Оқушыларға
Мінезің - қаруың!!!
Жақсы мінез - бүкіл өміріңнің сарқылмас байлығы.
У. Гэзлит
Адамның тұрақты психикалық ерекшеліктерінің жиынтығын-мінез-құлық деп атауға болады.Әрбір адам өзінің өскен ортасына, тәрбиесіне байланысты түрлі мінез-құлықтарымен ерекшеліп тұрады. Әлемде қанша адам болса, сонша мінез-құлық бар.Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды.Өмірлік тәжірибе мен түрлі жағдайлардан қалыптасқан мінез адамның қоғамдық ортаға, тәртібіне,жұмыс жасап жатқан немесе оқу орнындағы өзін қоршаған адамдарға,тіпті өзіне қатты әсер етеді.Адамды мінез-құлқымен тануда тек оның белгілі бір жағдайларда қалай ойлап, қандай істер істейтінін аңғарсаңыз жеткілікті.Адамның басына қонған бақыттың тұрақтылығы жақсы мінез-құлыққа байланысты - деп, ұлы тұлғамыз Әл-Фараби бекер айтып кеткен жоқ деп ойлаймын. Мінез арқылы адам үлкен жетістіктерге жете алады. Қандай жағдай болмасын өзін сабырлы ұстап, шыдамдылық таныта білсе бағындырар белес қалмайды. Көп жағдайда адамдар бір қателік жасап, сүрініп жатады. Сол болмашы сүрініске бола бүкіл өмірін кінәләп,әрбір атқан таңын өкінішпен өткізіп жатады.Неге, сол бір сүріністі бізге берілген сынақ деп қабылдамасқа?! Қателіктен сабақ алып, шыңдала түспеске?! Арман қуып үлкен қалаға келгенде адамның мінезі күрт өзгереді. Себебі, ол қазір үйіндегі ата-анасының қасындағы ерке қыз не ұл емес. Ол қазір үлкен қаланың тұрғыны, студент. Мінезінің қаталдану шағы осы кезде болады. Себебі, қоғамда болып жатқан әділетсіз жағдайларда мінезі арқылы өз-өзін қорғай білу қажет. Қасындағы достарына, араласып жүрген адамдарына байланысты мінез де солай ыңғайланады.Жан-жақтан арман қуып келген өзі сияқты студенттермен араласып, ішінен өзіне мінезі ұқсайтын жанына жақын жанды тауып, сонымен шерін тарқататын болады.Университетте ол өзіне жүктелген жауапкешілікпен өзін үлкен қоғамның бір бөлшегі, Қазақстанның азаматы екенін сезіне бастайды.Қоғамдық өмірге белсене қатысатын достары болса, ол да белсенділік таныта бастайды.Ол өзінің өмірінің 180 градусқа өзгергенін байқамай да жатады.Сіздің қандай ортаға түсетініңізге байланысты барлығы.Сондықтан, ортаны дұрыс таңдап, өзіңізге әр басқан қадамыңыз үшін есеп беріп, ой елегінен өткізіп отырыңыз. Әрбір оқуға келген студенттік алған қойған мақсаты ата-анасының үмітін ақтап, жақсы маман иесі атану. Ата-анамыз бізбен мақтан тұтса деген бір ой...
Жамбыл Айсулу Даниярқызы