24 Қараша, Жексенбі

Оқушыларға

Химиялық элементтердің адам ағзасындағы рөлі






№16 колледж МКҚК
Сапа менеджменті жүйесі
Орындаған: Қ-55 топ студенті Ұзақбай Қамарсұлу Серікқызы
Жетекшісі: Айтенова Нұргул Ыдырысқызы

Адам ағзасы химиялық элементтерді әр түрлі концентрлейді, яғни микро- және макроэлементтер мүшелер мен ұлпаларда әркелкі таралады. Макроэлементтер – көміртек, сутек, оттек, азот, фосфор – нәруыздың, нуклеин қышқылдарының және ағзаның басқа да биологиялық белсенді қосылыстарының құрамына кіреді. Нәруыздардың құрамында көміртек 51 – 55%, оттек 22 – 24%, азот 15 – 20%, сутек 6,5 – 7%, күкірт 0,3 – 2,5%, фосфор шамамен 0,5%. Көміртек, сутек және оттек көмірсулардың және липидтердің (майлар), ал фосфор, фосфолипидтердің құрамында фосфатты топтар түрінде болады. Көп мөлшерде липидтер бас миында, бауырда, сүтте, және қансұйықтығында концентрленеді. Сутек және оттек – макроэлементтері су молекуласын түзетіні белгілі, ал, ересек адам ағзасының шамамен 65%-ы су болып келеді. Су - маңызды еріткіш және ол адамның мүшелерінде, ұлпаларында және биологиялық сұйықтықтарда әркелкі таралған, асқазан сұйығының, сілекейдің, қан плазмасының, лимфаның 99,5%–дан 90%–ға дейінгі аралығын құрайды.

Кальций

Кальций де негізінен сүйек және тіс ұлпаларында концентрленеді. Ол жасуша құрамына еніп, сүйек құрауға, жүрек және бұлшықеттерінің жұмысына қатысады, қанның ұюын қамтамасыз етеді. Ересек адамдарға тәулігіне 0,5 грамм кальций жеткілікті. Ол сүйекті қатайтуға аса қажет. Кальций – сиыр мен қой сүті, сүтпен жасалатын түрлі тағам – ірімшік, сүзбе, сүтсірнеде (сыр) мол. Қара бидай наны мен жұмыртқаның сары уызыда кальцийге бай. Ағзаға бір тәулікке қажет кальций алу үшін жүз грамм сүтсірне немесе жарты литр сүт жетеді. Ағзада кальций тұздарының жетіспеушілігі сүйек ұлпасының дұрыс емес дамуына, тістер (кариес) ауруына, кейбір ферменттердіңбелсенділігі төмендеуіне, орталық жүйке жүйесінің қызметінің бұзылуына әкеп соқтырады.

Фосфор

Сүйек ұлпасындағы фосфордың негізгі мөлшері – 600 г. Ол адам ағзасындағы барлық фосфордың 85% – ын құрайды. Фосфор тістің қатты ұлпаларында концентрленеді, ал табиғатта кальций, хлор, фтор элементтерімен қосылыстар түрінде, фторапатиттер құрамында кездесетіндігі белгілі. Фосфор тұздары. Фосфор тұздарының ағза үшін маңызы сүйекті қалыптастыруға қатысумен шектелмейді. Фосфордың органикалық қосылысы – аденозинүшфосфат қышқылы мен креатин – биологиялық қышқылдану барысында босайтын қуаттың нағыз аккумуляторы болып табылады. Ағза бұлшық еті жиырылғанда, сондай–ақ мида, бауырда, бүйректе және басқа мүшелерде жүретін биохимиялық үрдістерде қуатты нақ осы қосылыстар түрінде пайдаланады. Міне, сондықтан бұлшық еттер көп жұмыс істеген кезде фосфатты қажетсіну едәуір артады. Егер ол ересек адамға тәулігіне 1 – 2 грамм мөлшерінде қажет болса, ауыр дене еңбегімен шұғылданатын жұмысшыға немесе үлкен қашықтыққа жүгіретін спортшыға бұл қажеттілік екі есе дерлік артуы мүмкін. Адам денесінде фосфор қосылыстары көп. Фосфор қышқылының қалдығы жасуша ядроларында нәсілдік қасиеттер беретін аса маңызды заттарға – нуклеопротеидтерге, май тектес заттарға – фосфатидтерге және көмірсулардан тарайтын әр түрлі заттарға міндетті құрамдас бөлік ретінде кіреді. Фосфор мал мен өсімдік өнімдерінде мол. Өсімдік өнімдерінен бөлінген қосылыстар ағзаға нашар сіңеді, өйткені нашар ериді. Фосфор ірімшікте, сүзбеде, етте өте көп.

Микроэлементтер

Микроэлементтердің көпшілігі бауырда, сүйек және бұлшық ет ұлпаларында жиналады. Бұл ұлпалар көптеген микроэлементтердің негізгі қоры. Элементтер кейбір мүшелерге тән болып табылады және онда концентрациясы жоғары болады. Мысалы, мырыш – қарын асты безінде, йод – қалқанша безінде, фтор – тіс кіреукесінде, алюминий, мышьяк, ванадий – шашта, кадмий, сынап, молибден – бүйректе , қалайы – ішек ұлпаларында, стронций – қуық безінде, сүйек ұлпасында, барий – көздің пигментті қабатында, бром, марганец, хром – гипофизде және тағы басқаларда жиналады. Натрий және хлор жасуша аралық, ал калий және магний жасуша ішіндегі сұйықтықтарда кездеседі. Натрий және калий фторид түрінде сүйек және тіс ұлпаларында болады. Магний фосфат түрінде тістің қатты ұлпаларында болады. Сонымен қатар, микроэлементтердің ағза үшін физиологиялық маңызы өте жоғары.

Мыс

Мыс – денсаулыққа өте пайдалы микроэлементтердің бірі. Егер ағзада мыс жетіспесе, бауырда қорланған темір гемоглобинмен байланысқа түсе алмайды. Мыстың мөлшерінің аз немесе көптік шамасының көрсеткіші- адамның шашы. Мыстың мөлшері төмендеген кезде немесе жетіспеген жағдайда шаш тез ағарады. Мыс қанға оттектің өтуін қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде жасуша, ұлпалар оттекпен жақсы қамтамасыз етіледі. Мыс көптеген ферменттердің құрамына кіреді, ұлпалардағы тотығу реакциясын жылдамдатады.

Темір

Темір элементінің рөлі денсаулық үшін өте зор. Егер темір жетіспесе, баршамызға белгілі анемия немесе қан аздық ауруы пайда болады. Бұл элементтің ағзадағы тәуліктік мөлшері 11-30 мг. Адам қанында 3 г жуық темір бар. Оның мөлшері көрсетілген шамадан төмен болса, қанның қызыл жасушасының, яғни гемоглобиннің түзілуі нашарлап, тыныс алу функциясы төмендейді. Темір ағзаға сырттан түседі, тамақтың құрамындағы темір ионы он екі елі ішектің жоғарғы бөлігінде қанға сіңеді. Темірдің ағзаға дұрыс сіңбеуі асқазандагы тұз қышқылының жетіспеуінен немесе темірдің ақуызбен байланысының нашарлауынан болады.

Йод

Йод - өмірлік маңызы бар элемент. Ол қалқанша безі үшін құрылыс материалы (қалқанша без – йод жинақтаушы мүше). Өкінішке орай, бұл микроэлемент ағзада жасалмайды, адам оны тек ас, тағам арқылы алады. Сыртынан қарағанда йод жетіспеушілік білінбейді, ал тапшылық сезілсе түрлі ауруларға шалдықтырады, яғни шаршау, түрлі жұқпалы ауруларды тез қабылдағыштық, белсіздік және ақыл – ой кемістігі. Адам күнделікті өсімдік және жануартекті өнімді қабылдағанмен, ағзаға қажет мөлшердегі дәрумен мен микроэлементтердің орнын толтыра алмайды. Ағза йодты синтездей алмағандықтан, тіршілік үшін күнделікті йоды бар тағамдарды пайдалану есебінен қажет мөлшерін толтыру қажет.

Ультрамикроэлементтер

Ультрамикроэлементтер – сынап, алтын, уран, торий, радий және т.б. Олардың ағзадағы мөлшері 15% – дан төмен. Бұл элементтер адам ағзасында қажетті мөлшерден көп болатын жағдайда көптеген аурулар пайда болады. Себебі, олар – токсиндік металдар болып табылады. Дегенмен, ағза үшін маңызы зор әрі біршама үрдістерге қатысады.

Шаш және тырнақ күтімі.

Адам терісінің ең өсімтал бөлігі – шаш пен тырнақ. Ол адамның миын күн сәулесі мен суықтан сақтайды. Әр шаштың өзінің өмір сүру мерзімі бар. Шаш сырт көзге өз қалпын сақтап тұрғанға ұқсағанмен, шын мәнінде күніне 100 тал шаш түсіп, 100 тал шығып отырады.
Шашты аптасына 1 рет жуған жөн. Өте суық күндері бас киімсіз шығуға болмайды.
Қолдың тырнақтарын аптасына 1 рет алса, аяқ саусақтарының тырнақтарын екі аптада бір рет немесе айына бір рет алады.
Ал енді дұрыс тамақтану ережелеріне келер болсақ;

Табиғи дәрумендер

Денсаулығымыздың ең жақын көмекшілері – дәрумендер. Олар біз танысатын «бөлімшеде» жеміс-жидек, көкөністерде өте көп мөлшерде болады.

А дәрумені

Теріге, шырыштың бөлінуіне, сүйектер мен тістердің қатаюына қажет. Малдардан алынатын тағамдарда болады: бауырда, сары майда, ірімшікте, жұмыртқада, балықтың майында, сары-қызыл, жасыл түсті көкөністер мен жеміс-жидектерде: шабдалы, итмұрын, қара қарақат, қарбыз, бұрыш, қырыққабат, ақжелкен, сәбіз, көк жуа т.с.с.

В дәрумені

Ағзадаға зат алмасуды реттейді, қанның түйіршіктерінің қалыптасуына, асқазан –ішек қызметін қалыптастырады және т.б. В тобы дәрумендерімен қаныққандар: жармалар, астық тұқымдастар, атбас бұршақ, сүт және ет тағамдары, жұмыртқа, көкөністер, жаңғақтар.

С дәрумені

Немесе аскорбин қышқылы, қан түйіршіктерінің қалыптасу процесіне қатысады, зақымданған тері мен шырыштың бөлінуін қалпына келтіреді, иммунды жүйенің белсенділігін арттырады.

Д дәрумені
Сүйектер мен тістердің қатаюын, ағзадағы кальции мен фосфордың алмасуын реттейді.

Е дәрумені
Барлық зат алмасу процесіне қатысады. Өсімдік майларының құрамында: күнбағыс, жүгері, соя. Сонымен қатар жұмыртқа сары уызы, бауыр, атбас бұршағы, қарақұмық сұлы дәруменіне өте бай.

К дәрумені
Қанның ұю процесіне қатысады. К дәруменінің негізгі көздері: итмұрын, орамжапырақ, сәбіз, қызанақ, мыңжапырақ.

Темір
Эритроциттер клеткаларын қалыптастыруға қатысады. Бауырдың, атбас бұршақтың, көкөністердің, шабдалының, қойбүлдіргеннің құрамында болады.

Кальции
Сүйектердің және тістердің, нерв жүйесінің, жүрек және бұлшықеттердің қалыптасуына қажет. Сүт тағамдарының, көкөністердің, жеміс-жидектердің құрамында болады.

Әдебиеттер тізімі:
• Химиялық элементтердің адам ағзасына әсер ету мөлшерін зерттеу, Ekzamen.kz.
• Адам бойындағы элементтер сыры, Ақтөбе газеті.
• https://kk.wikipedia.org/wiki.