну және қазақ баласының санын айтпайтын салты негізінде жасырып, барынша төмен көрсетті.
Үшінші – Ресми билік ауыр қырғындарды жасыру үшін белігілі дәрежеде формалды санақтар өткізді немесе халықты көбейтіп көрсетті.
Төртінші – Босып барып басқа халықтарға сіңіп кеткендердің саны да бірнеше миллионға жетуі мүмкін.
Табиғи өсім қанша болу керек еді?
1900 жылы 12 миллион болған Түркия халқының саны қазір 81 миллионнан асты. Сол кезде қазақтардан саны екі еседен де аз өзбектер 31-32 миллионға жетті.
1917-1926 жылдары санымыз 10-13 млн-ға жеткені туралы мәлімет бар екенін жоғарыда келтірдік. Ал біз сол санға енді ғана жеттік. Жүз жылдан кейін – 2018 жылы қарашада 12 млн. 250 мың қазақ болдық. Жоғарыдағыдай нәубеттерден аман болғанда кемі 50-60 миллионнан асатынымыз даусыз еді.
Ашаршылықтарды геноцид немесе этноцид ретінде бағалайтындар бар
Сара Кэмерон зерттеуінде Кеңес билігі мүмкіндігі бола тұра көмектеспеді, керісінше қырылуға себепкер болды деп қарап мақсатты жасалған генодцид ретінде бағалаған.
The Wall Street Journal басылымы биыл қазанда АҚШ қос палатасының Украинада 1932-1933 жылдарда болған ашаршылықты генодцид ретінде бағаланған құжатқа қол қойғанын жариялады. Мақалада қазақ жерінде болған ауыр ашаршылық туралы да айтылған.
Әзірше қазақ билігі ашаршылық және қуған-сүргін құрбандарына арнап еске алу күнін белгілеуден аса алмады.
Қазіргі таңда кешегі қыршыннан қиылған ата-бабаларымызды 1997 жылдағы ҚР президентінің жарлығы бойынша 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Халық әр жыл сайын осы күні репрессия құрбандарын еске алады.
Жыл сайын 31 мамырда Алматы облысы, Жаңалық елді мекенінде репрессия құрбандарына арнап тұрғызылған мемориалға тағзым етеміз. Одан бөлек, қайда барып жүрміз десек, ойға ештеңе оралмайтыны белгілі. Тау-тасқа аза тұтып, аштық құрбандарын еске алудың қажеті болмас! Тым құрыса, сол жазықсыз құрбандарды еске алып, құрмет тұтудың жаңа бір жобасын ойлап табу қажет сияқты. Аштық құрбандарына қара тас қойып, мемориалды тақта ілу аздық етеді. Жазықсыз құрбандарға арналып, еліміздің әрбір аймағында ескерткіш тақталар бой көтеруі қажет. Деректі фильмдерден бөлек, көркем фильмдер де түсірілгені абзал. Ақиқат шындықты көрсететін нақты деректерге құрылған фильмдер жарық көрсе, қазақ өзінің басынан қандай зұлматтардың өткенін түсінген болар еді. Сонда ғана келешек ұрпақ Тәуелсіздіктің біздің халыққа оңай жетпегенін, сол жолда қаншама халықтың шейіт болғанын сезінер еді. Аштыққа ұрынып қырылғандардың рухына тағзым етер еді.
Айдана Боранбаева
Инновациялық Еуразия Университеті
3 курс