Оқушыларға
Туған жер — тұғырым
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Журналистика мамандығының 3 курс студенті
Меңдіғалиева Құндыз
Туған жер — адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткені және болашағымен байланыстырары ақиқат. Балалық шақтан бастап адамда Отанға деген махаббат сезімі оянады. Әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады. Менің туған жерім Есбол ауылы. Дәл осы жерде көңілді де шаттықты, уайымсыз, қайғысыз балалық шағым өтті. Ауылым Қасиетті Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Махамбет ауданынан жеті шақырым жерде орналасқан ауылды Жайық өзені бөліп жатыр. Сонымен қатар ауылға Атырау-Индер тасжолы арқылы да қатынауға болады. Жайық өзенінің жағасында Қыз Жібек балғын шағын өткізген. Осы өзенді өтіп Төлеген Қыз Жібегіне келген. Өзен суына Махамбет пен Истай әскері аттарын суарған. Жайық үшін алысып, жан беріскен. Айта кетейік, сенесіз бе Жайық суынан Александр Македонский де ауқат алған. Өзеннен өзімен-өзі шығып жатқан қара майды көріп Аристотель таң қалған. Осыдан кейін Жайықтың құдіретіне сенбеске болмайды. Қазыналы да бай тарихымызды айту, оны жеткізу келешек ұрпақ үшін керек. Шығыстың ғұламасы Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз «Тарихты білмей, өткенді қазіргі жағдайды, болашақты болжау қиын» десе, Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Бұл — тәуелсіз Қазақстанның азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихи жолын ой елігінен өткізіп, «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз? Ертең кім боламыз?» деген төңіректе ойлансын дейді. Бұл — әрбір азамат туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен де олқы еместігін түсінсін деген сөз. Бұл — әрбір азамат тарих қойнауына ойша тереңдеу арқылы өзінің ата — бабалары қалдырған осындай кең байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын» — дегенді де айтқан еді.
Ауыл кезінде мал шаруашылығы совхозы ретінде құрылған. Совхоз қосылған кезде 15 ауыл (қазіргі Еңбекшіл), 13 ауыл (қазіргі Ортақшыл), 8 ауыл (қазіргі Ақжайық) ауылдары біріккен. Түйе, сиыр шаруашылықтары жұмыс істеген. Совхоз құрамындағы ауылдар қазіргі таңда бөлек ауылдық елді-мекен ретінде құрылған. Ауылдың бүгінгі тұрмысын өткенмен салыстыруға келмейді, әрине. Бүгінгі тіршілігіне ауыл тұрғындары шүкіршілікпен қарайды. Ауылда мектеп, балабақша, клуб, дәрігерлік бөлімше жұмыс істейді. Біліммен сусындататын жаңа типтегі мектеп 2001 жылы салынған. Бүгінде мектепте 33 мұғалім, 131 оқушы бар. Ұстаздар жаңартылған білім беру бойынша түрлі курстарға тұрақты қатысып, біліктіліктерін үнемі арттырып отырады. «Айгүл» бөбекжай балабақшасында алаңсыз бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Балабақша іргетасы 1957 жылы қаланған. Қазіргі таңда екі топта 30 бала бар. 6 педагог маман еңбек етеді. Бөбекжай екі бөлмелі болса да балаларға барлық жағдай жасалған. Ауылда халыққа тұрақты қызмет көрсететін Есбол ауылдық клубы жұмыс істейді. 100 орындықты ғимараттың іргетасы 1967 жылы қаланған. 2016 жылы күрделі жөндеуден өтті. «Ақ босаға» сонымен бірге би, драма, вокаль үйірмелері бар. Әр мереке сайын халыққа қызықты да көңілді кештер ұйымдастырады. Дәрігерлік бөлімше ауыл тұрғындарына ұдайы түрде қызмет көрсетеді. Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Ауыл — қазақтың алтын бесігі, түп төркіні. Мәдениет пен діннің мәйегі. Ауыл ананың аялы алақанынан талай ұлы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, көптеген қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан жоқ па?!
Қазір бойжеттім, бірақ та өмір бойы мен үшін балалық шақтағы туған аула мен көше — менің кішкентай Отаным. Мен елімнің бір бөлшегімін, оның бүгіні мен болашағымын.