25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Шетелде оқу сән бе екен?






Бүгінде білім іздеген жастар үшін жол айқара ашық. Елімізде азаматтардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар қаншама?! Әлбетте, жастардың шетелде білім алып, өзге мемлекетте тәжірибе жинақтағ аны құптарлық жағдай. Бірақ шетелде білім алған жандардың кейбірі Қазақстанға оралуға құлықты еместігі тағы бар. Жалпы, жастар неге шет мемлекетте білім алуға құмар? Қазақстандықтардың шетелде білім алуы елімізге қаншалықты қажет? Ең тиімді жолын іздей ме? Шетелде білім алудың жолы көп Бұрындары «шетелде оқып келді» дегенді жиі ести бермейтін едік. Бүгінде шекара асып, білімін жетілдіріп келгендердің қарасы қалың. Алайда таяқтың екі ұшы болатындығы секілді бұл мәселенің де оңы мен терісі бар екені айтпаса да түсінікті. Білімсіздің күні ғаріп екенін түйсінген бүгінгі жастар да, ата-аналар да жоғары білім алудың тиімді жолын іздейді. Бір өкініштісі, қазіргі уақытта еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алғаннан гөрі шет мемлекетте оқыған әлдеқайда жеңіл.

Шетелдік студенттерді қуана қарсы алатын мемлекеттер ара­сын­да көш бастап тұрғандардың бірі – Қытай. Аспан асты елінің Пекин университетінде шетелдік студенттерге арналған шәкіртақылар көптеп бөлінеді. Әсіресе, қытай тілі мұғалімдерін дайындауға баса мән беріледі. Қытай университеттері техникалық және әкімшілік базаларын жабдықтау, зерттеулер жүргізіп, шетелден мамандар шақыру үшін үкіметтен қомақты көлемде қаражат алатын көрінеді. Ал аспан асты елінде білім алудың ақылы түрі жылына 2 мың доллардан аспайды. Бірақ бұл елде қытай тілін білмегендерге білім де, қызмет те жоқ.

Қазақ студенттердің таңдауы көп түсетін елдердің бірі – Чехия. Бұл елде білім алатын студенттердің қарасы қалың. Чехияның жоғары оқу орындарында оқитын қазақстан­дық студенттер көбінесе гуманитарлық ғылымдар, шет тілдері, халықаралық қатынас, бизнеске қатысты мамандықтар бойынша білім алады. Ал Жапонияда шетелдік студенттер үшін визалық тәртіп жеңілдетілген, тұрмыстық жағдай жақсартылған, жұмысқа орналастыру бағдарламалары қарастырылған. Жоғары оқу орындарында болашақ студенттерге қойылатын талаптар әртүрлі болуы мүмкін. Кей жерде жалпыұлттық бірыңғай емтихан тапсыруды талап етсе, кей жерде оқуға түсу үшін арнайы сынақтан өту қажет болады. Шетелден келетін барлық студенттерге қойылатын міндетті талап – жапон тілі бойынша біліктілік емтиханын тапсырды деген сертификаттың болуы.

Ал Малайзияда білім берудің халықаралық стандартын Білім министрлігі бақылап отырады. Барлық жекеменшік және кейбір мемлекеттік университеттерде оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, сол үшін Малайзияға шетелдік студенттер көптеп келіп, көпұлтты студенттік орта қалыптасқан. Малайзиялық және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік бағдарламаларының арқасында студенттер ең үздік деген әлемдік оқу орындарының дипломдарына қол жеткізе алады. Еуропалық жоғары оқу орында­рының рейтингінде австриялық уни­вер­ситеттердің де беделі жоға­ры. Мұндағы білім нысандары мен оқытушылар құрамының сапасын бүкіл әлем мойындайды. Жалпы, АҚШ-та мамандықтардың неше түрі кездеседі. Технологиялары жетік, таңдау мүмкіндігі көп: қай семестрде, қандай курстарды оқитынын, қай мұғаліммен, қанша сағат оқитынын студенттің өзі шешеді. Білім жүйесі жаһандық үрдістер мен жалпыәлемдік құндылықтарға негізделген. Сонымен қатар, студент кампуста өз бетінше күнін көріп, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Бүгінде аты аталған мемлекет­тер­дің барлығында дерлік Қазақстан азаматтары бар. Олардың бірі арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы білімі мен біліктілігін арттырып жатса, екіншілері өз қаражаттарымен әлемдік жоғары оқу орындарында дәріс тыңдап жүр. Қандай жағдайда да сол жастардың теория мен тәжірибені ұштастырғаннан кейін, туған елге оралып, Қазақстанның қарыштап дамуы үшін еңбек еткенін, тер төккенін қалаймыз. Бірақ еліміздегі университеттерді шетке ысырып, шетелдік оқу орнын таңдаған жастардың таңдауына шек қоюға қақымыз жоқ. Тек әрбір қазақстандықтың патриоттық сезімі жоғары болса дейміз.

Нұрғалиқызы Айкөркем журналистика 2 курс