Оқушыларға
Дүниежүзі қазақ қауымдастығы он жылдық белесте
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық уни верситеті
Тарих факультетінің 2 курс магистранты
Орманова Гульжан Қуандыққызы
Қазақстан Рспубликасы өзінің тәуелсіздігін алған соң орын алған елеулі оқиғалардың бірі – шетелдегі қазақтардың өздерінің тарихи Отандарына оралуы болды. Бұған, әрине, дүниежүзі қазақтарының құрылтайларының жұмыстары орасан зор әсер еткені анық. Себебі барлық өткен бес құрылтайда сырттағы қазақтардың Қазақстанға келуі басты мәселе болды. Сондықтан да бұл еліміздің этникалық саясаты үшін өте маңызды үрдіс болды.
Жалпы бұндай репатриация (латынша repatriate – Отанына оралу) саясаты бірнеше әлем мемлекеттерінде жүргізілген. Израиль мемлекеті шет мемлекеттердегі еврей халықтарына арнап «Алия» («Жаңғыру») атты бағдарлама жүргізіп, отандастарының келуін «Оралу туралы Заңымен» реттеп отырса, Арменияда осыған ұқсас «Еркир» атты бағдарлама бар. Польша, Германия, Латвия мемлекеттері де өздерінің отандастарын елдеріне қайтаруға байланысты мемлекеттік саясат жүргізеді. Ресейдің «Соотечественники» бағдарламасы да осы іспеттес. Ал Орта Азия мемлекеттерінің ішінде қандастарын қайтару саясаты Қазақстан мен Қырғызстанда белсенді жүргізіледі. Қырғыздар репатрианттарын «Қайрылман» деп атаса, бұл категория Қазақстанда «Оралман» деген атаумен аталады [1].
Алайда осы «Оралман» атауы қазіргі қазақ қоғамында қызу талқылауға түсуде. Кейбір ұлт зиялылары, ақын-жазушылар мен журналисттер, т.б. шығармашылық адамдары «Оралман» сөзі «Репатриант» сөзімен пара-пар, сондықтан бұл атау өте орынды десе, ғалымдар мен түрлі зерттеушілердің көпшілігі бұл атауға қарсы. Олардың ойынша, біріншіден, «Оралман» категориясы қазақтарды біріктіру үшін емес, керісінше, бөлектеу үшін қолданылып келеді, мағынасы мәнді бұрмалайды деп айтса, екіншіден, халықаралық термин – «репатриант» сөзінің өзі дұрыс дегенді айтады[2]. Қалай дегенмен де, алғашында дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы қабырғасында талқыланған жаңа «Халықтың көші қоны туралы» Заң жобасында шетелден келген қазақтарды «отандас» деп атау ұсынылды. Алайда артынша депутаттар кеңесінде бұл «оралман» болып өзгеріп, 1997 жылдың 13 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1-ші бабына сәйкес оралмандар дегеніміз – Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шетінен тыс жерлерде тұрақты-* тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар деген құқықтық мәртебеге ие болды [3].
*Осылайша, Қазақстанға шет мемлекеттерден қазақтардың көші басталды. Оралмандар мемлекеттің көмегімен немесе кейбір бөлігі өз күштерімен Қазақстанға қоныс аудара бастады. Ең алғашқы болып келген көш 1991 жылы келді. Олар, әрине, жүйелі түрде көшпеді. Ешқандай заңнамалық негіз болмағандықтан ол кезде бұл процесс ұйымдасқан сипатта болмады.
Дегенмен де егемендіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік жүйелі бағдарлама болмаса да, өз бетімен келген шетелдік қазақтардың келуіне еш кедергілер келтірмеді. Сондықтан да болар тәуелсіз Қазақстанның алғашқы үш жылы ішінде мемлекетке барлығы ТМД, Моңғолия, Түркия, Иран сияқты елдерден 164 мың этникалық қазақ көшіп келді [4].
Ал заңнамалық негізде оралмандар мәселесі 1991 жылы 18 қарашадан бастап реттеле бастады. Себебі бұл күні Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің №711 «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ ССР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» атты Қаулысы шықты[5; 15-18 бб.]. Бұл құжат бойынша әлі «оралман» атауы қолданыста болмай тұрып, «байырғы ұлт адамдары» деп аталған. Онымен қоса аталған заң тек қана қазақтарды Қазақстанға қайтаруға ғана емес, мемлекеттегі күрделі жағдайда тұрған ауыл шаруашылығы мәселелерін де шешу көзделді. Сол мақсатта шетелдік қазақтарды елдегі аграрлық аудандарға орналастыру мен олардың жағдайларын жасауға байланысты нақты шараларды жүзеге асыру жоспарланды [5]. Сонымен қатар осы шараның жалғасы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаев өзінің 1991 жылы 31 желтоқсандағы радиодан шетелдік қазақтарға арнап сөйлеген сөзінде «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан жəне шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тəртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» деп атап өтті [6].
Шет мемлекеттердегі этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіріп алып келудің келесі заңнамалық қадамы 1992 жылғы 26 маусымдағы «Көшіп келушілер туралы» заң болды. Бұл құжатта бірінші рет «оралман»категориясы қолданылып, республикада көшіп келушілердің саны мен оларға арналған материалдық-қаражаттық ресурстар шегі белгіленген. Сонымен қатар оларды орналастыру аймақтары анықталып, әлеуметтік бейімделулеріне жағдай жасаған. Осы кезден бастап оралмандарға арналған квота ұғымы пайда бола бастады [7].
Ал Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 3 шілдедегі №578 «Өзінің тарихи отанына, оның ішінде қалалық жерлерге қайтып келуге тілек білдірген байырғы ұлт адамдарын ұйымшылдықпен қабылдау жөніндегі 1992 жылға арналған бағдарлама туралы» қаулысы бойынша шет мемлекеттерден, көбінесе, Моңғолия елінен келген қазақтардың жағдайларын жасау, көшіп келуге ниет білдіргендердің жүктерін тасымалдауға байланысты көліктік қамтамасыз етілу көзделді [8]. Оған қоса аталған қаулы мазмұны бойынша 1991 жылғы 18 қарашадағы №711 қаулысына сəйкес уақтылы зейнетақы мен жəрдемдер тағайындап, төлеу ұйымдастырылды [9].
1993 жылы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасы Президентінің «Иран Ислам Республикасынан жəне басқа мемлекеттерден отандастардың көшіп келу квотасы жəне қоныс аударуын ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы»№1184 Қаулысы шықты. Бұл заңнама бойынша шетелден келетін қазақтарға арналған квоталар берілу көзделді. Осы қаулыны орындауға байланысты сол жылы 27 мамырда Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің №437 Қаулысы нақты іс-әрекеттерге кірісіп кетті [10].
Осылайша алғаш рет Қазақстанда оралмандарға арналған квоталар облыс-облыстарға бөлінді. 1993 жылы барлығы 10 000 отбасы мемлекеттегі барлық 19 облыс аумағына Моңғолия (3000), Иран (2000), Ресей (2950), Тәжікстан (500), Өзбекстан (750), Түрікменстан (800) сияқты елдерден көшіріліп алып келу жоспарланды [11].Алайда, осы кезде тәуелсіздігін енді алып, нарықтық экономикаға өту жолындағы жас Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық жағдайының қиын болғанына және басқа да себептерге байланысты белгіленген барлық квота жүйесі осы жылы толық жүзеге асырылмады. Межеленген 10 000 отбасының орнына 9441 отбасы (немесе 45632 адам) квотамен көшіп келді [7].
Бұдан кейінгі жылдары да жыл сайын арнайы Президент жарлығымен квоталар белгіленіп отырды. Алайда, мемлекетте саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарыстың ұлғаюына байланысты жыл сайын квоталар саны азая берді. Бұл жағдайтек 2000 жылданкейін ғана өзгеріп, квоталар саны өсе бастады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 18 мамырдағы №1701 «1994 жылғы көшіп келу квотасы туралы» Қаулысы бойынша 7000 отбасыны көшіріп алып келуге жағдай жасау жоспарланды. Бұл жылғы квоталардың ерекшелігі оның 1993 жылы қамтылған мемлекеттерден бөлек, Қытай, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркия қазақтарын да қамтыды [12].Ал оларға мемлекет тарапынан жағдайлардың жасалуы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 2 тамызындағы №868 «Көші-қон жер қорын құру тəртібін бекіту туралы» қаулысында кеңінен көрініс табады [13].
Бұдан кейінгі жылдары да оралмандарға берілетін квоталардың саны жыл сайын азая береді. 1995 жылы квоталар саны 5000 болса [14], 1996 жылы – 4000 [15]; 1997 жылы – 2180 [16]; 1998 жылы –3000 [17]; ал 1999 және 2000 жылдары – тіпті, 500 отбасыға ғана квота қарастырылды [18].
Ал 2001 жылдан бастап бұл жағдай мемлекеттегі саяси-экономикалық тұрақтылық пен дамуға байланысты өсім көрсете бастады. Осылайша 2001 жылы– 600 квота, 2002 жылы– 2655, 2003 жылы– 5000, 2004 жылы– 10000, 2005-2008 жылдары – 15000 квотаны құраса [7],2009-2011 жылдары – 20 000 квотадан бөлінген болатын [19]. Бұл оң өзгерістер, бірінші кезекте, Қазақстандағы экономикалық реформалардың жүргізілуі мен әлеуметтік жағдайлардың өсуімен байланысты болғаны анық. Алайда, бөлінген квоталар барлық жылы толық игерілді деуге болмас. Себебі кейбір жылдары бөлінген барлық квоталардың бір бөлігі орындалмай қалатын кездері де болған.
Сонымен қатар Қазақстанға көшіп келген қазақтардың саны квота санымен сәйкес деген ой қате. Себебі нақты көшіп келген оралмандар саны мен квота санында айырмашылықтар болды. Мысалы, 2000 жылдарға дейін квоталар толық игерілмегендіктен немесе басқа да себептермен репатрианттар саны квоталар санынан аз болса, 2000 жылдан кейін бұл көрсеткіш әлдеқайда артты. Оған қоса өзінің ресурстарымен, мемлекеттің көмегінсіз көшіп келген қазақтардың саны да күрт артты. Ал 2012 жылдан бастап квота мәселелері үкімет тарапынан қайта қарастырылып, басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шешілетін болды [20].
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы оралмандардың мемлекетке келуіне байланысты құқықтық базаға шет елдердегі қазақ диаспораларын қолдау жұмыстарына байланысты шаралардың жоспарларын дайындады. Мысалы, 1995 жылы жобасы жасалынған заңнама ҚР Президенті 1996 жылы 31 желтоқсанда №3308 «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығымен бекітілді. Жаңа заң жобасы этникалық қазақтардың басты мәселелерінің бірі – азаматтық алу процесін біршама жеңілдетті. Осы мақсаттарға сай Ресей, Украина, Беларусь елдерімен екіжақты келісімдер жасалынды [7].
Бағдарлама кешенді іс-шараларды қамтыды жəне негізгі алты бөлімнен тұрды: ғылыми қамтамасыз ету; нормативтік-құқықтық негіз; білім беру; мəдениет, туризм жəне спорт; кітап шығару жəне бұқаралық ақпарат құралдары мəселелері; ұйымдастыру шаралары[21].
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 30 қыркүйектегі №1388 «Босқын-репатрианттардың қоныс аударуын ұйымдастыру жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысы да репатрианттардың өмірі үшін елеулі өзгерістер алып келді. Атап айтқанда, бұл құжат бойынша Үкімет құрамындағы барлық ведомостьтар мен комитеттерге оралмандарды орналастыру бойынша ерекше жағдайлар жасау бойынша нақты тапсырмалар көрсетілді.
Ал 1998 жылдың 28 шілдесіндегі №707 «Еңбек көші-қоны жəне қоныс аудару тəртібімен тарихи отанына оралған ұлты қазақ адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» қаулысы оралмандардың құжаттарын заңдастыру мен оларды рәсімдеуге байланысты нақты шаралар жүргізілді [22].
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі №1346 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының Тұжырымдамасы бойынша оралмандарға толыққанды көмек көрсету көзделді [23].Ал 2001 жылғы 4 мамырдағы №605 «Репатрианттардың (оралмандардың) отбасылары үшін тұрғын үй сатып алу ережесін бекіту туралы» қаулы репатрианттардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталды. Атап айтқанда, тұрғын-үй мәселесі қолға алынды [24]. Кейінірек бұл мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 9 шілдедегі No 748 «Оралмандарға жеке тұрғын үй салу үшінжер телімдерін беру ережесін бекіту туралы» қаулысында да көрініс тапты [25].
Осылайша дүниежүзі қазақтарының құрылтайларында қарастырылған мәселелер шетінен өз шешімдерін тауып жатты. Бұл өз кезегінде Қазақстанға келуші шетелдік қазақтардың санын арттырды. Жан-жақтағы қазақ диаспоралары Қазақстанға келіп, бас қосып, олардың бірігу процесі басталды.
Оралмандардың көшіп келуінен бастап орналасуы, құқықтық мәртебеге ие болуы сияқты өткір мәселелер өзіндік заңдық негіздерін ала бастады. Барлық мәселелер арнайы қабылданған зағнамалық құжаттар шеңберінде қарастырылып, шешімін табуы оралмандар үшін елеулі оқиға болғаны анық.
1. Репатриация // https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%A0%D0%B5%D0%BF%D0%B0%D1%82%D1%80%D0%B8%D0%B0%D1%86%D0%B8%D1%8F
2. “Оралман” сөзін олқы көрмейік // http://anatili.kazgazeta.kz/?p=1492
3. ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы // https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=31037885#pos=7;-57
4. Чем султаном на чужбине быть, лучше слугой на родине служить // Диапазон. - №79. - 4 октября 2002 г.- С.5.
5. ҚР ПМ. 7-қ. 1-т. 203-іс. 55–60-пп.
6. Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек // Егемен Қазақстан. 1992. 1 қаңтар. 1 б.
7. Альмухамбетов У. Репатриация казахов – важное направление государственной национальной политики // https://articlekz.com/article/7384
8. ҚР ПМ. 5–Н-қ. 1-т. 96-іс. 159–160-пп.
9.. Шапақ У.Ш. Оралмандарды әлеуметтік бейімдеу және ықпалдастыру қызметін ұйымдастырудың құқықтықпроблемалары // Кұқық және мемлекет.– 2013. - №1 (58). – 20-23 бб.
10. ҚР ПМ. 5–Н-қ. 6-т. 1108-іс. 1-3-пп.
11. Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы. 1998 ж., №24. 209-құжат
12. Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы. 2000 ж., №38-39. 449-құжат.
13. Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы. 2001 ж., №16. 216-құжат.
14. ҚазақстанРеспубликасының ПҮАЖ-ы. 2002 ж., №22. 231-құжат.