Оқушыларға
Өмірдің мәні немесе «Мен кіммін?»
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің
журналистика мамандығының 3 курс студенті
Бимырза Әбілқайыр
Мен кіммін? Арман-мақсатым қандай? Болашағым бұлыңғыр болмас үшін талмай еңбек пен тынымсыз қызмет еткім келеді. Ең алдымен Жаратқанның жұмыр басты пендесімін. Менің де өз арман-мақсатым бар. «Армансыз адам-ормансыз бұлбұл» демей ме? Арманым мен мақсатым ұштасып жатыр. Өзім қалаған мамандықта өзім қалаған дәрежеде білім алудамын. Мақсат айқын болған жағдайда арманың асқақтай береді. Мектеп кезінде неше түрлі мамандықты игеріп, әр салаға өзіңді қойып көресің. Адам жанының арашашысы дәрігер болуды немесе бала жанының бағбаны ұстаздықты жаныңа серік етесің. Менің де алдыма қойған арман-мақсаттарым болды. Мектеп кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым. Сол қызығушылығымның негізінде түрлі байқауларға, аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлдемен оралдым. ҰБТ сынағында да еш ойланбастан қазақ әдебиеті пәнін таңдадым. Ойдағыдай балл жинап, журналистика мамандығына түстім. Қиындығы мен қызығы мол журналистика мамандығының қыр-сырын біліп, сол салада қызмет еткім келеді. Адам болып өмірге келгеннен кейін армандау керек. Мақсат қоя білу керек. Арман-мақсатсыз, үмітсіз адам болмайды. Еңсең түсіп, жігерің құм болған кезде де өзіңді өзің қолға алып, әрекет етудің жолын табасың. Өмірге не үшін келгенімді білмеймін дей алмаймын білемін. Өмірдің мәні неде екенін де түсінемін. Дұрыс емес жайттарды дұрыс деп, дұрыстарды бұрыс деп бой бермейтін кездерім де болады. Жұртқа бір мінезің ұнаса, бір мінезің ұнамайды. Яғни, бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Жұмыс көп, уақыт жоқ деп кейбір істерге еріншектік танытамыз. Бірақ, берілген істі, өзіме жүктелген міндетті уақытында орындауға тырысамын. Он пәленің тоғызы тілден демей ме? Әрбір айтқан сөзіме сақтықпен қараймын. Жұртты жамандап, асыра мақтаудан аулақпын.
Жер бетінде қанша адам болса сонша тағдыр бар. Оларға ортақ қасиет-олар адам, бірақ әртүрлі. Әркімнің өз қуанышы мен қайғысы бар. Уақыттың әр секундынан ләззат алып, мәнді де сәнді өткізгенге не жетсін?! Сен өзің кім екеніңді білесің. Бірақ оны қоғамға дәлелдеу қиын.
Мен кіммін? Ересек өмірге енді қадам басқан, мына өмірдің жақсылығы мен жамандығын айыра қарап, адамдарға деген қарым-қатынасты ұстай алатын, болашағым үшін мақсат қойған, армандаған, келешегім үшін кемел іс істей алатын адаммын. Қоғамда өз орнымның болуын қалайтын тұлғамын. Талпыныс алға жетелейді. Талпынса адам биік шыңды да бағындырады.