25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Жастар жылы — жаңашылдықтың негізі






Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Журналистика мамандығының 3 курс студенті
Меңдіғалиева Құндыз Аманқұлқызы


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жарияланған жолдауы жастарды бір серпілтіп, бойына ерік-жігер сыйлағандай болды. Олай дейтініміз, еліміздің болашағы — жастарға айрықша көңіл бөліп, Жастар жылын қабылдауға ұсыныс білдіруі қоғамның ауызбірлігін еселеп арттырды десек те болады. Осыған дейінгі Елбасының қай жолдауын алсақ та, жастарға қатысты тың жобалар мен бастамаларды ескеріп, жастарға ерекше көңіл бөліп келген. Бүгінгі Жолдауда да жастар мәселесі ескерусіз қалған жоқ. Жастардың білім алуы мен әлеуметтік жағдайы ерекше аталып өтіліп, келер 2019 жыл — «Жастар жылы» деп жарияланды. Біз үшін бұл — үлкен қуаныш және де үлкен мәртебе! «Ықылым заманнан бері қазақ атамыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз қалдырған. Қазақтың бұл мақаланың өзі бүгінгі күні айрықша мәнге ие болып отыр. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын күрделі, орасан қажыр қайрат пен ерік — жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл», — деп атап өтті Елбасы.

Осы жылғы жастар мәселесін қамтыған жолдауында Елбасы көптеген атқарылатын істерге тоқталған. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екендіг і белгілі. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында жазылғандай егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды, соның ішінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының қалыптасу барысында жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тірбиелеудің тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, іске қосылды.

Президент баспана мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қанша құрылыс жүргізілсе де, ірі қалаларда тұрғын үй жас отбасыларға жеткіліксіз болып отырғанын айтты. «Ірі қалаларда жылына 1 мыңнан кем емес пәтер жұмыс істейтін жастар үшін салатын боламыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке берген тапсырмасында. Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді де тапсырған еді. Елбасының сөзінше, жастардың стартаптарына қолдау көрсететін қорлардың қызметін ынталандыру маңызды міндет саналады. Осы орайда Үкіметке Жастар стартаптарын қолдаудың қорын құру тапсырылды. Президент жас ғалымдарға өз идеясын шынайы жобаларға айналдыруда көмектесу керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, «Жас маман» бағдарламасы болады. Білім алып, тәжірибе алмасып, жұмыс істегісі келетін мамандарға мол мүмкіндіктер қарастырылуда. «Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе, әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажеттігі айтылды. Елбасының жастарды ерекше атап өтуі, жастардың бойында жауапкершілік пен алдағы күнге деген үлкен сенімділікті арттырады. Жауапкершілікті алу — діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін бәріне де дайын болу деген сөз. Жастарға артылған сенім мен жаңа мүмкіндіктер үшін алғыс білдіреміз!